Әлем • 23 Қыркүйек, 2022

Қақтығыс шиеленісе түсті

352 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресей президенті Влади­мир Путин халыққа үндеу жасап, елде ішінара мобилизация жарияланатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдемені халықаралық қоғамдастық сынға алды.

Қақтығыс шиеленісе түсті

«Әскери қызметке қазіргі уақыт­та запастағы және ең алды­мен қарулы күштер қатарын­да қызмет еткен, белгілі бір әс­кери мамандықтары мен тиісті тәжірибесі бар азаматтар ғана шақырылады», – деді В.Путин.

Әскери ахуал туралы айтқан Кремль басшысы шептің бір мың шақырымнан асып кеткенін жеткізді. Оның ай­туынша, Донецк аймағындағы ресейлік әскер тікелей шабуыл жасамай, шығынды азайту мақ­сатында біртіндеп әрекет етпек. Сон­дай-ақ ол Херсон, Донецк, Луганск облыстарының оккупа­цияланған өңірінде жарияланған референдумдарға қатысты пікір білдірді. В.Путин дауыс берудің қауіпсіздігін сақтауға уәде етті.

«Әскери қызметке шақырыл­ғандар арнайы әскери операция тәжірибесін ескере отырып, міндетті түрде қосымша әскери даярлықтан өтеді», деген В.Пу­тин ішінара мобилизация туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Сөз соңында Путин ядролық қауіп тақырыбына тоқталды.

«Бізді ядролық қарумен боп­са­ламақ болғандар желдің өз бағы­­тына бұрылуы мүмкін екенін білуі керек», деді Кремль басшысы.

Мобилизация жариялан­ған­нан кейін бірден Навальный­дың серіктестері, ресейлік оппози­ция және соғысқа қарсы қозға­лыстар ресейліктерді наразылық білдіруге шақырды. Осыған байланысты Ресейдің 30-дан астам қаласында шеру өтті. Ұс­тал­ған адам саны қазірдің өзінде мыңнан асқан көрінеді.

Ресей президентінің үндеуі­нен кейін мемлекеттік телеарналар аталған елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сұхбатын көрсетті. Ведомство басшысы мобилизацияның қа­лай өтетініне тоқталып, Украи­нада қаза тапқан ресейлік сар­баздардың ресми санын айтты. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, Украинада 5 937 жауынгер қаза тапқан.

Ресей қорғаныс ми­нистрінің деректері Украина тара­пы­ның мәліметінен әлде­қайда аз. Қазіргі таңда ресми Киев 50 мыңнан астам ресейлік сарбаздың көзін жойғандарын алға тартып отыр. Оның үстіне, көп­теген бұқаралық ақпарат құрал­дары жасаған тізім де С.Шойгу келтірген деректерден әлдеқайда көп. Мәселен, ВВС арнасы 16 қыркүйекке дейінгі қақтығыс кезінде Ресей кем дегенде 6 476 сарбазынан айырылған деп хабарлады. Бұл тек ашық дереккөздермен растал­ған­­дары ғана. Сондықтан са­рап­шылар қаза тапқандардың нақ­ты саны бұдан да көп екенін айтады.

Сондай-ақ С.Шойгу шамамен 300 мың адам тартылатынын мәлімдеді. Бірақ бәрі бірден әскерге шақырыл­майды. Министрдің айтуынша, шақырылғандар әуелі қайта даярлауға жіберіледі. Содан кейін ғана өздеріне жүктелген тапсырманы орындауға кіріседі.

Бұл шешімді халықаралық қоғамдастық түрлі деңгейде қабыл­дады. АҚШ-тың Украи­на­дағы елшісі мобилизация жасау Ресейдің әлсіздігінің белгісі деп есеп­тейді. Бриджит Бринктің ай­туынша, Ресей билі­гінің кейін­гі қадамдары олар­дың қиын жағдайда тұрғанын көрсетеді.

«Жалған референдумдар мен мобилизация – Ресейдің әлсіздігінің, сәтсіздігінің белгісі. АҚШ Ресейдің аннексияланғалы жатқан Украина аумақтарына деген талаптарын ешқашан мо­йындамайды. Біз Украинаға қан­ша қажет болса, сон­ша қолдау көрсетеміз», деп жаз­ды Бринк Twitter-дегі парақ­шасында.

Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте де осын­дай пікір ұстанады. Оның айтуын­ша, ішінара мобилиза­ц­ия Кремльдің қиын жағдай­да тұрғанының белгісі. «Мобили­за­ция, Донецкіде референдум өткізуге шақыру – бәрі шара­сыз­дықтың белгісі. Оның ядролық қару туралы сөзі бұрын бірнеше рет естіген сөз. Бұл сөз ғана, сондықтан сабырлы болуға кеңес беремін», деді М.Рютте.

Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Путиннің Украи­надағы соғысқа резерв­тегілерді жұмылдыру туралы шешімі Ресей басқын­шылы­ғы­ның сәтсіз аяқталғанын көр­сетеді деп мәлімдеді.

«Ешқандай қоқан-лоққы немесе үгіт-насихат Украинаның бұл соғыста жеңіп жатқанын, халықаралық қоғамдастықтың біріккенін және Ресейдің жал­ғыз қалғанын жасыра алмайды», деді Ұлыбританияның қорғаныс министрі.

Сондай-ақ Б.Уоллес Путин бұған дейін мобилизация болмайды деп уәде бергеніне, Ресейдің Украина аумақтарын аннексиялауды жоспарламаймыз дегеніне назар аударды.

Чехия премьер-министрі Петр Фиала Путин жариялаған ішінара мобилизация Украина­дағы соғысты одан әрі ушық­тыру әрекеті деп атады.  П.Фиала қазір Украинаға көмек­тесуді жалғастыру өте маңызды екенін және бұл Чехияның мүд­десіне сай келетінін жеткізді.

Чехия – Украинаны ауыр қару-жарақпен қамтамасыз еткен бірінші ел. Алдағы уақытта да Украина қарулы күш­теріне танктер, тікұшақтар және артиллериялық жүйелер жеткізуді жалғастыра бермек.

Германия вице-канцлері Роберт Хабек Кремльдің бұл әрекетін «Ресейдің тағы бір қате қадамы» деп атады. Канцлер Олаф Шольцтің кеңсесі мәлім­деме таратып, Германия басшысы Ресейдің ішінара мобилизация туралы шешімін Кремльдің Украинаға шабуыл жасау кезінде жүзеге асырған жоспарларының сәтсіздігі деп санайтынын хабарлады.

Қытай Сыртқы істер ми­нистр­­лігінің баспасөз хатшысы Ван Вэнбин Ресей билігінің соңғы мәлімдемелеріне қатыс­ты пікір білдірді. «Украина дағда­ры­сына қатысты Қытай­дың ұста­нымы әрқашан айқын. Біз тарап­тарды диалог пен келіс­сөз­дер арқылы атысты және соғыс­ты тоқтатуға шақырамыз. Тарап­тардың мүдделерін ескере отырып, ақылға қонымды қадам жасайтынына сенімдіміз. Біз сон­дай-ақ халықаралық қоғам­дастық бұған қол ұшын созады деп үміттенеміз», деді В.Вэнбин.

Польша премьер-министрі Матеуш Моравецки өз елінің Украинаны қолдауын жал­ғас­тыратынын хабарлады. «Одақ­тастарымызбен бірге НАТО-ның Украинаға қолдауын арттырып, қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ішінара мобилизация туралы ақпарат расталды. Ресей Украинаны жойып, оның аумағының бір бөлігін басып алуға тырысады. Бұған мүмкіндік бере алмаймыз», деді ол Рейтерс агенттігіне берген сұхбатында.