Әлем • 18 Қыркүйек, 2022

Шекарадағы шиеленіс тағы өршіді

1939 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс төрт күн бұрын басталған. Екі елдің шекара қызметтерінің хабарлауынша, атысты тоқтату туралы билік арасындағы келісімдерге қарамастан, сенбі күні таңертең атыс қайта жалғасқан.

Шекарадағы шиеленіс тағы өршіді

Шекарадағы қақтығыстан 24 адам қаза тапқанын хабарлады жұма күні Қырғыз Респуб­ликасының Денсаулық сақтау министрлігі. «Жедел мәліметтер бойынша, Баткен облысының денсаулық сақтау ұйымдарына 24 адамның мәйіті жеткізілді», делінген хабарламада.

Қырғызстан Денсаулық сақ­тау министрлігінің мәліметі бо­йынша, қарулы қақтығыстан 87 адам зардап шеккен. Олардың бәрі ауруханаға жеткізілген. Жараланғандардың көпшілігі жарылыстан зардап шеккен, бірнеше адамға оқ тиген. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қақтығыс аймағынан 136 мыңнан астам азамат эвакуацияланғанын хабарлады.

Қырғыз президентінің бас­пасөз қызметі Садыр Жапаровтың ШЫҰ саммитінен оралып, ше­кара­дағы жанжалды реттеу үшін үкіметпен жиын өткізіп жатқанын жеткізді.

Қақтығыстың қалай басталғаны белгісіз. Қырғызстан тарапы бұған Тәжікстанды кінәлап, атысты бастауға итермеледі деген пікір білдірген. Өз кезегінде Тәжікстан қырғыз шекарашылары себепсіз оқ жаудырғанын мәлімдеді. Екі ел бір-бірін шекараға ауыр әскери техника өткізіп, өзара келісімді бұзды деп айыптап, шекара заставалары мен елді мекендерді атқылағанын алға тартты. Қырғызстан Тәжікстан елшілігіне бұрын қол жеткізілген келісімдерді бұзғаны туралы наразылық нотасын тапсырды.

Қырғызстанның шекара қыз­меті тәжік шекарашыларының Қыр­­ғызстан аумағындағы елді ме­кен­дерді басып алуға талпын­ғанын ай­тып отыр. Дау туған Баткен об­лы­­сының кей аймағында елдің аза­мат­тары қатар мекендейді. Сон­дай-ақ анклав мәселесі де күйіп тұр.

Сенбі күні Баткен облысында төтенше жағдай жариялан­ды. Бір күн бұрын облыс орталығы, шекара сызығынан 10 шақырым жердегі Баткен қаласын Тәжікстан тарапы зымыранмен атқылаған. Бұқаралық ақпарат құралдары­ның хабарлауынша, азаматтық инфрақұрылым зардап шеккен. Баткен облысындағы өкілетті өкіл Әбдікәрім Әлімбаев Тәжікстан әскерилері басып алған қырғыз ауылдарының бәрінен шыққанын мәлімдеді.

Кейін Қырғызстан шекара қызметі күндізгі сағат 12 жарым шамасында тәжік жағының Ош облысы Чон-Алай ауданында Тешик-Таш, Карамык және Кароол-Добо ауылдарындағы қырғыз шекарашыларының беке­тін миномет және артиллерия­мен ат­қы­лағанын хабарлады. Оның ал­дында Баткен облысының Баткен және Лейлек аудандарында қақтығыс болған.

Ал Тәжікстан шекара қызметі өз кезегінде қырғыз жағын атыс­ты тоқтату туралы келісімді бұз­д­ы, шекарадағы тәжік ауылда­рын атқылады деп айыптады. Ведомство қырғыз жағының шека­раға қосымша күштер мен техника әкелгенін байқағанын мәлімдеді.

Бұған дейін Тәжікстан тарабы 16 қыркүйекте кешке қыр­ғыз әскерінің тәжік ауылдарын ат­қылап, дронмен шабуыл жа­сағанын алға тартқан еді. Мешіт­тердің біріне де соққы жасалғаны туралы айтылды.

Қазіргі уақытта тараптар ше­кара­лық аймақта атысты тоқта­ту режімін бақылауға келісті. Қыр­ғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook парақшасында халыққа үндеу жолдады. «Тарих көрсеткендей, шекара мәселесі сақ­тық пен ұстамдылықты қажет етеді», деген ел басшысы Қыр­ғыз­стан­ның «бір шаршы метр жері­нен де бас тартпайтынын және ұлт­тық мүддені нық қорғайты­нын» атап өтті. Тәжікстан прези­денті Эмомали Рахмон әзірге шекара­дағы жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.

Екі ел арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 980 километр­ді құрайды. Соның жартысына жуығы, яғни 400 шақырымы то­лық­қанды бөлінбеген. Соған бай­ланысты осы маңда жиі-жиі жанжалдар туып тұрады. Әсіресе шекара маңын­дағы 70 даулы жерге қатысты шиеленіс әлі күнге жалғасып келеді.

Жалпы, Ферғана атырабы аталып кеткен өңірде шекара мәселесі өте өзекті. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, дәл осы маңда үш ел – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан шекаралары қиылысады. Түрлі есептеулерге сүйенсек, мемлекеттер түйіскен тұста жылына он шақты жанжал болып тұрады екен.

Екіншіден, шиеленістің басым бөлігі, әсіресе анклавтар орна­ласқан жерлерде өтеді. Өздеріңізге мәлім, анклав мемлекеттің бір бөлігін басқа ел толықтай қоршап жатуы. Бүгінде Ферғана атырабында 8 анклав бар. Оның төртеуі – Өзбекстанға, үшеуі – Тәжікстанға, біреуі – Қырғызстанға тиесілі.

Дау-жанжалдың негізгі себебі – әдетте су мен жер мәселесі. Шекара маңындағы ауылдарды мекендеген тұрғындар бір құдықтан су ішіп, бір жайылымға мал өрістетеді. Сондықтан да мұндай қақтығыстың жиі болуы түсінікті. Мәселен, Кок-Таш ауылындағы «Головной» су бөлу орталығын тәжіктер де, қырғыздар да пайдаланады.

Өкінішке қарай, Ферғана атырабында түйіскен мемлекеттер анклав мәселесі мен шекара дауын түпкілікті шеше алған жоқ. Соның салдарынан тұрғындар да келіспей қала береді.

Бұл екі ел үшін де зиян екені айтпаса да түсінікті. Өйткені шекара маңындағы кез келген түсініс­пеушілік түптің-түбінде қарулы қақтығысқа ұласады. Оның салдары қандай болатынын Армения мен Әзербайжан арасындағы шие­леністен жақсы білеміз. Тіпті екі тараптың дауы өңірдегі онсыз да қал­тырап тұрған негізгі инфрақұрылымның бұзылуына әкеліп соғуы ықтимал. Бұдан қарапайым тұрғындар да, мемлекет те зардап шегеді.

Қырғыз-тәжік шекарасын демаркациялау және делимитациялау процесі 2002 жылы Тәжікстан елдегі азаматтық соғыстың зардаптарын жойғаннан кейін басталды. Тәжікстан 1924-1939 жылдардағы карталарға, ал Қырғызстан 1958-1959 және 1989 жылдардағы кар­таларға сүйенетіндіктен келіс­сөздер қиындап жатыр.

20 жыл ішінде шекарада 100-ге жуық қақтығыс болды, екі жақ­тан зардап шеккендердің көбеюі­не байланысты шекара тұрғын­дарының қарым-қатынасы жыл сайын нашарлап барады.

Биліктің кез келген жеңілдік­тері мен екі жақтың ымыраға келу әрекетіне жергілікті халық наразы. Карнеги қорының қызметкері Темур Умаров БиБиСи агенттігіне берген сұхбатында жерді беру немесе сату Э.Рахмон үшін де, С.Жапаров үшін де жеңілуді білдіретінін алға тартады.

«Дүние жүзіндегі тәжіктер­ді қорғаймын деп жүрген адам қалайша Қырғызстанға сонда тұра­тын тәжіктері бар жерді «береді»? Ал керісінше: Жапаров осын­дай әрекет жасаса, ол өзінің негізгі электоратының жаппай нара­зы­лығына тап болуы мүмкін. Ал мұндай қадамсыз аумақтық дау­ды шешу мүмкін емес. Ең тиімді, бірақ ешкімге ұнамсыз шешім – жерді беру», дейді Т.Умаров.

Айта кетерлігі, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс басталған кезде екі елдің президенттері ШЫҰ мемлекет басшыларының саммитіне қатысу үшін Самарқандқа барған-ды. Қазіргі таңда сарапшылар мұның қаншалықты сәйкестік екеніне бас қатырып жатыр.

Екі тараптың шекараға байланысты қақтығысуы биыл бірінші рет емес. Бұған дейін көктемде де шекараның тынышы кеткен еді. Соның салдарынан 78 адам жараланып, 34 адам қаза тапты. Жанжал Ақсу өзенінде орналасқан «Головной» су тарату орталығындағы келіспеушіліктен басталған. BBC арнасының хабарлауынша, Тәжікстан шекарашылары өзен маңындағы даулы нүктеде видеокамера орналастыруға кіріскен. Бұған сол маңдағы Қырғызстан тұрғындары қарсылық көрсеткен.

Сол кезде Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекара­сын­дағы жағдайға байланысты мәлім­деме жасаған-ды. Онда Мем­лекет басшысы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдау­шылықпен қабылдағанын жеткізді.

«Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек бейбіт жолмен шешетініне сенім­дімін. Өз тарапымнан мәсе­ле­ні шешу­дің тиімді жолдарын қарас­тыруға және өзара сенімді қайта қал­­пына келтіруге күш салуға дайын­мын. Орталық Азия мемлекет­тері басшыларының кезекті консуль­тативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақ­тығыс­тар­ды реттеудің тетіктерін қарас­тыру қажет деп санаймын», делінген мәлімдемеде.

Қорыта айтқанда, Қырғыз­стан мен Тәжікстан арасы әлі де ушығып тұр. Әзірге бұл мәселенің шешілер түйіні көрінбейді.