Спорт • 21 Қыркүйек, 2022

Аңыз ойыншылар кортпен қоштасты

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Нью-Йоркте АҚШ-тың ашық біріншілігі өтіп жатқан кезде жасы 41-ге таяп қалған атақты теннисші Серена Уильямс үлкен спортпен қоштасатынын ресми түрде жариялады. Өткен аптада Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерер де дәл сондай мәлімдеме жасады. Ал аттары аңызға айналған сол саңлақтар жайында біз не білеміз? Оларды ұтқан қазақстандықтар бар ма? Бүгін осы тақырыптың төңірегінде әңгіме өрбітуді жөн көріп отырмыз.

Аңыз ойыншылар кортпен қоштасты

Серена Уильямс 1981 жылдың 26 қыр­күйегіне АҚШ-тың Мичиган штатындағы Сагино қаласында дүниеге келді. Көпбалалы отбасында туып-өскен қыздарын әкесі балауса шағынан тенниске баулыды. Солардың арасынан суырылып шыққан Винус пен Серена уақыт оза әлемнің ең мықты теннисшілерінің санатына еркін қосылды. Екеуі де кезінде дүние­жүзілік рейтингте ұзақ уақыт бойы көш бастады. Серена 1996 жылды 216-орынмен қорытындыласа, келесі жылы WTA рейтин­гінде 22-орынға көтерілді. Содан кейін-ақ оның өрлеу кезеңі басталды. Ол ұзақ уақыт бойы әлем­дік рейтингте көш бастады. Амери­калық спорт­шының қол жеткізген табыстары төмендегідей:

- Олимпиада чемпионы (2012)

- Жұптық сайыста Олимпиаданың үш дүркін чемпионы (2000, 2008, 2012)

- Жекелей бәсекеде «Үлкен дулыға» сана­тындағы турнирлердің 23 дүркін жеңімпазы (2002-2017)

- Жұптық сайыста «Үлкен дулыға» сана­тын­дағы турнирлердің 14 дүркін жеңімпазы (1999-2016)

- Миксте «Үлкен дулыға» санатындағы тур­нирлердің 2 дүркін жеңімпазы (1998)

- WTA қорытынды турнирінің бес дүркін жеңімпазы (2001, 2009, 2012-2014)

- WTA турнирлерінің жекелей сайыстарында 72 рет топ жарды

- 319 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы атағын сақтап тұр.

о

Қазақстанның бұрымдыларымен Серена Уильямстің жолы 15 мәрте қиысты. Соның 14-інде ол жеңіс тойын тойлады. АҚШ тен­нисшісі Ярослава Шведованы бес рет, Юлия Путинцева мен Зарина Диасты үш рет, Галина Воскобоева мен Сесиль Каратанчеваны бір рет ұтты. Ең соңғы 15-кездесуінде Уильямс Елена Рыбакинаға есе жіберді. Бұл 2021 жылы бол­ған еді. Парижде ұйымдастырылған Ролан Гаррос турнирінде жерлесіміз шау тартып қалған әйгілі теннисшіден 6:3, 7:5 есебімен басым түсті.

Роджер Федерер 1981 жылдың 8 тамызында Швейцарияның Базель қаласында дүниеге келді. Оның әке-шешесі де кезінде әуесқойлар арасындағы жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Содан кейін ұлдарының мықты ойыншыға айналуына барынша еңбек сіңірді. Роджердің өзі бозбала шағынан Гер­манияның атақты теннисшісі Борис Бек­керге еліктеп өсті. Алғаш рет ол 2003 жылы «Үлкен дулыға» турнирлерінде топ жарып, көпшілік назарын өзіне аударды. 22 жасында толағай табысқа қол жеткізген Федерер одан кейінгі 20 жыл уақыт аралығында қандай жарыстарға қатысса да, басты фавриттердің бірі саналды. Швейцарияның мақтанышының бағындырған белестері мынадай:

- Жұптық сайыста Олимпиада чемпионы (2008)

- Жекелей бәсекеде Олимпиада чемпионы (2012)

- Жекелей бәсекеде «Үлкен дулыға» сана­тын­дағы турнирлердің 20 дүркін жеңімпазы (2002-2017)

- АТР әлемдік турының 6 дүркін жеңімпазы (2003, 2004, 2006, 2007, 2010, 2011).

- Жекелей бәсекеде АТР турнирлерінің 101 дүркін жеңімпазы

- Жұптық сайыста АТР турнирлерінің 8 дүркін жеңімпазы

- 319 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы атағын сақтап тұрды

- Дэвис кубогының жеңімпазы (2014)

Роджер Федерердің әлі де аса жоғары деңгейде ойнауына әлеуеті жететін еді. Олай деуге негіз, оның қай жарысқа қатысса да, жар­ты жолда сүрінген кездері сирек. Бірақ түрлі жарақаттары жиі-жиі мазалағаннан кейін Роджер кортпен қоштасуды құп көр­ді. Бұл спортшымен Қазақстанның бірнеше теннисшісі кездесті. Бірақ олардың ешқайсысының даңқты ойыншыға әлдері жетпеді.