Жаһандық саясаттың күрделі кезеңінде Президентті демократиялық жолмен сайлау халықты мемлекетшілдік мүддеге ынтымақтастыруға және біріктіруге бағытталған. Сайлау елімізде жүзеге асырылған Конституциялық реформалардың қорытындыларын бекітеді және әлеуметтік-экономикалық саладағы реформаларды жалғастырып, нәтижелерін айқындайды.
Президенттің кезектен тыс сайлауы туралы Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеді. Ал Жарлыққа бір айға жуық уақыт өткенде қол қойылды. Барлық саяси күштің сайлауға дайындалуына, қоғамдық талқылау өткізуге және алдын ала стратегияларын айқындауына уақыт жеткілікті болды деп санаймын. Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сайлаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күнде болатын. Сонымен қатар Президент алдағы Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын айтып отыр. Барлық саяси күштердің алдағы Парламент және мәслихаттар сайлауларына дайындалуына жеткілікті уақыты бар.
Қазіргі халықаралық және өңірлік қақтығыстарды ескере отырып, әсіресе посткеңестік кеңістікте орын алып жатқан жағдайларда мемлекеттілігімізді нығайту ерекше өзекті. Демократиялық жолмен орныққан саяси жүйе институттарын трансформациялау – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік. Президент сайлауы – халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғамды және билікті үйлесімді әрекет етуге ықпалдастырады.
Демократиялық және орнықты жаңа саяси мемлекеттік басқару институттарын қалыптастыру – еліміздің тұрақтылығын және тұтастығын, оның сыртқы және ішкі сын-қатерлерге мойымай, төтеп беруін арттырады.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты