«Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді.
БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды.
Бізге БҰҰ Жарғысының ережелерін бекітуге, көпжақтылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттемелердің жүзеге асырылуын күшейтуге, жаңа сын-қатерлерге қатысты нақты шешімдерді келісуге және Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр», деді Мемлекет басшысы
Бұл ретте келесі жылы Ұйымға мүше мемлекеттер министрлерінің кездесуі аясында өтетін консультацияларға Қазақстанның қатысатынын, сондай-ақ 2024 жылы өтетін Болашақ саммитін асыға күтетінін айтты.
«Біз жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға қарсы қабылданатын қарапайым іс-шаралардан оларды болдырмауға және сапалы болжауға, сондай-ақ саяси бағыттарды стратегиялық жоспарлау және әзірлеу аясындағы бағалау әдістерімізді жұмылдыруға көшуіміз керек», деді Президент.
Сонымен қатар Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынғанын еске салды.
«Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында өтетін Саммитте АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз.
2030 жылға дейін сегіз-ақ жыл қалды. Осыған дейін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге COVID-19 пандемиясы, «үш әлемдік дағдарыс» (климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы), сондай-ақ дүниенің әр бұрышындағы қақтығыс ошақтары кедергі келтірді. Кеш болмай тұрғанда бұрынғы даму соқпағына түсуіміз керек.
Біздің негізгі басымдығымыз - ықтимал тұрақсыздыққа қарсы тұруға қабілеттілік, сондай-ақ орнықты, теңгерімді және инклюзивті түрде қайта қалыпқа келуді қамтамасыз ету», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осылайша, Президент Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізу қажет деп есептейді. Сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнату керек деген пікірде.
Қазіргі дағдарыс жағдайы мен геосаяси текетірестердің күшеюін ескере отырып, БҰҰ аясында халықаралық шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды болдырмау жұмыстарын жүргізу қажет.