Қоғам • 23 Қыркүйек, 2022

Еңбек нарығының талабы

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде кәсіптік біліктілік туралы екі заң жобасының таныстырылымы өтті. Отырысты аш­қан комитет төрағасы Жәмила Нұрманбетова «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасы­ның 1 қыркүйектегі Жолдау аясында әзірленгенін айтты.

Еңбек нарығының талабы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев баяндамасында бұл заң жобаларының негізгі мақсаты ұлттық біліктілік жүйесінің элементтерін жүйелеу, біліктілік жүйесін басқару моделін енгізуді қамтамасыз ететін құралдар мен механизмдерді қалыптастыру екенін атап өтті.

Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу бойынша шараларды Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министр­ліктерімен, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп атқарды.

– Заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдар жанынан кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер құрылып, кәсіптік біліктіліктерді растауды қажет ететін кәсіптер тізбесі айқындалады. Ол министрліктің Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асырылады, – деді О.Ордабаев.

Заң жобасы қабылданса, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған мамандарға біліктілігін ресми түрде растайтын куәлік беріледі. Біліктілік жүйесі қызметкерлердің, жұмыссыз мамандардың неғұрлым тез әрі сапалы жұмысқа орналасуына, жоғары табыс табуына мүмкіндік береді.

Ал жұмыс берушілерге еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білікті мамандарды жұмысқа тартуға, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар