Қоғам • 23 Қыркүйек, 2022

Зергерлік бұйымдарды тасымалдау бақыланады

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясындағы кезекті жиында асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды экспорттау мен импорттаудағы түрлі кедергілер талқыланды. Бейнебайланыс режімінде ұйымдастырылған басқосуға ведомствоның жауапты өкілдері, сынақ палаталарының қызметкерлері және қазақстандық зергерлік бұйымдарды өндірушілер мен өткізушілер қатысты.

Зергерлік бұйымдарды тасымалдау бақыланады

Жиында аталған ведомство­ның Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов қымбат металдар мен тастардан жасалған бұйымдарды әкелуге немесе әкетуге байланысты мемлекеттік бақылау актілерін беру тәртібі жөнінде баяндады.

Алматы – асыл тастар мен зергерлік бұйымдар тасымалданатын және ішкі нарыққа әкелінетін еліміздегі басты орталық. Осы­ған орай Индустриялық даму комитеті бұл тараптағы мемле­кет­тік бақылауды оңтүстік мегаполистегі кеден бекеттері арқылы жүзеге асырады.

Өз кезегінде кәсіпкерлер мемлекеттік бақы­лау процесі көп уақытты алатын­ды­ғын айтып, бұл мәселені шешудің оң­тай­лы әрі тиімді жолын қарастыруды ұсынды.

Комитет төрағасы орын­басарының айтуын­ша, функцияларды бөлу баға­лы металдар мен асыл тастарды өндіру, зергерлік бұйымдармен операция­ларды мемлекеттік реттеудің тиімді­л­і­­гін арттыруға елеулі септігін тигізбек. Сондай-ақ бұл тарапта жүйелі шешімдер қабылдауға және туындаған мәселелерді дер кезінде орындауға ықпал етеді.

Басқосу барысында зергерлік өнімдер мен асыл тастарды кедендік декларация­лауды «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматқа көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды.

Бүгінде министрлік «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп құнды металдардан жасалған бұйымдарды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бо­йын­ша қанатқақты жобаны жүзеге асыруда. Бұл жоба қазақстан­дық зергерлік бизнесті қорғауға бағытталған.

Жиын соңында кәсіпкерлер зергерлік бұйымдарды сынамалау, талдау және таңбалау бағы­тындағы жұмыстарды жетіл­діру бойынша ұсыныстарын жеткізіп, бағалы металдардың заңсыз айналымына тосқауыл қою шараларын күшейту қажеттігін айтты. Министрлік өкілдері іскер топ өкілдерінің ұсыныс­тары­ның ескерілетінін және арнайы сараптама жүргізілетінін мәлімдеді.