Экономика • 23 Қыркүйек, 2022

Өнеркәсіптік бақ шаруашылығын дамыту табиғи өнімдер нарығына серпін береді

350 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Тал­ғар» өңірлік филиалындағы помологиялық бақта «Жеміс-көкөніс шаруа­­шылығы саласында ғылымды дамытудың өзекті мәселелері мен бо­ла­шағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Өнеркәсіптік бақ шаруашылығын дамыту табиғи өнімдер нарығына серпін береді

Алмалық ауылындағы 5 гектарға жуық аумақта жайқалып тұрған апорт бағы хош иісімен ғана емес, келу­ші­лер­ді алақандай алқызыл алмаларымен таңғалдырады. Қазіргі маусымда бір апорттың салмағы 470 грамм тартса, мамандар осы айдың аяғына дейін шамамен 500 грамнан асатынын болжап отыр. Бүгінде мемлекеттік сорттау сы­н­ағ­ына алманың – 40, алмұрттың – 14, шие­нің – 6, өріктің – 8, таңқурайдың – 4, қара қарақаттың 6 сорты берілген. Айта кететін маңызды жайт, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты далалық үлгідегі және in vitro коллекциясы түрінде шо­ғырланған бақша, жеміс-жидек да­қылдары мен жүзімнің Орталық Азиядағы бірден-бір генетикалық жи­нақ­таушы банкі ретінде белгілі. Мұнда 1 617 генотип сақталған.

Помологиялық бақтың 85 жылды­ғы­на орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара барысында «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев бау-бақша шаруашылығындағы ғылымдардың жетістіктеріне тоқталып, үздіктерді марапаттады.

Осы іс-шараға арнайы қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек елімізде бау-бақша дақылдарынан бәсекеге қабілетті табиғи өнімдер шығару мүмкіндігінің зор екенін атап өтті. Ведомство өкілінің айтуынша, апортты брендке айналдыру – басты мақсат. Бұл үшін отандық өнімдер өндірісін күшейту қажет. Осы орайда Президент басымдық беріп отырған тұқым шаруашылығын дамытудың өзекті екеніне тоқталған Ә.Тамабек: «Алдағы жылы тұқым шаруашылығы орталығы құрылып, субсидиялаудың жаңа ережелері қол­да­нысқа енеді. Оның барысында тұ­қым шаруашылығы техникаларын қол­дай­тын жобалар да бар» – деп атап өтті.

Сонымен қатар шаруашылықтарға 50-ден 70 пайызға дейін субсидиялар қарастырылуда. Алдағы 10-15 жылда отандық тұқымды 70 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал сапалы өнім нарығын дамытуда өндіріс пен ғы­лымның ықпалдастығы аса қажет. Ол үшін аға буын мен жас ғалымдар ара­сындағы сабақтастықты тереңдету, озық тәжірибелерді бөлісу уақыт күт­тірмейді.

Осы орайда саладағы білікті мамандар мәселесін қозғаған академик, ҚазҰАЗУ ректорының міндетін атқа­ру­шы Қанат Тіреуов отандық жеміс-жидек дақылдарын өсіру, сақтау және өңдеу технологияларын жетілдірумен қатар аграрлық ғылым мен бау-бақша, көкөніс шаруашылығы саласындағы өндірісті дамыту, заманауи технологияларды пайдалану арқылы сапалы өнімді көбейту мәселесіне тоқталды.

Бүгінде ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан өңірлердің бірі – Алматы облысында 24 мың гектарға бау-бақша егілген. Оның 17 мың гектары алма бақтарына тиесілі. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Коюмчан Омаровтың айтуынша, өңірдегі бау-бақша өнімдері ішкі сұраныстың қажетін өтеп тұр. Кейінгі жылдары қолға алынған интенсивті бақтарда әр гектарынан 30-50 тоннаға дейін өнім жинау мүмкіндігі бар. Ал облыста жүзеге асып жатқан қанатқақты жобалар алдағы уақытта үлкен өндіріс алаңдарына айналады деген сенім басым.

Помологиялық бақтағы іргелі зерт­теулер 80 жылдан астам уақыт бойы үз­дік­сіз жалғасып келеді. «Қазақ же­міс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерт­т­еу институтының» басқарма төр­ағасының орынбасары Сәуле Қазыбаева атап өткендей, бақша коллекциясы – мемлекеттің стратегиялық қоры. Бү­гінде селекциялық гендік қорда 3 мың­ға жуық гибрид түрлері бар. Ал мемлекеттік тізбеге енген 200-дей жаңа сорт шығарылған. Еліміздің Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары бақ шаруашылығына ыңғайлы өңірлер дейтін болсақ, институт мамандары жылына әр дақылдан бір сұрып шығаруды мақсат етіп келеді. Ал соңғы алты жыл ішінде жүзеге асқан «Канди» жобасы алдағы уақытта жалғасын табатын болса, теңіз деңгейінен 700-1200 шақырым биіктікте өсетін апорттың осы өңірге ғана тән жеміс екенін тағы да айғақтай түседі.

о

Елімізде ауыл шаруашылығы кей­бір өнім түрлері бойынша им­портқа тәуелді екенін қаперге алатын болсақ, соңғы жылдары рес­публикаға орта есеппен 900 мың тон­надан астам жеміс-жидек әке­лінген. Осы орайда ішкі нарықтағы сұранысты толығымен қамтамасыз ету үшін 6,6 мың гектар аумақта жаңа қарқынды бақтарды отырғызу жоспарлануда. Сарапшылардың болжамы бойын­ша 2024 жылға қарай жеміске деген сұранысты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар еліміздің өнер­кәсіптік бақ шаруашылығының та­быстылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруда заманауи технологияларды қолдану, алманы брендтеу, кадрларды даярлау және қайта даярлау сияқты жүйелі жұмыстар жүзеге асуы қажет. Қолға алынған маңызды жобалар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығында іске асып келеді. Мұнда жеміс-жидек өсіру бойынша кадрларды тәжірибе негізінде дайындау үшін және өзара тәжірибе алмасу үшін 2020 жылы Dutch Fruit Solutions Kazakhstan (Нидерланд) компаниясымен бірлесіп, «Қарқынды бақ» іске қосылғаны белгілі. Нидерланд Корольдігі – өнім тұқымы мен отырғызу материалдары бойынша әлемдегі көшбасшы экспорттаушы. Демонстрациялық алаңда 8 түрлі жеміс-жидек дақылдарының (алма, алмұрт, қара өрік, шие, көкжидек, құлпынай, қарақат, спаржа) 40-қа жуық жаңа сұрыптары өсіріледі. Өсім­діктерді күту мен өсірудің, оны зиян­кестер мен аурудан қорғауға бейім­делген шетелдік жүйелері, автоматты суару жүйесі, тыңайтқыш қосу арқылы тамшылатып суару – фертигация сияқты заманауи технологиялар қолданылады. Биыл сәуір айында 0,1 га-дан 230 кг көк спаржаның алғашқы өнімі, сондай-ақ Deljonca, Santana, Wilton Star алма сұрыптарының өнім­дері алынды. Өткен жылы алма мен алмұрттың шығымдылығы 5,1 т/га болса, биыл 13 т/га-ға жетіп отыр. Қара өріктің шығымдылығы орта есеппен 7,2 т/га-ын құрайды.

Помологиялық бақтағы жиын ҚазҰАЗУ-ын Агротехникалық хаб зерт­хана­ларында гранттық жобалар аясында және жекелеген компаниялар әзірлеген өнімдер көрмесімен ерек­шеленді. Бұл өндірістік алаң еліміз­дегі бау-бақша дақылдарының өте бай қорына тәнті етті. «Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталы­ғы» КеАҚ «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары отандық және шетелдік нарықтағы өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қайта өңдеу және тағам өнеркәсібінің инновациялық дамуын ғылыми қамтамасыз етіп келеді. Осы орайда гранттық жобалар аясында әзірленген алма, қызылша, сәбіз, т.б. басқа жеміс түрлерінен өндірілген пюрелер биологиялық табиғи құрамы жағынан ерекшеленсе, ҚазҰАЗУ Азық-түлік өнімдерінің технологиясы және сапасы инновациялық ғылым білім орталығының жетекшісі Бибіпатима Еренова әртүрлі жеміс-жидектер қос­пасы бар құрт өнімдері, ағзаға пайдалы табиғи смузилер, қарақат және қара бүлдірген, алма және шырғанақ, шәңгіш және таңқурай дәмді сорбе өнімдерінің дайындалу барысымен таныстырды.

Ал топырақ құрамын жақсартып, мол өнім алуға ықпал ететін Swissgrow ком­паниясының өнімдері, сондай-ақ шикізатын Алматы облысының Райымбек ауданындағы көмір өндірісі алқабынан алып отырған Al Karal гуминдік органикалық минералды ты­ңайтқыштары ауыл шаруашылығына арналған инновациялық өнімдерімен ерекшеленуде. Сонымен бірге отандық BioZam-Zam минералды тыңайтқыш үй және дала алқаптары дақылдары үшін пайдалы. Еліміздің оңтүстік және солтүстік аймақтарында, сондай-ақ жылыжайлардағы өсімдіктерді құнар­ландыруға ықпал етеді. Бұл өнді­ріс­те күніне 70-80 тонна тыңайт­қыш әзір­ленеді.

Конференцияда ғалымдар, ғы­лы­ми мекемелер өкілдері, ауыл ша­руа­шылығы тауарларын өндіру­шілер институттың селекциялық жетіс­тік­те­рімен және жеміс-жидек да­қыл­дарының көпжылдық коллекция­сымен танысып, еліміздегі бау-бақ­ша өндірісін дамытуға қатысты тұ­жы­рым­да­рымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ