«Күшті Президент–ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын іс жүзіне асыруға кірісіп кеттік. Сайлау жүйесі жаңартылды, енді барлық деңгейдегі депутаттар партиялық тізіммен де, бір мандатты округтен де сайланады. Конституциялық сот құзыреті артты, ол келер жылдан қызмет ете бастамақ. Ең бастысы, суперпрезиденттік басқарудан президенттік формаға ауыстық. Ата Заңның үштен бірі жаңартылып, мемлекет демократиялық бағытта батыл қадамдар жасауда.
Мемлекет басшысы Жолдауында биыл президенттік сайлауды өткізудің мәні мен маңызын елдік және әлемдік мінберден ашық айтты. Алдымен Президент сайлауы, келер жылдың көктемінде Парламент сайлауы өтпек. Осылайша, бізде мемлекеттік институттар қайта құрылады.
Көпшілік Мемлекет басшысының Президент сайлауын кезектен тыс өткізу жөніндегі бастамасын қолдады. Сонымен қатар бұл бастама жер-жерде қоғам өкілдерімен талқыланды.
Халық саяси жүйені өзгертудің қажет екенін жақсы түсініп отыр. Кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтетін болды. Алда бізді елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау күтіп тұр. Экономиканы өркендету, халықтың тұрмысын жақсарту сынды басты міндеттердің іске асуы осы науқанның нәтижесіне байланысты болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа сайлауалды бағдарламасын ұсынады. Онда экономикалық дамуды көздейтін тың әрі елең етерлік бастамалар айтылады деп үміттенемін.
Мемлекет басшысы сайлаудың қатаң түрде заңға сай өтетініне кепілдік берді. Өз басым науқанның әділ және ашық өтеріне сенемін. Азаматтар үлкен жауапкершілікті сезініп, заң талаптарын берік ұстануға тиіс. Еліміз өз бірлігі мен жауапкершілігін танытатын кез келді.
Президент айтқандай, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық, ағайын!
Гүлмира БАЙРКЕНОВА,
С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры,
заң ғылымдарының кандидаты