Қоғам • 21 Қыркүйек, 2022

Адам құқығы – басты мәселе

1637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында көтерілген айшықты мәселелердің бірі – адам құқығының қорғалуы. Әсіресе отбасындағы тұр­мыстық зорлық-зомбылық – елімізде түйіні шешілмей тұрған өзекті проблема.

Адам құқығы – басты мәселе

Былтыр «Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң қоғамның тал­қысына түсіп, қайсыбір қай­шы­лықтары болғандықтан қа­был­дануы кейінге қалған еді. Де­ректерге сүйенсек, зорлық-зом­былық сипатындағы қылмыс­тар­­дың 6-7 % отбасында жасалады. Оның 90 пайызында зардап шегуші тарап – әйелдер. БҰҰ-ның статистикалық мәліметіне жүгінетін болсақ, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Мұның 1,8 млн-ы – әйелдер. Сондықтан да бұл заңның мақсаты – қоғамның әлеу­меттік әлсіз тобын, яғни әйел­­дер­ді, жасөспірімдер мен қарт­­тарды қорғау.

Бұл заң қандай да бір әрекетті не әрекетсіздікті құқық бұзушы­лық­тың түріне жатқызып, мынау қылмыс, анау қылмыс емес деп жаңалық ашып отырған жоқ. Мұндай мақсатты қоймайды да. Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтар отандық заңнамада, айталық Қылмыстық кодексте, Әкімшілік құқық бұ­­зу­­шылық туралы кодексте бұ­рын­нан анық­талып қой­ған. Сон­­дықтан бұл заңның атқа­ра­тын қызметі бөлек, ол – тұр­мыста орын алатын зорлық-зом­­былықтың жолын кесуге ба­­ғытталған кешенді құқықтық ме­­ханизм.

Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилизмнің 30 пайызы отбасы мүшелері, 40 пайызы туысқандары тарапынан орын алады екен. Бұл осы тұрғыдан келгенде өте қажет заң. Десе де бұл заңды қабылдау бірқатар теориялық мәселені дұрыс шешуді қажет етеді. Біздің қоғамды ұстап тұрған отбасы институты екенін де ескеруге тиіспіз. Оның үстіне баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Конституцияда «Отбасы мен неке, әке мен ана және балалар мемлекеттің қорғауында болады» делінген (27-баптың 1-тармағы). Алайда заң жобасында «жыныстық бостандық» ұғымы абсолюттендірілуі себеп­ті, бұл отбасы құндылығына салқынын тигізуі ықтимал.

Айталық, некедегі әйел кү­йеуін зорлады деп қылмыстық жа­уап­қа тартқыза алады. Әлемнің 1/3-де, яғни 60-тан астам елдің қылмыстық заң­намасы некедегі әйелдің ерік-ықтиярынсыз жы­­ныс­тық қатынасқа түсуді зорлау қылмысы деп таниды. Түсі­нік­ті мәселе, ерлі-зайыпты екенбіз деп әйел адамның ар-намысы мен қадыр-қасиетін таптай­тын жы­ныс­тық әрекетін күшпен орын­дату зорлық ретінде танылады.

Алайда бұл тыйым неке инс­ти­тутының фундаментальды функ­циясы – өмірге ұрпақ әкелу қыз­метіне зиянын тигізбеуге тиіс. Белгілі француз антропологі Ролан Нурбердің «Барлық дәстүрлі қоғамда неке заңды күшіне тұңғыш бала өмірге келген сәттен бастап қана енеді» деген сөзі бар. Қарап отырсақ, не­кенің заңды мәртебеге ие бо­л­уының, қоғам мен мемлекет тара­пынан қорғау объектісіне айна­луының мәні де осы – өмір­ге ұрпақ әкелу қызметін атқа­румен тікелей байланысты. Сон­дықтан жыныстық бостандық ұғымы мен неке институтының арасындағы қайшылық ақылға сыйымды этикалық нормалар арқылы алынуға тиіс. Біржақты қарау – зиянды. Талқылау мен пысықтау қажет.

Батыстың заңдарын ен­гізуде туындайтын тағы бір үлкен мәселе – адам құқығы. Кон­с­ти­туцияда адам құқығы мемле­кет алдында басымдыққа ие болатындығы анықталған (1-баптың 1-тармағы). Бұл жерде тек мемлекет алдын­дағы басымдық туралы сөз болып отыр ма, жоқ әлде қоғам алдында да басымдыққа ие дегенді білдіре ме? Қоғам конституциялық қаты­нас­тың дербес субъектісі ме? Олай болған жағдайда (әсіресе адам құқығына қатысты) консти­ту­циялық мәртебесі қалай анық­та­лады? Қоғамдық мүдде мен адам құқығы тұжырымының ара­сын­дағы қайшылық қалай алынады деген сұрақтар туындайды.

Қалай болғанда да бұл заң­ның өмірге келуі құқықтық мә­де­ние­тімізге оң және елеулі өзге­ріс­тер әкеледі. Тек тізеге басып емес, сауатты талқылау арқылы өмірімізге енуі қажет.

 

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,

заң ғылымдарының кандидаты,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы