Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2022

Бекасыл мұрасына арналды

490 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда әулие Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық V форум өтті.

Бекасыл мұрасына арналды

Форумға қатысушылар ша­ра басталмас бұрын Бекасыл баба кесенесіне барып, құран бағыштады. Музейімен таныс­ты. Кеңесарық ауылындағы ес­керткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қасқасуда қазақ-қырғыз зия­лылары бас қосқан Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойына Қазақстан Прези­дентінің кеңесшісі Мәлік Отар­баев ар­найы келіп, Президенттің құт­тықтауын жеткізді.

«Қасиетті Түркістан топы­рағында дүниеге келіп, ұлт руха­ниятының дамуына зор үлес қосқан ғұламаның «Зикзал» ат­ты еңбегі халқымыз үшін асыл мұра. Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап, оның «Зик­зал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған» делінген Президент құттықтауында.

Сондай-ақ атаулы шараға бел­гілі қаламгер, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Қырғызстан­нан келген делегацияның басшысы, халық ақыны Кожогелді Күлтегін мен осы ел Жоғарғы Кеңесінің экс спикері Зайнидин Құрманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қал­қаманов қатысса, форум модераторы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек болды. Спикерлер баба мұрасы туралы ой қозғап, рухани іс-шараның деңгейін көтерді.

Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты тағылымы мол шығармасы жайында Зәріп­­бай Оразбай, аңыз-әңгімелері жа­йында Сауытбек Абдрахманов, Алтынбек Құр­манов арнайы баяндама жаса­ды. Анарбек Орман «Зикзал» еңбегінің практикалық мәні туралы пікірін ортаға салды.