Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2022

Жұртпен жүздесіп, нысандарды аралады

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар мәдени нысанды аралап, спорт кешендерінің жұмысымен танысты.

Жұртпен жүздесіп, нысандарды аралады

Министр барған «Мұз айдыны» кеше­нінде мұз айдынынан бөлек, волейбол, баскетбол, жекпе-жек әдістеріне баулитын оқу-жаттығу залы, спорттық билерге арналған хореографиялық сынып бар. Қазір мұнда 7 спорт түрі бойынша 615 адам жаттығады.

Келесі нысан – «Тарлан» спорт кеше­нінде бокс, күрес, таеквондо, ауыр атлетика бойынша 350 адам жаттығып, 100 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ашыл­ға­нына 6 жыл болған кешенде Қазақ­станның 20 спорт шебері, 78 спорт шебе­ріне үміткер дайындалды. Кешенде облыс әкімі Балалар жылы аясында өңірде демеушілер көмегімен 80 ойын алаңын салу басталғанын жеткізді.

Министр ұлттық спортты заманға сай жаңғырту мақсатында «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жоба қолға алынғанын айтып, марафонға белсенділік танытып, жанкүйер болуға шақырды. 1200 шақырымдық марафон-бәйге елордадан бастап Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түр­кіс­тан облыстарын қамтымақ.

Осы күні Дәурен Абаев 62 мыңнан аса жәдігер жинақтаған облыстық тарихи-өлкетану музейінде де болды. Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханада облыс тұрғындарымен кез­десуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Жұртшылықпен жүздесуде көп­теген мәселе көтерілді. Оларды жер­гі­лікті әкім­дікпен бірлесе шешу жол­да­рын қарас­тырамыз. Бірлескен жобалар қатарында биыл сахна бұлбұлы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай өткен шараларды атап өтер едік. Тарихи-мәдени ескерт­кіштерге бай облыста көр­шілес өңір­лермен байланыстыра отырып, туризм­ді дамытуға болады, – деді министр.

Осыдан кейін ведомство басшысы бірқа­тар тұрғынды жеке қабылдап, мәсе­лелерін тыңдады. Министр сапары Бай­қоңыр қаласында жалғасты.

 

Қызылорда облысы