Бұл күндері Федоровтың асқан шеберлігіне тәнті болған барлық БАҚ өкілдері оның осы жарқын жеңісі жайында жарыса жазып жатыр. Расында да, жерлесімізді қалай мақтасақ та жарасады. Өткенге зер салсақ, қазақстандық спортшылар арасынан әлемдік додаларда тек Алексей Луценконың ғана бағы жанғанын байқаймыз. 2012 жылы Нидерландтың Лимбург қаласында өткен додада отандасымыз алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Міне, енді араға 10 жыл салып, Евгений Федоров әлем чемпионы атанып отыр. Осы орайда, әр жылдары дәл осы андерлер сайысына қатысқан Дмитрий Фофанов, Андрей Кашечкин, Максим Иглинский, Андрей Зейц, Роман Киреев және тағы басқа мықты велошабандоздарымыздың жүлдесіз қалғанын ескерген жөн. Осы жайттың өзі-ақ, Федоровтың алыстағы Аустралияда үлкен шаруа тындырғанын аңғартып тұр.
Бәсеке аяқталған бетте: «Жасыл құрлықтағы жарысқа тыңғылықты даярландық. Сол үшін де осыдан бірер апта бұрын ғана аяқталған «Испания Вуэльтасына» қатысып, шеберлігімді әбден шыңдадым. Бірақ соның өзінде де бас жүлдені олжалаймын деп еш ойлаған жоқ едім. Өйткені бұл біріншілікте бәсекелестік өте жоғары. Қырсыққанда сол күні жаңбыр да жауа қалды емес пе. Бұл жағдай біраз қолайсыздық тудырды. Соған қарамастан жарыс жолында барымды салдым. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Менің қуанышымда шек жоқ!», деп ақтарыла сөйледі.
Евгений Федоров жайында тағы біраз мәлімет беретін болсақ, ол бұған дейін де бірқатар дүбірлі додаларда дараланған. Атап айтсақ, 2018 жылы Буэнос-Айресте алауы тұтанған жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ересектердің Азия чемпионатында алтын мен күміс медальдарды иеленді. Сондай-ақ Евгенийдің Қазақстан чемпионы деген атағы бар.