Қожалықтың басшысы Серік Өндірханның жермен айналысқанына 10 жылға жуықтаған. Алғашында 2005 жылы туған жеріне оралған Серік азғантай жер алып, майбұршақ егумен айналысқан. Оның да өзіндік табысын көріп, тынбай еңбектенеді. Кейін жылыжай салып, көкөніс егуді қолға алады. Жұмысы алға жылжып, жер көлемін 5 гектарға ұлғайтып, мол өнім алудың жолын қарастырады.
Қожалыққа тиесілі жерге бұрыш, картоп, қырыққабат, қызанақ егіп, нарықтық бағаға шығарып, саудалайды. Соңғы жылдары бағаның күрт өсуіне байланысты мемлекет ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарына мемлекеттен субсидия бөліп, бағаны тұрақтандыруға қолдау көрсетіп келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланған ол азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігі шеңберінде 30 тонна картоп пен қырыққабатты белгіленген сомада сату туралы міндеттеме алды. Яғни «Жетісу» ӘКК арқылы 0,01%-бен 8 млн 200 мың теңге займ алған. Қазір бұл өнімдерді кәсіпкер тиісінше 150-130 теңгеден саудалауда. Жалпы, биылғы маусымда 150 тонна қырыққабат пен 80 тонна картоп жинауды межелеп отыр.
Биыл өнімі мол шығып, табысы да молая түскен. Ауданның орталық базарынан 120 шаршы метр орын алып, өнімдерін сол жерде саудалайды. Төмен бағамен саудалау аудан халқына өте ыңғайлы. Бүгінде төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Айлықтары тұрақты беріліп, істеген еңбегіне қарай төленеді. Науқанда барлығы 10 адам жұмыс істейді. Оларға жұмыс ауқымына қарай күніне 6 мың теңгеден жоғары төлем жасалады. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде сарқандық фермер көкөніс көлемін арттырып, халыққа қолжетімді бағамен саудалап отыр.
Бүгінде 5 гектар жер тамшылатып суарылады. Серік Өндірханның жоспары бойынша, бұрыштан – 30 тонна, қызанақтан – 20 тонна, қырыққабаттан – 150 тонна, картоптан 150 тонна өнім алмақ. Қазір ерте пісетін өнімдерін сатып, жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Қырыққабат пен картоп өнімі жай піседі. Ол қысқа сақтауға арналған. Арнайы сақтайтын орын да дайын тұр.
– Болашақта жер телімін ұлғайтуды көздеп отырмын. Мемлекеттен көптеген көмек беріліп жатыр. Бұған дейін өз күшімізбен жұмысты игерген болатынбыз. Мемлекеттің қолдауы біз секілді шаруа қожалықтарына өте тиімді. Сол арқылы шаруамызды дөңгелетіп отырмыз. Ерінбеген адамға жұмыс табылады, тек еңбектену керек. Көкөністердің барлығы табиғи таза өнім, денсаулыққа өте пайдалы. Сатушы да, сатып алушы да дән риза, – деді С.Өндірхан.
Шамамен 6 гектар жерде фермер картоп, қызанақ, тәтті бұрыш, ақ қырыққабат пен бейжің қырыққабатын өсіріп отыр. Тамшылатып суару жүйесін енгізе бастағалы жұмысы ілгерілеген. Соның нәтижесінде, бір түбірден 600 грамға дейін жергілікті сорт тәтті бұрышын жинады. Картоп пен қырыққабаттың әрқайсысы – 2 гектардан, тәтті бұрыш пен қызанақтың әрқайсысы – 800 сотықтан. Фермердің айтуынша, қырыққабаттың кеш пісетін сорты сонау қара күзге дейін тұра береді. Бұл сорттың артықшылығы сол, жоғары өнімді, ұзақ сақталады, тасымалға икемді. Қырыққабат көктемге дейін өз дәмін де, пайдалы қасиеттерін де, түрін де бұзбай сақтала береді.
«Бау-бақша өсірумен 8 жылдан бері айналысамын. Тарихи отаныма орала салысымен жермен жұмыс істеуді соя өсіруден бастадым. Кейін жылыжайда көкөніс өсірдім, биылдан бастап ашық топырақта өсіріп отырмын. Әу бастан-ақ халықты сапалы, экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдым. Мемлекеттік қолдау арқылы кәсібімнің іргесін кеңейтіп, жеңілдетілген несие алдым. Қазір Сарқан ауданының аумағында арзан бағамен көкөністерімді сатып жатырмын», дейді С.Өндірхан.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы Сарқан ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, өткен 7 айда 17 млн теңгеден астам ауыл шаруашылық өнімдері өндірілген, нақты көлем индексі – 104,5%, өңір бойынша бірінші орында. Мұндағы көкөніс – 672 га, жиналғаны – 327,9 га, орташа шығымдылығы – 290 ц/га астам, қазіргі кездегі жалпы жиынтығы – 9,5 мың тонна. Оған қоса 972 гектар жерге картоп себілген, соның 732 гектары жиналды, жалпы жиналғаны 15,5 мың тонна, орташа шығымы – 212,4 ц/га.
Жетісу облысы