Қаңтар оқиғасынан соң ел билігінен біраз лауазымды тұлғалар шеттетілгеніне куә болдық. Дей тұрғанмен отандық экономика әлі де болсын бұрынғы олигархтардың қолында. Бұлар республикамыздың клиптократиялық емес, демократиялық тұрғыдан даму арқылы нарықтық экономикаға бет бұруына қарсылық танытуда. Қарап отырсақ, Қазақстаннан «Форбс» тізіміне енген миллиардерлердің бірде-біреуі өз бетімен жаңа технология тауып, болмаса жаңашыл идеямен, ғылым немесе өндіріске енгізген жаңалығымен көзге түскен жоқ. Олардың басым бөлігі еліміздің қазынасын, қазақтың жерасты байлығын пайдалану арқылы мол дәулетке ие болды. Кейін қаржы ұйымдарын құрып, халыққа қымбат несиелер таратып, байлығын одан сайын еселеді. Міне, осы олигархтар мен топтар соңғы жылдарда қолға алынған тың бастамалардың іске асуына мүдделі болмағандай көрінеді.
Қазіргі саяси жағдайды бағамдасақ, 2024 жылы өтетін кезекті президенттік сайлауда әлгі топтар қаражаттарын пайдаланып медиаресурстар арқылы елдегі әлеуметтік-қоғамдық наразылықты күшейтуге тырысар еді. Төңіректегі мемлекеттерде болып жатқан кейбір құбылыстар алдағы жылдары Қазақстанға да әсер ету мүмкін. Міне, сондай кезеңде маңызды саяси шараны өткізу тым қиынға соғар еді. Сондықтан қазіргідей уақытта кезектен тыс президенттік сайлау жарияланып, оның жыл соңына дейін өткізілуін, халық мемлекет басына келетін тұлғаны бірден 7 жыл мерзімге сайлайтынын өз басым құптаймын.
Қазақстанның сайлау жүйесін өзге елдермен салыстыру әсте дұрыс емес. Себебі біз мүлде өзге геосаяси ортада, алпауыт мемлекеттердің арасында орналасқанбыз. Әділетті Қазақстанның азаматтары бөлінуді емес, бірігуді үйренуіміз керек.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Еркеғали ЖАНҒАЗЫ,
«Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
ПАВЛОДАР