Спорт • 20 Қыркүйек, 2022

Дәулетке дән ризамыз

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Белградта өткен әлем чемпионаты барысында Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) атқару комитетінің мүшесі Ненад Лалович қазақ балуаны Дәулет Шабанбайға Олимпия ойындарының қола медалін салтанатты түрде табыс етті.

Дәулетке дән ризамыз

Дәулеттің қандай мықты балуан екенін жанкүйерлер жақсы біледі. 96 және 125 кило салмақ дәрежелерінде күш сынасқан ол еркін күрестен өткен көптеген республикалық және халықаралық жарыста атой салды. 2008-2016 жылдар аралығында Азия чемпио­натында төрт күміс және бір қола медальды иеленді. 2014 жылы Азия ойындарында қанда­сымыздың жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуіне тамаша мүмкіндігі болды. Небір мықты қарсыластарды жолынан ығыс­тырған Шабанбай финалда Иранның атақты балуаны Парвиз Хадидке есе жіберді. Нәти­же­сінде жерлесіміз күміс медальды мойнына ілді.

2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарын жап-жақсы бастаған Дәулет шешуші тұста ұтылып, бесінші орында қалып қойды. Бірақ арада бірер жыл өткеннен соң бас жүлдені олжалаған өзбекстандық Артур Таймазов пен күміс жүлдені иеленген грузиялық Давид Модзманашвилидің допинг қолданғаны анықталып, олар өз атақтарынан айырылды. Соның нәтижесінде ирандық Комейл Гасеми мен ресейлік Біләл Маховтың екеуі де Олимпия ойындарының жеңімпазы деп танылса, қазақстандық Дәулет Шабанбайға қола медаль табыс етілді. Дәл сондай жүлдені америкалық Тервел Длагнев те иеленді. Осылайша, араға 10 жыл салып, ғаламдық доданың медальдары өз иелерін тапты. Ал қазақ жанкүйерлері Дәулет үшін дән риза.