Қоғам • 21 Қыркүйек, 2022

Еуропа елдерінен ерекшелігіміз ескерілсе...

1736 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ елі дүние жүзіндегі тоғызыншы территорияны еншілеп отыр. Ұшқан құс­тың қанаты талатын кең-байтақ жері­мізге Франция, Германия, Ұлыбритания, Испания, Аустрия, Нидерланд, Жа­пония елдері бірге сыйып кетеді екен. Бұл – Қазақстанның Еуропа мемлекеттері­нен басты ерекшелігі. Алайда осы ма­ңызды ерекшелік еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық даму бағдарларын айқын­дау кезінде кейде жете ескерілмей, еуропа­лық стандарттарды жөнді-жөнсіз тықпа­лаудың аяғы өкінішті салдарларға әкеліп соғып жатады.

Мәселен, бұрын әрбір шағын ауылдың өзінде медициналық пункт жұмыс істеп, науқасқа шалдыққан адамдарға алғаш­қы медициналық-санитарлық қызметті көр­се­туші еді. Өкінішке қарай, Үкімет «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы» 2009 жылғы 9 сәуірдегі №494 қаулысымен ауылдық елді мекендердегі денсаулық ұйымда­рын «оңтайландыруды» жөн деп шешкен. Сөй­тіп тұрғындарының саны 800 адамға жетпейтін шағын ауылдардағы медициналық пункттердің бірсыпырасы жабылды. Ал біразында қызмет істеп тұрған фельдшер­лік-акушерлік пункттер қызметкерлері­нің саны қысқартылып, медициналық пункт­терге айналдырылды. Халқының саны 2 мың адамға жетпейтін ауылдардағы дәрі­герлік амбулаториялардың штаты да «қай­шыға ілініп», фельдшерлік-акушерлік пункттер болып қайта құрылды. Сондай-ақ тұрғындарының саны 10 мың адам­ға жетпейтін ауылдық елді мекендердегі ауруханалардың дәрігерлері де қысқартуға ұшырап, мұндай денсаулық сақтау ұйым­дары дәрігерлік амбулаториялар ре­тін­де қалдырылды. Осындай еуропалық стан­дарттарға сай «оңтайландыру» халық ден­саулығына теріс әсерін тигізгені анық. Әсі­ресе қысы қатал солтүстік өңірлерде қатты боранды күндері жолдар жабылып, «Жедел жәрдем» көліктері өте алмай қалатындықтан, дәрігері жоқ ауылдардағы талай науқас дер кезінде тиісті медициналық көмекті ала алмай қиналып, денсаулық жағдайын нашарлатып алғаны, ал қайсыбірі жантәсілім болғаны жасырын емес.

Бұдан төрт жылдай бұрын Қарағанды облысының шалғайындағы Шет ауданының Ақжал кентіне жолымыз түскен еді. Сонда жергілікті тұрғындар 4 мың адам тұрып жат­қан кенттегі аурухана қысқартылып, дәрі­герлік амбулаторияға айналдырылғанына үлкен реніш білдірген. Себебі олар әбден тозығы жеткен жалғыз «Жедел жәрдем» көлігімен машақат шегіп, аудан орталығы мен Балқаш қаласындағы ауруханаларға барып емделуге мәжбүр болып жүр екен. Олар жабылып қалған аурухананы қайтадан ашу­ға, тым болмаса науқастарды тасымалдауға ыңғайлы заманауи реанимобиль бөлуге көмектесуімізді сұраған. Ақжалдықтардың осы мұқтаждығын кейін сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошановқа жеткізгенбіз. Ол Ақжал кентіндегі дәрігерлік амбулаторияны реанимобильмен қамтамасыз ету мәселесін бірден шешіп берген-ді. Ал бұрынғы аурухананы қалпына келтіру Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Медици­налық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек... Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жү­зеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алды­мен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.

Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды», деді. Президент айтқан 650 ауылдық елді мекен­нің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемесіз қалғаны – Үкі­мет­тің жоғарыда аталған қаулысының салдары. Оны дайындаған Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері – «асфальтта өскен» һәм Еуропада білім алған мамандар болар. Оларды министрлікке жауапты қызметке тағайындамас бұрын ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдарына жұмысқа жіберіп, нақты өмір шындығын көрсетіп алу керек еді, әрине...