Экономика • 21 Қыркүйек, 2022

Жүгерінің жаңа буданы

626 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпы, Жетісу өңірінің егіншілік саласында көші ілгері. Биылдың өзінде 80 мың гектарға жуық алқапқа жүгері егілді. Соның 26 мың гектардан астамы соңғы 60 жыл ауқымында жүгеріні жетекші дақыл ретінде баптап келген Жаркент өңірі егіншілерінің еншісінде. Сондықтан болар соңғы жылдары егін жинау науқанының алдында облыс жүгерішілерінің басым бөлігі Жаркент өңіріне жиналып, алқалы кеңес құрып жүр.

Жүгерінің жаңа буданы

Дәстүрлі түрде өтетін егін­шілер жиыны биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы Жетісу аймағы ғана емес, Қазақстанның бірқатар облысынан да жүгері өндірісіне қызығатын азаматтар шекара шебіндегі ауданда бас қосты. Жаркент өңіріне жиналған даңғайыр кәсіпкерлер «Пионер» буданын өсіру технологиясы» тақырыбында аймақтық семинар-кеңес өткізді. Негізінен жүгері өнді­рісімен шұғылданатын Пан­филов, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле және Ескелді аудандарының жүгерішілері мен ауыл­шаруа­шылық мамандары, ғалымдар бас қосқан алқалы жиын аудан­дағы элиталық жүгері тұқымын өсіретін «Ернар» ЖШҚ базасында ұйымдастырылды.

Семинарға жиналған қауым алдымен Alem Agro, «Джон Дир», BNK Group, Eurasia Group сынды дүние жүзі мен Қазақстанда белгілі, егінші­лікке қажетті техникаларды, тыңайтқыштарды, басқа да химикаттарды тарататын ком­паниялардың көрмеге қойған өнімдерін тамашалап, «Ернар» ЖШҚ жаңа технологиямен өсіріп, сынақтан өткізіліп, енді жаңа тұқым түрінде өндіріске ұсынылатын Американың «Кортева Агрисаенс Қазақстан» компаниясының «Пионер» жүгері сұрыптарының алқа­бымен танысты.

«Жалпы АҚШ-та «Кортева» компаниясы 230 жылдан бері басқа дақылдармен бірге жүгері тұқымын өндіріп, әлем елдеріне таратып келеді. Ал компания шығарған жүгерінің «Пионер» сұрыбының өндіріске енгеніне 95 жыл болды. Біздің елде бұл сұрыптың будан бренді 2006 жылдан бері өсіріледі. Осы жолы Жаркентке оның өндіріліп жүрген 6 бренді мен 5 жаңа будан тұқымын диқандарға көрсетуге әкелдік», деді осы компанияның Қазақстандағы агрономиялық қолдау бойынша маманы Нұрлан Құлмұратов.

Жүгерішілердің алқалы жиы­ны да алқап басында ұйым­­дастырылды. Семинар жұмы­сын Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек жүгерінің отаны саналатын Панфилов ауданында өндірісті барынша өркендетіп, ха­лықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға қолдау көрсетіп жүрген, элиталық тұқым тарататын, озық технологиялар мен техникалар, тыңайтқыштар, гербицидтер ұсынып отырған кәсіпорындардың өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Кеңесте Аграрлық несие серік­тестігінің Жетісу облыс­тық филиалының дирек­торы Ізбасар Жүсіпбеков егін­шілерге 6-7 пайыздық жеңіл­дікпен қаржылай қолдау көр­сетуге қауқары барын жет­кізді. Ал АҚШ-тың «Кортева Агрисианс Қазақстан» компа­ния­сының Қазақстандағы өкілі Татьяна Кудрина осы кеңес­те жүгерішілерге таныстыры­латын «Пионер» жүгері тұқым­дарының жерсінуі мен өнімділігі жөнінде әңгімеледі.

Кеңестің қорытынды сөзі «Ернар» ЖШҚ жетекшісі Тасқын Жапарқұлға ұсыны­лып, ол қожалықтың сұрып­ты сынау телімінде сынақтан өткен «жүгерінің» жаңа тұқым­дарына сипаттама жасады. Сонымен қатар қожалық жетекшісі жүгері дақылын өсірудің жаңа технология­ларына да кеңінен тоқталды.

 

Жетісу облысы