Қоғам • 26 Қыркүйек, 2022

Кінәлілер жауапкершіліктен жалтармауы керек

184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Қызылордада 39 жастағы келіншек толғақ үстінде көз жұмды. Бұл биылдыққа тіркеліп отырған бесінші жағдай екен. Ана мен бала саулығына байланысты өткен жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұған жол бергендердің жауапкершілігі қатаң қаралуы керектігін қадап айтты.

Кінәлілер жауапкершіліктен жалтармауы керек

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді ден­саулық сақтау» ұлттық жоба­сы­ның іске асу барысы қаралған Үкімет жиынынан кейінгі осы отырыста облыс басшысы аймақ­та­ғы ахуалды саралап, мәселеге ерекше мән беруді тапсырды.

Кейінгі жылдардағы ана мен ба­ла өлімі көрсеткіштері ең алдымен, дәрігерлерді алаңдатуы тиіс. Өңір әкімі облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Па­зыловқа емдеу нысандарына талдау жасап, жағдайды жақсарту үшін нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.

Жуырда ғана болған ана өлі­мі­не қатысты оқиға жан-жақ­ты зерделеніп, кінәлілер қатаң жауап­кер­шілікке тартылуға тиіс. Алда мұн­дай жағдай қайталанбауы үшін қажетті мүмкіндіктерді пайда­ла­на отырып, нақты шаралар қабыл­дан­­­уы керек.

– Әрбір тіркелген өлім бір отба­­сының трагедиясы екенін ұмыт­­пайық. Осыдан екі жыл бұрын – 12, былтыр – 10, жыл ба­сы­нан бері 5 ана өлімі тіркеліп отыр. Бұл мәселені осы кезге дейін арнайы қарап, тиісті сала бас­шысына, дәрігерлерге нақты тапсырмалар берілген еді, алайда орындалуы көңіл көншітпей тұр. Нәрестелердің шетінеуі де – күрделі мәселе. Бауыр еті баласынан айырылу кімге де оңай емес, бұл – тұтас отбасының тағдыры. Әр адам дәрігерге үмітпен келеді, дертіне шипа табамын деп сенеді. Ал дәрігерлерде жауапкершілік жағы кемшін түсіп жатыр. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Сон­­дық­­тан ана өліміне жол берген ма­ман­дардың мәселесін қа­рап, тал­дау жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық перина­тал­дық орталығының бас дәрігері Олег Ким мен облыстық жұқпалы ауру­лар ауруханасының бас дәрі­ге­рі Айна Мұхамбетоваға нақты тапсырмалар берілді.

Ана мен бала өліміне қатысты барлық деректі арнаулы комиссия саралап, мамандардың кәсіби деңгейіне талдау жүргізіледі. Бұл м­әселе алдағы облыстық мәс­ли­хат сессиясының күн тәрті­бі­не қойылады. Облыс әкімі ана өлі­мі­не жол бергендерге қатысты тек­серу қорытындысы әкімдіктің ал­дағы кеңейтілген жиынында қара­латынын да ескертті.

Жиында аймақ басшысы Ұлт­тық жобада көзделген көрсет­кіш­тер мен нысаналы ин­ди­ка­тор­лар­ға қол жеткізу мен дәрі­гер­лер тап­шылығын азайту мақ­сатында медициналық ұйым­дарға талдау жасауды, жүкті әйел­дер­ді босануға дейінгі жеке және сала­аралық бақылаумен қамтуды сапалы жүргізуді тапсырды.

Осыдан кейін облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының баспасөз қызметі облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен арна­йы штаб отырысы өткі­зіл­­г­енін хабарлады. Оған облыс­тық денсаулық сақтау басқар­ма­сының, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі Медициналық және фар­ма­цевтикалық бақылау ко­ми­­­­тетінің Қызылорда облысы бо­­йын­ша департаментінің және «Рес­публикалық электрондық ден­­саулық сақтау орталығы» Қы­­зылорда облыстық филиа­лы­ның бас­шылары және медицина ұйым­дарының бас дәрігерлері қатыс­қан.

Баспасөз қызметінің ха­бар­лауын­ша, ана өліміне жол бер­гендерге тәртіптік шара қарас­тырылып, оқиғаға байланыс­ты комиссия іске кірісті. Қазір облыстық пери­на­тал­дық орта­лық­та жағдайға байланысты сот-медициналық сараптама жүр­гізіліп жатыр. Сарап­тама қоры­тын­дысынан кейін тиісті шаралар қабылданады.

 

Қызылорда