Театр • 20 Қыркүйек, 2022

«Жазылар естеліктер мен туралы...»

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім, Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің. Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім», – деп жырлаған ақиық ақынның өлеңдерін балауса жас та, еңкейген қария да жатсынбай оқиды. Шайырдың келбетін заман талабына сай кескіндеу, ол жайлы жүрек тербер естеліктерді көрермен көз алдында қайта тірілту нағыз сахна шеберлерінің қолынан ғана келері хақ.

«Жазылар естеліктер мен туралы...»

Мұқағалидай болмысы бөлек, жырларының жаратылысы күр­делі ақынды театр сахнасына жүрек­сінбей алып шығуға ілуде бір өнер ұжымының бел байлайтынын көріп жүрміз. Ж.Аймауытов атындағы Пав­лодар облыстық қазақ музыка-драма театры былтыр айтулы тұлғаның 90 жылдығына орай «Есіңе мені алғайсың» атты музыкалы-поэтикалық кештің тұсауын кесіп, театрда екі күн қатарынан аншлаг жасаған еді.

Хантәңірінің мұзбалағы Мұқа­ға­ли­дың сондағы шынайы бей­не­сін керекулік жұрт жылы қабыл­даған болатын. Биыл аталған өнер ұжымы жаңа маусымның шымыл­дығын сол туындымен түрді. Ақын тағдырындағы қат-қабат қиын­шы­лықтар мен қайғы-мұңға құрылған қойылымға бұл жолы да жергілікті өнерсүйер қауым тайлы-таяғы қал­май жиналды.

Кеште ақынның сөзіне жазылған «Ана, сен бақыттысың», «Күрең күз», «Бөпем-ай», «Құмған алған», «Мен деп ойла», «Қазағым-ай», «Сарыжайлау», «Отан», «Қара­сазым-ай» және тағы да басқа әндер симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалды. Мұқа­ғали образын былтырғы премьера­дағыдай актер Бауыржан Манатбек сомдады. Драматургиясын Нұркен Тұрлыбек жазған бұл қойылымда заманауи жаңашылдық, ізденіс бай­қалады. Бір сағаттан астам уақыт­қа созылатын кеш көрерменді бір­ден баурап, жалықтырмайтын сазды, сағынышты ауанда өрбиді. Ақынның нәзік жанын түсіну үшін бұл кешті поэзияны сүйіп оқитын қауым міндетті түрде көруі керек деп түйдік. Қараөлеңнің құдіреті арқылы қазақ поэзиясында өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалды­рып кеткен Мұқағали жайлы бұл қойы­лым келешекте театр репер­туарындағы орны бөлек, жүгі сал­мақты дүниенің біріне айналатынына сендік.

Театр басшысы Арман Темірбек өздерінің алдағы күндері Астана мен Қарағандыға гастрольдік сапар жоспарлап отырғандарын айтты. Одан соң Орал қаласында болатын моноспектальдер фестиваліне Шекс­пирдің «Король Лирімен» қатыспақ ниетте екен.

– Биыл көрермендеріміз үшін қараша айында «Премьералар ап­та­лығын» өткізбекпіз. Соның аясын­да 3 бірдей спектакльдің тұса­уын кесеміз. Әзірше тұсаукесер жоспар­да тұр, бірақ оның сахналық әрленуіне, әртістерді даярлауға бі­раз күш жұмсауға тура келетін сияқ­­ты. Сондай-ақ Алматыдан театр­ сыншыларын шақырып, сахнаға ал­ғаш рет шығарғалы отырған спек­таль­дерімізді талдатып алсақ дейміз. Осы маусымда қатарымызға жаңадан 2 жас актер қосылады деп күтіп отырмыз, – дейді театр директоры.

Айтуынша, өнер мекемесінде біраз жылдан бері қордаланып қал­­ған мәселелер бар. Әртістер ел ара­­лағанда жүріп-тұратын ша­ғын автобус өте ескі, алыс жолға жарамсыз. Оның үстіне театр қыз­меткерлерін баспанамен қамту мәселесі өткір тұр. Бір жыл­дары 9 бөлмеден тұратын жатақхана берілген екен. Аядай ғана бөлмелер отбасын құрып, үйлі-баран­ды болғандарға тарлық етуде. Сондықтан облыс басшылығы бұл мәселеге назар аударса екен деген тілегін жеткізді. Жуырда облыс­тық мәслихаттың хатшысы Ернұр Әйткенов бастаған бір топ халық қалаулысы арнайы келіп, мұндағы жағдаймен танысып кеткен көрінеді. Депутаттар тобының сол сапарында қаузалған мәселелер бойынша нәтиже шығарына сеніп отыр.

Сөз арасында Арман Темір­бек облыстардағы театр қызмет­керлерінің еңбекақысы өте төмен екенін, биылдан ұлттық мәртебеге ие республикалық театр актерлерінің жалақысы артып жатқаны жуық арада өңірлерге де оң тәжірибе болып енгізілсе екен деген үкілі үмітін де жеткізді. Аз ғана жалақыға актерлер тұрмақ, театрдың техникалық қызметкерлерін ұстап отыру да қиын шаруа көрінеді. Бұл бұйымтайларды облыстың мәдениет саласына жауапты шенеуніктер ескереді деген ойдамыз.

 

Павлодар облысы