Саясат • 23 Қыркүйек, 2022

Тар таласып тозар, кең кеңесіп озар

1990 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы күз Қазақстан халқының сая­си ұстанымын, елдік береке-бірлігін, ұлыс­аралық беделін тағы бір сынағалы тұр.

Мемлекетіміздегі саяси реформалардың заңды жалғасы іспеттес 2022 жылдың 20 қарашасына белгіленген ел Президентін кезектен тыс сайлау – әлемдік сын-қатер­лер аясындағы жаңа тарихымыз бен тағды­ры­мыз­дың қайнауынан туындаған шешім деп сеніммен айта аламыз.

Бұл саяси жүйені толық серпілтуге ба­ғыт­талған қадам болмақ. Елдің басшысы – ал­қалаған әлеумет мүддесін орындаушы. Сон­дық­тан мемлекеттің сын сағатында жа­уап­кер­шілікті өз мойнына алып, елдің бұ­рынғы-кейінгі қордаланған өзекті де өткір мәселелерін оң­тайлы шешуге жұмылуы – маңызды бағдар деп білеміз.

Қазақстанның соңғы ай мен аптадағы сая­си жаңалықтарынан хабардар қауым жаһан өрісіне себепші үш алып елмен арадағы бай­ланысымыздың жаңа кезеңін аңғарса керек. Қытай басшысы Си Цзиньпин қазақ еліне ресми сапары қарсаңында жария­ла­ған мақаласында шекаралас екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тарихи тамырын, бүгінгі жетістігін айта келіп, жаңғыруымыз бен қауіпсіздігімізді барынша қолдайтынын жеткізді. Мұны құдайы көрші ақысы ғана емес, халықаралық саяси тәуелсіз баға деуге негіз бар.

Жаһандық күрделі текетірестің жуан ортасында жүрген Ресей президенті Владимир Путин де Қазақстандағы саяси реформалар мен жаңашыл ізденістер ТМД, ШЫҰ аясында оң нәтиже бергеніне елеулі дәлел келтірді.

Байырғы ата сөзімізде «Тар таласып тозар, кең кеңесіп озар» деген даналық бар. Әлемде қырғи-қабақ әрекет қайта жан­дан­­­ғанда, Еуразия өтіндегі тарихы тол­ға­ма­лы Қазақстанның ашықтық пен достық ұста­ны­мы­нан ұтылған алыс-жақын көршіні көрмедік. Ұлы даланың бұл аманаты әлі талай уақыт жа­ны­мызға жалау, өремізге өріс болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамб­лея­сына барған сапары кезінде АҚШ-тың Politico газетіне берген сұхбатында: «Ұлт­тық ой-санамыз кейінгі жылдары бастан өткер­­ген терең әлеуметтік өзгерістерден, эко­­но­микалық және қауіпсіздік дағдары­сы­нан туындаған, бәрінен де гөрі біз әлдеқайда әді­лет­ті, әрбір азаматқа қызмет ететін ел құ­руы­мыз керек екенін айқындаған түбе­гей­лі өзгеріс дең­гейіне көтерілді деп санаймын», деп атап көр­сетті.

Ал БҰҰ 77-сессиясының пікір алмасу алаңындағы: «Қазақстан Президенті ретін­дегі ұстанымым – әрбір азамат тең мүм­кіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Алдағы айларда Қазақстанда президент және парламент сайлауы өтеді. Мен Президент өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс», деген сөзі Америка мен әлем­н­ің жетекші мемлекеттеріне ел ұста­ны­мын танытудың өркениетті жолы еді.

Таяудағы Әлемдік және дәстүрлі дін көш­бас­шыларының 7-съезіне қатысқан ірі ру­хани тұлғалар да Қазақстандағы береке-бір­ліктің, сая­си трансформацияның жаңа ке­зе­ңіне көзі же­тіп, көңілі сенді. Бұл – елі­міз­дің зор абыройы.

Иә, қазір қоғамымыз жаңару үдерісін бас­тан кешіп отыр. Билік пен әлеумет үдемелі, са­палы саяси қарым-қатынас деңгейіне бет түзеді. Мұның қос тарапқа да сын һәм сынақ екені түсінікті. Біз бұрынғы негізгі ұста­ным­нан кіндігімізді үздік. Мұның тәуе­кел­мен бірге қайыры бар екенін сезіне біл­геніміз абзал. Ол қа­йырдың атауы – әді­лет­­ті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам.

Қарапайым жұртшылық, зиялы қауым Қа­зақ­стан жаңаруының ақиқатына сене бастады. «Игілік басы – ынтымақ» деп осындайда айт­са керек.

Президенттің бір реттік және жеті жыл­дық өкілеттігі – қанағат пен іс нәтижесін көр­сететін шама. Әлем тәжірибесі мен Қазақ­стан­ның қауіп-қатерді ескеріп барып ұсынған жолы – бірін-бірі терістемейді, қайта жаңа ізденіспен толықтырады. Халық ішінде айтылып қалатын «Ата заңға бітпейтін түзету» сынына бұл өзгеріс, бұл жаңа тәжірибе шыдас береді деп санаймыз. Өйткені оған кепіл – халық сенімін алатын, дұрысы ел аманатын арқалайтын Президенттің өзі болмақ. Біз негізгі заңдық-құқықтық құжаттарымызда «супер­президенттікке жол берілмейтінін» шегелеп көр­сеттік. Биік мінберден оның орындалу тетігін де айттық.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өткен­ді қу­ғанды қойып, осы күйіңді жөн­деу­ге жөн іздеу керек», деп жазып еді. Дәл бүгін біз сенімсіздік пен күдікке жол берген уа­қытты артқа тастап, сенім мен әділетке иек артуымыз қажет. Адамның адал ниетіне құт қонады, қоғамның байыпты байламына бақ тұрақтайды.