Спорт • 22 Қыркүйек, 2022

Ташкентте татамиге кімдер шығады?

234 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

6-12 қазан күндері Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Төрткүл дүниенің ең мықты балуандары бас қосатын байрақты бәсекеде Қазақ елінің намысын кімдердің қорғайтыны белгілі болды.

Ташкентте татамиге кімдер шығады?

Қазақстанның ерлер құра­масының бас бапкері Нұр­бол Сүлейменов тоғыз шәкір­тіне сенім артты. 60 кило салмақта Елдос Сметов татамиге шығады. Ұлттық ко­мандамыздың сапындағы ең атақты балуанымыз соңғы кездері 66 кило салмақ дәре­жесінде өнер көрсеткені мәлім. Бірақ жолы болмай, жауапты жарыс­тарда жеңілістің кермек дәмін татты. Содан федерация басшылығы және жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылкел­диевпен ақылдаса отырып, үйреншікті салмағына қайта оралды.

Ал бұған дейінгі әлем чем­пионаттарында ол екі рет жеңіс тұғырына көте­рілген еді. Атап айтсақ, 2015 жылы Аста­нада алтын алса, 2019 жылы Токиода қола медаль­ды мойнына ілді. Одан бө­лек, Сметовтің Олимпия ойындарының күміс пен қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионы деген атақтары тағы бар.

Елдоспен бірге бұл салмақта Мағжан Шамшаддин де күш сынасады. Осыдан бірер жыл бұрын жастар арасында әлем чемпионы атанған қандасымыз ересектер дуында біразға дейін айшықты өнерімен көзге түсе алмай жүрген еді. Десек те кейінгі жылдары ол өз күресін тапқан секілді. Былтыр Мағжан Будапешттегі дүниежүзілік додада жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрініп, бе­сінші орынды қанағат тұт­ты. Биыл Загребте өткен Grand Slam турнирінде бас жүлдені олжалап, Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында қола медальды қоржынға салды.

66 кило салмақтағы Гұс­ман Қыр­ғызбаев былтыр Мажарстанның астанасында шымылдығы түрілген әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошылар арасынан жалғыз өзі жүлде алды. Ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда ресейлік Яго Абладзеге есе жіберді. Будапешттегі күмістен бөлек, Ғұсманның еншісінде құрлық біріншілігінің қос қола медалі бар.

73 кило салмақ дәрежесінде Данияр Шамшаев өнер көр­сетеді. Биылғы жылдың тамыз айында Астанада өткен құрлықтың басты додасында Данияр дара талантымен оқшауланды. 18 жастағы дарынды балуан ересектердің Азия чемпионатына алғаш рет қатысқанына қарамастан, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Бастапқы бәсеке­лерінде үндістандық Суреш Сингх пен тәжікстандық Бехруз Ходжазоданы небәрі 42 секундта жеңді. Жартылай финалда биыл ғана жастар ара­сындағы Азия чемпионатында топ жарған қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті 31 секундта сан соқтырды. Фи­налда Даниярдың жолы Өзбекстанның танымал балуаны, Лиссабондағы Гран-при турнирінің жеңімпазы Муроджон Юлдашевпен қи­ысты. Бұл бәсекеде ол қар­сыласын 34 секундта-ақ алып ұрды. Осылайша, Шамшаевқа Азия чемпионы атану үшін бар-жоғы 149 секунд жеткілікті болды.

81 кило салмақта Абы­лайхан Жұба­назар күрессе, 90 кило салмақта Дидар Хамза сайысқа түседі. Жиырмадан енді ғана асқан шағында Азия ойындарында алтын алып, одан кейін бірқатар аса ірі халықаралық турнирде атой сал­ған Дидар кейінгі кез­дері үкілі үміті­мізді ақтай ал­май жүр. Былтыр Токио Олим­пиадасының алғашы айналы­мында сүрінгеннен кейін ол салмағын ауыстыруды жөн көрді. Бастамасы жаман емес. Биыл Хамза құрлық бірін­ші­лігінің қола медалін мойнында жарқыратты.

100 кило салмақта Ислам Бозбаевқа сенім артылып отыр. Азия ойындары мен Азия чемпионатын қоса алғанда, бес рет жеңіс тұғырына көтерілген Исламның басқа да жауапты жарыстарда жеңіп алған жүлделері жетерлік. Бірақ Олим­пия ойындары мен әлем­дік додаларда оның асығы алшысынан түсер емес. Ол да биыл салмағын ауыстыруды құп көрген екен. Бәлкім, Ташкентте Бозбаевтың бағы жанар. Осы салмақта Ис­ламмен бірге Нұрлыхан Шар­хан да күш сынасады. Оның қандай қарулы жігіт екенін биылғы Азия чемпионаты барысында анық байқадық. Елордада өткен додада ол өзінен әлдеқайда тәжірибелі әрі атақты қарсыластарын жолынан ығыстырып, қола медальды еншіледі.

Ал аса ауыр салмақта Қазақстанда бәсекелестік мүл­дем жоқ. Соның кесірі­нен дүбірлі додаларға кімдерді апар­сақ та, алғашқы айналым­дарда сүрінуде. Бұл жолы бапкерлердің таңдауы тә­жірибелі Ерасыл Қажыбаевқа түсіп отыр. Сал­ма­ғы 150 кило тартатын қазақтың алыбы Таш­кентте өз жанкүйерлерін жерге қаратпайды деген ойдамыз.

Әйелдер арасындағы жарыста Қазақ елінің намысын сегіз дзюдошы қорғайды. Олар – Әбиба Әбужақынова (48 кило), Гауһар Ирмағамбетова (52 кило), Се­вара Нышанбаева (57 кило), Мөлдір Нарынова мен Есмигүл Куюлова (63 кило), Анастасия Маякова (70 кило), Ару­на Жангелдина (78 кило) және Кәми­ла Берліқаш (+78 кило).