Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының басшысы Люк Тардиф арасындағы кездесу барысында осы тақырыпта кеңінен әңгіме қозғалған еді. Сол кезде Мемлекет басшысы біздің елде спорттың осы түрімен 14 мыңнан аса адам айналысатынын тілге тиек ете келе, жер-жаһанның ең мықты командалары бас қосатын бәсекені аса жоғары деңгейде өткізе алатынымыз жайында мәлімдеді. Қазақстаннан бөлек, бұл жарысты қабылдауға Германия мен Норвегия да ниет білдіріп отыр.
Өткенге зер салсақ, әлемдік дода сонау 1920 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 85 мәрте жалауы желбіреген жарыстың дені Еуропа елдерінде өткені белгілі. Одан бөлек, АҚШ-та үш және Канадада бір рет шымылдығы түрілді. Егер таңдау Қазақстанға түссе, онда шайбалы хоккейден осындай бәсі жоғары бәсеке Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылмақ.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионаттарында 10 рет бақ сынады. Алғаш рет 1998 жылы Швецияда бой көрсетсек, соңғы рет биыл Финляндияда бақ сынадық. Ең үздік көрсеткішке 2021 жылы Латвияда қол жеткіздік. Балтық жағалауындағы жарыста 10-орынға табан тіредік. Сол чемпионат барысында небір азулы командалармен терезесі тең өнер көрсеткеніміз жанкүйерлердің жадында.
Естеріңізге сала кетейік, келесі әлем чемпионаты 2023 жылы Финляндияның Тампере мен Латвияның Рига қаларында өтеді. 2024 жылғы жарысты Чехияның Прагасы мен Остравасы қабылдайды. 2025 жылғы дүбірлі доданың жалауы Швецияның Стокгольмі мен Данияның Хернингінде желбірейді. Ал 2026 жылғы біріншілік Швейцарияның Цюрихы мен Фрибурында ұйымдастырылады.