Қала әкімі Ерболат Досаев даму бағдарламасын әзірлеу үшін Алматы әкімдігінің қызметкерлері және түрлі қызмет салаларының 130-дан астам сарапшысы 5 ай бойы жұмыс істегенін айтты.
«Біз ауқымды жұмыс атқардық. Қазіргі стратегиялық жоспарлар мен халықаралық тәжірибе, оның ішінде әлемдік мегаполистерді дамытудың басты трендтері мен қағидаттары зерделенді, сын-қатерлер ескерілді, қала тіршілігінің барлық саласындағы жағдайға талдау жасалды, тұрғындардың мыңдаған өтініштері қаралды», деді шаһар басшысы.
Алдын ала есептелгендей, бағдарламаны іске асыру үшін 6,1 трлн теңге қажет. Бұл тартылған жеке инвестициялардың басым бөлігін немесе 55%-дан астамын құрайды. Оның ішінде осы үш жылда 1,3 трлн теңге тарту жоспарланып отыр, ал қалған 2 трлн теңгеден астамы – орта мерзімді перспективада 2030 жылға дейін қарастырылмақ.
Е.Досаев 2030 жылға дейін the Global Livеability Index TOP-70 индексіне енуге талпыну керегін жеткізді. Бұл – қалалардың жайлылық деңгейінің интегралды индексі. Онда тұрғындардың өздері қаладағы өмір сүру жайлылығын 30-дан астам көрсеткіш бойынша бағалайды. Алматыны аталған индекстен өмір сүру жағдайлары жайлы, әлемнің озық технологиялары, инновациялары мен сапалы адами капитал үшін тартылыс нүктесі ретінде көру көзделген.
«Алда бізді ең қиын іс күтіп тұр. Бұл – белгіленген жоспарларды тиімді іске асыру мәселесі. Қойылған міндеттерді жоспарлы және кешенді іске асыру үшін жекелеген іс-қимыл жоспарлары қабылданады, жол карталары әзірленеді және жобалық офистер құрылады», деді қала әкімі.
Даму бағдарламасында 7 негізгі бағыт айқындалған. Яғни жайлы қала, тұрақты экономикалық өсу, басқарылатын урбандалу, әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық, Жасыл Алматы, Алматы – смарт сити, қауіпсіз қала. Бағдарлама алматылықтардың ұсыныстарына негізделгенін айта кету керек. Биыл шілде айында қала тұрғындары даму бағдарламасының негізгі басымдықтарына 1 280 түсініктеме жіберген.
АЛМАТЫ