Білім • 21 Қыркүйек, 2022

Ана тілінде оқып жүр...

497 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тіл – ұлттың жаны» деген сөздің мәні тереңде. Ана сүтімен да­ри­тын тілге деген құрмет, мектеп табалдырығын аттаған әр бала үшін әліппемен жалғасатыны қандай жағымды! Жо­ғал­тып алған «Әліппені» араға жылдар салып, қайта қолға алудың астарында да тілге деген тұнық жанашырлық жат­қан­дай.

Ана тілінде оқып жүр...

Биыл білім беру мекеме­ле­рінде қазақ тілін оқытуға қа­тыс­ты ауқымды өзгеріс ен­гі­зіл­гені халыққа оң әсер қал­дыр­­ғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұхбатында «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұ­рыс» деген болатын. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баланың жаста­йынан ана тілінде тәрбие алуы­на мүмкіндік беретін жоба биыл мектеп бағдарламасына енгізілгенін жеткізген-ді. Яғни қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілінде оқып, орыс тілі пәнін 2-сыныптан, ағылшын тілі пәнін 3-сыныптан бастап оқитын болды. Әрине, мектеп табалдырығын аттаған оқушыға осыған дейін қолданылып келген бірден үш тілді меңгеру бағдарламасы өте қиынға соққан еді.

Міне, енді кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған ба­ла­­қайлар «Әліппесін» қолына алып, ана тілінде сауат ашып жат­қанына айға жуық уақыт өтті. Елордадағы Ақселеу Сей­дім­бек атындағы №54 мектеп-лицейінде биылғы оқу жы­лында 1-сыныпқа 239 бала қабылданып, 9-сынып бо­йын­ша әр сыныпта 26-29 оқу­шы­дан білім алуда. Аталған оқу ошағына барып, білім беру бағ­дарламасына енгізілген өзге­ріс­тер бойынша мұғалімдер мен ата-аналар қауымымен пікір­ле­сіп қайтқан едік. 1-сынып мұғалімі Бақыткүл Ысқа­қова ұстаздар қауымы шә­кірт­­­терінің ана тілінде оқып, білім алып жүргеніне өте қуа­ныш­ты екенін жеткізді.

«Елу жылда – ел жаңа» дейді аталарымыз. Озық технологияны меңгерген жаңашыл ұстаздар алдында отырған шәкірттерінің еңбекқор, тәрбиелі, инабатты болып өсуі жолында еңбек ете­ді. Бізге артылған басты жүк – ру­хани тұлғаны, туған елінің тілі мен мәдениетін, әдебиетін білетін, ең бастысы, ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, ана тіліміздің игілігін арттыру жолында мәңгілік елдің азаматы болуға лайықты ұрпақ тәрбиелеу», дейді Б.Ысқақова.

Ал 1 «а» сыныбында оқитын оқушының ата-анасы Жанар Байтуғанова қазақ тіліндегі мектеп бағдарламасының бүгінде тілге жеңіл тимейтіндігін айтады.

– Қазақ тіліндегі мектеп бағ­дар­ламасы күрделі. Себебі кітаптағы берілген тапсырмаларды түсіндіру бары­сын­да сөздердің ішінара үй­лесім таппауы көп кездеседі. Оқулық оңай тілмен жеңіл әрі миға қонымды етіп жазылуы керек. Ауызекі тілде әрең сөйлеп жүрген ата-анаға бұл үлкен қиын­дық тудырады. Әлбетте, сы­­нық­қа сылтау іздеген қоғам­ның көңілінен шығу оңай емес. Десе де, жұмыла көтерген жүктің сал­мағы шаң-тозаңындай болары сөзсіз. Алдағы он жылда қазақ тілінде емін-еркін ойлап, ашық сөйлей алатын жас буын қатарын күн санап көбейте беру қажет. Бұл үшін ұлтым, тілім, дейтін әрбір жан әуелі өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, тілге деген құр­метті өзінен бастағаны дұрыс.

Мектеп-лицейінің 1 «ғ» сы­ны­­­бының ата-анасы Аяулы Ошан­­байқызы биылғы оқу жылы мек­теп табалдырығын жаңадан ат­та­ған балдырғандар үшін ерек­шелікке толы бол­ғанын, ана ті­лін­де білім алып жат­қан бала­лар­ға да, өзіне де ұнағанын, бұған дейін ағылшын тілі мен орыс тілі алғаш мектепке барған оқу­шыларға ауыр тиіп келгенін жет­кізді.        

Ал 1 «а» сыныбының ата-анасы Гүлім Төлен қызын мектепке берерде қай тілде оқыту туралы көп ойланғанын айтты.

«Үйдегі қазақы тәрбиеміз бөлек, киелі шаңырақ – мек­теп­тің тәлім-тәрбиесі өз алдына бір бөлек қой. Ұлымды орыс мектебіне бергенімді ескере келе, қызымды қазақ мектебінде оқытуды жөн санадым. Себебі баланың жарты күні мектепте өтеді, қазақша оқумен қатар қазақы тәлім-тәрбие де алады. Қыз балаға келешек ана деп қарайтын болсақ, бойына осы біліммен қатар ұлттық тәрбиені де сіңіру керегін қаладым. Ал ағылшын тілі мен орыс тілінің 1-сыныпқа қосылмағаны балаға көп жеңілдік болды. Балаға әуелі ана тілін толық үйрету Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жа­салған үлкен бастама деп түсі­не­мін», дейді ол.

Білімнің оңай жолмен кел­ме­сі анық. Жас ұрпақ білім ғасырында тек білім алуы қажет. «Әліппенің» әр әрпін оқып, жадына тоқып жатқан жас өрендер ана тілінің бар бояуын сіңіріп өссе, елге, ұлтқа риясыз қызмет ететін көшбасшылар осы ортадан шығатыны кәміл.