Үкімет • 23 Қыркүйек, 2022

Республика күні ұлттық мерекеге айналды

621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен өткен аптада елімізде болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII cъезіне тоқталып, форумның жұмысын қорытындылады.

Республика күні ұлттық мерекеге айналды

«VII cъезд тарихи және бірегей оқиға болды. Форум дінаралық және өркениетаралық диалогтің айтулы алаңына айналды. Дін лидерлері съезд мінберінен бейбітшілік пен диалогті қолдауға арналған маңызды ойлар айтты. Нәтижесінде, айтылған ұсыныстар тұжырымдалып, ортақ Декларация қабылданды. Онда диалог пен өзара түсіністік мәдениетін ілгерілету және жанжалдар мен қақтығыстарды тоқтату бо­йынша әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған маңызды мәселелер көрсетілді», деп Мәулен Әшімбаев сена­торларға cъезге белсенді қатыс­қандары үшін алғыс айтты.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар екі заңды қарап, қабылдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мәдениет және кинематография саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған. Аталған құжат жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов баяндама жасады.

«Бұл заңды іске асыру аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығы құрылып, оның қызметі ең алды­мен кино өндірісіне, фильмдерді прокаттау мен көрсетуге және ұлттық фильм­дерді одан әрі ілгерілетуге бөлі­нетін бюд­жеттік және бюджеттен тыс қара­жат­ты шоғырландыруға және бөлуге бағыт­талып отыр. Мұндай ұйым­дар ба­рлық жетекші кино өндіруші елдерде қызмет атқарады.

Заң жобасын қабылданғанға дейін барлық кинокар­тина, олардың прокатын қоса алғанда, толық көлемде қаржы­ланды­рылып келді. Бұл өз кезегінде шыға­рылатын фильмдердің санын, сондай-ақ олардың нарықтағы коммерциялық ілгерілеуін айтарлықтай шектеді.

Бүгінгі қаржыландыру схемасында фильм­дерді қаржыландыру көлемі бо­йынша нақты градация қарас­тырылған. Мәселен, ұлттық фильм­дер деп танылуға үміткер киножобаларды қаржылан­дыру туралы шешімді уәкілетті орган Сараптамалық кеңестің оң қорытын­дысы және ұлттық фильмдерді мемле­кеттік қаржылық қолдау мәселе­лері жөнін­дегі ведомствоаралық комис­сия­ның ұсы­ны­мы негізінде қабылдай­ды. Сондай-ақ 2019 жылдан бас­тап Қазақстанда еліміз­дің аумағын­да түсірілім жасау үшін ірі шетел­дік кино­ком­панияларды тарту­ға бағыт­тал­ған кинематография саласында суб­си­­диялар (рибейт) беру тәртібі заңна­ма­лық деңгейде реттеліп отыр», деді Н.Дәуешов.

Жалпы, «Кинематография туралы» заң кинематография саласын дербес бағытқа айналдырған мәдениет саласындағы алғашқы ресми құжат. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аталған заңның қабылданғанына көп уақыт өтпесе де, әлемдегі кинематография саласының қарқынды дамуын назарға ала отырып, оны жетілдірудің заңды қажеттілігі туындаған.

«Заң жобасының тұжырымдама­лық нормаларын айтып өтуге рұқсат етіңіздер. Бірінші, «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы мерекелер туралы» Қазақ­стан Республикасының заңында Қазақ­стан Республикасындағы Ұлттық мере­к­е ретінде – 25 қазанда атап өтіле­тін Республика күнін белгілеу ұсыны­лады. Бұл норма Президенттің 2022 жыл­ғы 16 маусымдағы Президент жа­нын­дағы Ұлттық құрылтай отырысын­да берілген тапсырмасын орындау мақ­сатында жүзеге асырылып жатыр.

Екінші, мемлекеттік бюджет қара­жаты есебінен елімізде және шетелдерде ұйым­дастырылатын әлеуметтік маңы­зы бар мәдени іс-шараларды қаржы­лан­дырудың тақырыптық бағыттары мен тәсілдерін айқындау тәртібін бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін кеңейту ұсынылады. Қазіргі таңда республика және өңірлік деңгейде әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды өткізу мәселесін заңды тұрғыда реттеу құралы болмауына байланысты туындайтын бірқатар проблема бар. Бұл ретте, аталған мәселені шешу мақсатында арнайы регламент қабылдау бойынша норма қарастырылған», деді Н.Дәуешов.

Келесі норма кинематография сала­сында мемлекеттік қаржылық қол­дау алу үшін кинематографиялық қыз­мет субъектілерінің аясын кеңейтуге бағыт­талған. Заң жобасында мемлекеттік қаржыландыру субъектісі қатарына жеке кәсіпкерлерді қосу ұсынылып отыр.

«Төртінші, фильмдердің мемлекеттік қорын айқындау және оны сақтаудың қағидаттық тәсілдері өзгертілді. Бүгінгі таңда, Мемлекеттік фильмдер қоры – кино­коллекция болып табылады. Ұсынылып отырған түзетудің негізінде барлық Мемлекеттік фильмдер қорын сақтайтын бір заңды тұлғаны белгілеу ұсынылып отыр.

Бесінші, ұлттық фильмдерді шығару кезінде қалыптасатын сахналық-қойы­лым­дық құралдарды сақтау және пайдалану мәселесі реттелді және оларды сақтайтын заңды тұлға айқындалды. Осыған байланысты, бюджет қаражаты есебі­нен дайындалған немесе сатып алын­ған ұлттық фильмдердің сахна­лық-қойылымдық құралдарын сақтау мақсатында оны басқа киножобаларды шығару кезінде одан әрі іс жүзінде қолдану үшін осы сахналық-қойылымдық құралдарды сақтауға «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-қа беру ұсынылады. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал етеді.

Алтыншы, шетелден әкелінетін шетелдік анимациялық және отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау көзделген және оларды іріктеу критерийлері мен тәртібі айқындалып отыр. Осылайша, қазақ тілін қолдау және дамыту мақсатында балаларға арналған шетелдік анимациялық фильмдер мен отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі енгізіліп отыр», деді вице-министр.

Сондай-ақ халықаралық киноөндіріс үшін түсірілім алаңы ретінде елімізді ілгерілету мақсатында Ұлттық кинокомиссия құру көзделген. Қазақстанға халықаралық киноөндірісті тарту, елді түсірілім алаңы ретінде ілгерілету мақ­сатында Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығының базасында кон­суль­тативтік-кеңесші орган нысанын­дағы Ұлттық кинокомиссия құрылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республика­сы­ның аумағын фильм түсіру алаңы ретінде пайдалану кезінде кинематография сал­асында субсидиялар (рибейт) алуға үміткер халықаралық кинематогра­фиялық ұйымдарға арналған талаптар жеңілдетіледі.

Тағы бір ерекшелік – ұлттық фильм­дерді шығаруға бөлінетін қаражатты бөлудің жаңа тәсілдері белгіленді. Заң жобасы аясында, фильмдер шығаруға бөлінетін жалпы бюджеттің 70 пайызын тарихи, патриоттық және имидждік киножобаларды қаржыландыруға, 30 пайызын жеке киножобаларды бірлесіп қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр.

«Заң кинематография саласын одан әрі дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады. Жаңа нормалар мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге және халқымыздың тарихы мен мәдениетін кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып бекітілді. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Алдағы уақытта осы мейрам тәуелсіздігімізді дәріптеуге және нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.