Үкімет • 22 Қыркүйек, 2022

Ұлт денсаулығы – маңызды мәселе

1176 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылдың бірінші жарты­жылдығында ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру халық денсаулығының негізгі көр­сеткіштерін жақсартуға мүмкіндік бергенін хабарлады.

Ұлт денсаулығы – маңызды мәселе

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге жетті

Ведомство басшысы ұлттық жобаның негізгі мақсаты өмір сүру ұзақтығын арттыру екенін атап өтті. Жоба 4 бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша міндеттер, нәтижелердің көрсеткіштері және іске асыру іс-шаралары белгіленген. 2021 жылы 26 іс-шара іске асырылып, 17 көрсеткішке қол жеткізілді. 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 34 іс-шараны орындау және 17 көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. А.Ғиният биылғы бірінші жартыжылдықтағы іс-шараларды жүзеге асыру қоры­тындыларына тоқталып өтті. Ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету шеңберінде өткен кезеңде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына қаралу саны 51 млн қабылдауды құрады. Жедел жәрдем қызметі 4 млн-ға жуық шақыртуға қызмет көрсетті, медициналық авиация 1 мыңнан астам ұшуды жүзеге асырды. Ста­цио­­нарларда шамамен 1,5 млн науқас ем­делді, 350 мыңнан астам операция жа­салды, 200 мыңға жуық әйелді босан­дыру жүргізілді. Өткен кезеңде күр­делі және жоғары технологиялық меди­циналық қызметтердің 80 түрі бойын­ша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

«Онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін Гамма-пышақ және ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді, онда 300-ден астам операция жасалды және 400-ге жуық пациент емделді. Семей қаласының ядролық медицина орталығының бірегейлігін атап өткім келеді, онда өндірістен диагностика мен емдеуге дейін отандық радиофармпрепараттар толық циклде қолданылады», деді А.Ғиният.

Шалғайдағы ауылдардың 1 млн-нан астам тұрғыны үшін 149 жыл­жы­малы медициналық кешен кон­сультациялық-диагностикалық қыз­меттер, скрининг, дәрі-дәрмек ұсы­на отырып, медициналық көмек көрсетілді. Биыл 10 өңірде 38 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Сала­матты Қазақстан» медициналық пойыз­дарының жұмысы қайта жанданды. Ауылдық елді мекендерде 6 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқ­талды, 17 объекті салынуда, ғимарат­тарды жалдау арқылы 8 объектіні ашу жоспарланған. Сонымен қатар ау­дандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рент­ген аппараттарымен жабдықтау 84%-ға дейін жеткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Адамға бағдарланған тәсіл» медициналық-санитарлық алғашқы көмектің озық практикаларының жобалары енгізілуде.

Биыл Алматы облысының Еңбек­шіқазақ ауданында озық практикалар көрсету бойынша Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінің 53 мүше-мемлекеті үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаң ашылды. «Алтын сағат» принципін шұғыл пациенттерге қамтамасыз ету үшін көп­бейінді аудандық орталық ауру­ханалардың деңгейінде Жамбыл облы­сының Шу қаласында жұмыс істеп тұрған 12 ауруханаға ауданаралық аурухана ұйымдастырылды. Астана және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынып жатыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халыққа қым­бат тұратын медициналық қызмет­тердің қолжетімділігі артты. Қазіргі уақытта 886 мыңға жуық қымбат меди­циналық қызмет көрсетілді.

«Медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақы­сын 2023 жылға қарай эконо­микадағы орташа жалақыдан 2 есе жоға­ры деңгейге дейін жеткізу мақса­тында жыл сайын арттыру бойын­ша шаралар қабылдануда. 2022 жылы дәрігерлердің орташа жала­қы­сы 421 мың теңгеге дейін жеткізіл­ді. Бұл ретте орта медицина қызмет­керінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады. Жоғарыда көрсе­тіл­ген іс-шараларды іске асыру арқы­лы ауылдық елді мекендерді меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмек­пен және консультациялық-диаг­нос­тикалық қызметтермен қамту жоспар бойынша 47% болғанда, 49%-ға дейін жеткізілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейдегі меди­циналық көмектің көлемі 56%-ға дейін жеткізілді», деді Денсаулық сақтау министрі.

 

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2 300 бала дүниеге келді 

Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдерді жеке және пәнаралық босануға дейінгі бақылаумен қамту 2%-ға ұлға­йып, 82%-ды құрады, жүктілікті ерте анық­тау коэффициенті 10 аптаға дейін 11%-ға өсіп, 40%-ға жетті. Бұл жүкті­лік­­ті уақтылы анықтауға және жүкті­лік­тің мүмкін асқынуларын болжауға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2021 жылдан бастап 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7 мың квота бөлуді көз­дейтін «Аңсаған сәби» арнайы бағ­дар­ламасы іске қосылды. Бағдар­ла­маны іске асыру кезінде 3 мыңнан ас­там әйелде жүктілік басталды, көптен күткен 2 300 бала дүниеге келді.

Балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп топтары бар балаларды зерттеп-қарау және консультация беру үшін Пренаталдық ультрадыбыстық зерттеу скринингін жүргізуді ұйым­дастырудың жаңа стандарты бекітіл­ді, 18 Ұрықты сақтау орталығы ұйым­дас­тырылды. Нәтижесінде, жүкті әйел­дерді пренаталдық скринингпен қамту 6%-ға артып, 79%-ды құрады. Сонымен қатар зат алмасудың тұқым қуалайтын 49 ауруына жаңа туған нәрестелерге скрининг жүргізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды, қауіп тобын­дағы барлық балалар зерт­теліп-қаралды. 1 жасқа дейінгі бала­ларды проак­тив­ті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін артты.

Биыл жылына 5 мыңға жуық баланы қамтитын 8 балаларды оңалту орталығы, сондай-ақ 3 жасқа дейінгі дамуында ауытқушылықтары бар және олардың туындау қаупі бар балаларға арналған 2 ерте араласу орталығы ашылды және 2023 жылдың соңына дейін 10 мыңнан астам баланы қамтитын 13 орталық ашу жоспарланған.

МӘМС жүйесін енгізуге байланысты медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7 есеге, оның ішінде бал­а­лар үшін 27%-ға ұлғайды. 2022 жылы балаларды оңалтуға 15 млрд теңге бөлінді. Дәрілік заттардың тіз­бе­сіне балалардың орфандық және ауыр ауруларын емдеуге арналған 17 препарат енгізілді, 16 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 6 айында ана өлім-жітімінің көрсеткішін 2,4 есеге төмендетуге қол жеткізілді. Сонымен қатар ана өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Себептер құрылымында акушерлік асқынулар – 70%, соматикалық аурулар 30%-ды құрады.

Нәрестелер өлім-жітімінің көр­сеткіші 1000 тірі туғандарға шақ­қанда 8,3-ті құрады. Нәрестелер өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады.

«Медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуетін нығайту үшін резидентурада медицина кадрларын, оның ішінде акушер-гинекологтер, неонатологтер және анестезиолог-реаниматологтер сияқты арнайы және тапшы мамандықтарды даярлауға арналған гранттардың саны 1,5 мыңға дейін ұлғайтылды», деді А.Ғиният.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының екінші бағыты бойынша халықтың санитариялық-эпидемиялық са­ламаттылығын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылып жатыр.

«Жалпы республикада инфек­циялық аурулар бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты. 2022 жыл­дың өткен кезеңінде 25 инфекциялық ауру жағдайлары, оның ішінде тырыс­қақ, оба, туляремия, паратиф, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, полиомиелит бойынша тіркелген жоқ», деді ол.

2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді. Биылғы 21 мамырда Мемлекет басшысы биологиялық қатерлерді ерте анықтауға, уақты­лы ден қоюға және оның алдын алуға бағыт­талған «Қазақстан Республи­касы­ның биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңға қол қойды.

«2021 жылдан бастап инфекциялық ауруларды эпидемиялық қадаға­лаудың заманауи моделіне көштік. Коронавирус инфекциясын болжау және оған ден қою жүйесі құрылды. Бұл инфекцияның ден қою және алдын алу шараларын жедел түзетуге мүмкіндік берді. Осы жылы вакцинамен басқарылатын инфекцияларды үлгілеуге, болжауға және ден қоюға кірістік», деді министр.

Ұлттық жоба шеңберінде түрлі өнімдердің – тамақ өнімдерінің, ойын­шық­тардың, балаларға арнал­ған өнімдердің, құрылыс материал­дарының және басқа да өнім түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған іс-шаралар іске асырылады. Мәселен, тауарлар қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде биыл тамақ өнімдерінің 23 мыңға жуық үлгісі зерттелді, оның ішінде 3 мыңнан астам сынама немесе 13,2%-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді.

Өнімнің қауіпсіздігін бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында зерт­ханалардың материалдық-техни­калық базасын нығайту жүргізі­луде. Осы жылы бірқатар өңірден дәлдігі жоғары жабдықтар сатып алынды. Түрлі өнімдердегі бояғыштарды, хош иістерді, дәрумендерді, ауыр металдардың тұздарын анықтау бо­йынша жаңа зерттеу әдістемелері енгізілуде, сондай-ақ мамандарды оқыту жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар ағым­дағы жылдың өзінде техникалық регла­менттерде белгіленген айқында­латын көрсеткіштер тізбесін 84%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары» үшінші бағыт бойынша 2021 жылы фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемі 820,2 млрд теңгені құрағанын атап өткен жөн, мұнда жергілікті фармацевтикалық нарықтағы отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйым­дарының үлесіне 198,8 млрд теңге келеді, бұл 24%-ды құрайды.

Бүгінгі таңда елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 89 өндірушісі жұмыс істейді. Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетігі – 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу. Бірыңғай дистрибьютор 92 ұзақ мерзімді шарт жасады. Дәрілік заттардың 33 өндірісінің 27 өндірушісі GMP стандартына сәйкес келеді (85%), бұл ретте отандық 2 ірі өндіруші өндірілген дәрілік препараттарды шетелге экспорттай алады. Елімізде дәрілік заттар бойынша 3 сынақ зертханасы жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау министрлігі қымбат бағалы инновациялық өнімдер өндірісін дамытуға, саланы технологиялар трансфері, оны цифрландыру бағытында ілгерілетуге, сондай-ақ кластерлік бастаманы дамытуға мән береді. Қазір министрлік Ақтөбе, Астана және Шымкент қалаларында осы аумақтарда өндірістік алаңдар мен озық медициналық жоғары оқу орындарының болуына, сондай-ақ еркін экономикалық және индус­триялық аймақтардың болуына байланысты 3 кластерлік аймақ құруда.

Өңірлерде ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы Жамбыл облысы­ның әкімі Нұржан Нұржігітов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Медицина гранттары санын көбейту керек

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр қазір жаңа денсау­лық сақтау объектілерін салуға, меди­циналық техника сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалып жатқанын айтты. Мәселен, қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды. Былтыр науқас­тар­ды радиохирургиялық емдеуге арнал­ған Орталық Азия елдеріндегі тұңғыш Гамма-пышақ орталығы ашылды, медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты жобасы әзірленуде, 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерде 650 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісін салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 32 аудандық аурухана жаңғыртылады», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр тез арада шешілуі тиіс бірқатар мәсе­лені қозғады. Атап айтқанда, Үкі­мет басшысы азаматтардың ТМККК және МӘМС бойынша өтініштерін айтты.

«Бірінші кезекте дәрігерлік көмек­тің көлемі жеткіліксіз деп шағым айтуда. Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігімен бірлесіп, 1 қарашаға дейін оларды қаржыландыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын» деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдау және әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына тұрақты мониторинг жүргізу керек. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға уақтылы оңалту көмегін көрсетуге ерекше назар аудару қажет.

«Өңірлермен бірлесіп, заманауи перинаталдық орталықтар салу және балалар ауруханаларын керекті жаб­дық­тарымен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдау қажет», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарының санын арттыру мәселелерін пысықтауды және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында медициналық ақпарат жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырды.