25 Мамыр, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тәртіп орнықты Таиландтың премьер-министрі Абхисит Ветчачива елде әске­ри­лер­дің күшімен тәртіп орнатыл­ғанын ресми түрде мәлімдеді. Оппозицияның ұйымдастыруы­мен екі жарым айдай қарсылық әрекеттерінен адам құрбандығы болып, жалпы ел экономикасына айтарлықтай нұқсан келген еді. Үкіметтің келісімге шақырған ұсы­ныстарына оппозиция бас­шы­лары орындалмайтын талаптар­мен жауап берді. Енді тәртіп ор­ныққан соң да үкімет елді бөлген қайшылықты шешудің жолын іздестірмек болып отыр. Иран мен уран Қазір бұл екі ұғым қатар ата­ла­ды. Иранның уранды жоғары деңгейде байытқанына әлем қарсы. Өйткені, одан қарулы уран алынуы мүмкін. Ғылымға, басқаға керек болса, жұрттың көз алдында байытылған уранды басқалардан ал дейді. Сөйтіп, бұл ел байы­тыл­ған уранды Бразилия мен Түр­кия­дан алуға келісім жасасты. Яғни, өзінің мың жарым тоннадай ура­нын жоғары байытылған жүз кило­дан астам уранға айырбастай алады.  Айырбастау түрік жерінде өтпек. Жығылғанға — жұдырық Қорғаныс мақсатында бүлініп жатқан Қырғызстанмен арадағы шекараны күшейткен мақұл шы­ғар, бірақ онсыз да қиналып жат­қан елге экономикалық қысым жа­сау артық екені даусыз. Өзбек­стан Қырғызстанның оңтүстік өңіріне табиғи газ беруді күрт қыс­қартты. Бұрын бір сағатта 2,5 мың текше метр газ беріп келсе, енді 800 текше метр ғана боса­та­ды. Рас, қырғыздардың өзбектерге қарызы да айтарлықтай – 1,6 миллиард доллар. Марсельдегі мешіт Талай рет жоспарланып, тіпті парламентте де талқыланып, бү­гінге дейін жүзеге аспаған Мар­сель қаласындағы мешіт 2012 жылы пайдалануға беріледі. Және ол бүкіл Франциядағы ең үлкен мешіт болмақ. Онда бір мезгілде 7 мың адам намаз оқиды. Және онда медресе, кітапхана, мей­рам­хана болмақ. Ал жалпы Фран­ция­да бес миллиондай мұсылман болса, соның 250 мыңдайы Марсельде тұрады. Белбеуді қысқан жөн Бюджет тапшылығы Еуропа­ның көп елін қысып тұр. Испания үкіметі сол тапшылықты ішкі жал­пы өнімнің 11 пайызы көлемінен 6 пайызы көлеміне дейін қыс­қарту мақсатында қатаң шаралар белгілеп, жүзеге асыра бастады. Бұл шаралар 15 миллиард еуро көлемінде үнем жасауға жеткізбек. Бұл үшін биылдың өзінде бюд­жеттегілердің жалақысы 5 пайызға кеміп, 13 мың бюджеттегі қыз­меткер жұмыстан босайды. Хрущевтің даңғазасы секілді Корея Халық-Демократиялық Республикасының көсемі Ким Чен Ир халықтың алдына картоп­ты көп өндіру міндетін қойды. Расында да бұл – өте түсімді да­қыл. Ашқұрсақ елге керек-ақ. Елде картопты көп өсіру жөнінде үлкен насихат жүргізіліп жатыр. Бұл өзі кезінде КСРО көсемі Никита Хрущевтің жүгеріні көп өсіру туралы даңғазасына өте ұқсас көрінеді. Ұрлықта да рекорд бар Париждегі Қазіргі өнер музейінен құны 90-100 миллион еуро тұратын картиналар ұрланды. Павло Пикассо, Анри Матисса сияқты атақты суретшілердің шы­ғармалары қолды болыпты. Біраз адамды сол шығармалардың өнер­лік құндылығынан гөрі ақшалай құндылығы көбірек ойландыра­тын көрінеді. Алғашында ұрлан­ған шығармалар құны 500 мил­лион еуро деп, ол рекорд саналса, шын мәнінде ол 100 миллион көлемінде болып, 1990 жылы му­зейден ұрланған картиналардың бағасына жетпей қалыпты. Біреу­лер рекорд болмай қалды деп, оған өкінетін сияқты. Қарақшыларға өлім жазасы Йемен соты алты сомалилік қарақшыны өлім жазасына, тағы алтауын он жылға соттады. Қа­рақ­шылар өткен жылы Йеменнің танкерін басып алып, кеме ко­мандасының екі мүшесін өлтірген болатын. Жаза қатал, бірақ әділетті деп қабылданды. Өткен жылы сомалилік қарақшылар тек Аден шығанағы мен Араб теңізінде 217 рет кемелерге қарулы шабуыл жасапты. Қарын — есірткі қоймасы Лагос әуежайында Германияға ұшпақ болған 52 жастағы ниге­риялық саясаткер Эме Зуру Айортор ұсталды. Оның қарнынан екі кило кокаин табылыпты. Ол 100 грамдық пакеттерге салынған екен, яғни 20 пакет! Ұсталғанда айтқан уәжі: 2007 жылғы сайлауда көп шығынданыпты, енді 2011 жылғы сайлауға да қаржы керек. Соған ақша жасамақ болыпты. Әзірлеген  Мамадияр ЖАҚЫП.