Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Реформаларды толыққанды жүзеге асыру мақсатында мейлінше мұқият әрекет етіп, ұзақмерзімді мүддеге жұмылу қажеттілігі баса айтылды. Алдымызда тұрған стратегиялық реформалауды толыққанды жүзеге асыру, мемлекеттік институттарды жаңғырту аясында Президент өкілеттігінің мерзімін 7 жылға созу ұсынылды. Атап өтетін тұсы, Президенттің өкілеттігі 7 жыл және сайлану мерзімі бір рет қана, яғни екінші рет сайлануына тыйым салынбақ. Бұл өзгеріс қоғамға не үшін қажет деген сұрақтың туындауы табиғи заңдылық. Бұл – мемлекеттік билікті монополизациялаудың алдын алудың бір тетігі.
Бұл ретте Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды және осы бастамаға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады. Кезектен тыс Президент сайлауы – еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын шешім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы қолға алған бастамалары мен конституциялық реформалардың нәтижесінде Қазақстанда мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа моделі қалыптасты. Енді келесі қадам – осы модельді іске қосу болмақ. Бұл күрделі, жауапты қадам Конституцияға сәйкес халық пен мемлекет атынан әрекет ететін Президент пен Парламент депутаттарының тікелей сайлауымен байланысты. Ең алдымен, халық Мемлекет басшысын жаңарған конституциялық мәртебеде және жаңартылған сайлау заңымен сайлауы керек. Соның бірден-бір дәлелі – 2022 жылғы маусымда өткен жалпыхалықтық референдумға ел азаматтарының көпшілігінің қатысуы. Алдағы сайлауды Қазақстан тарихындағы жаңа сапалы кезеңнің бастауы ретінде қабылдаймын. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Өз кезегінде, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқанының қатаң заң шеңберінде өтетініне, отандық және халықаралық байқаушылардың қатысатынына кепілдік берді.
Тәуелсіздік бәрінен де қымбат! Демек бүгінгі буын мемлекетімізде жүзеге асып жатқан саяси өзгерістердің куәсі бола отыра, өз тарапынан сол тәуелсіздіктің нығаюына, кемелденуіне өзіндік үлес қосуға мейлінше мүдделі болуға тиіс.
Бағыш ҒАБДУЛЛИНА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі,
профессор