Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2022

Алматыға келген ресейліктердің саны белгілі болды

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев соңғы күндері Алматыға 5066 Ресей азаматы келіп, 4172-сі кетіп үлгергенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыға келген ресейліктердің саны белгілі болды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала әкімдігі Ресей Федерациясынан келетін азаматтар санының артуына байланысты жағдайды реттеуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдап жатқанын айтты. Әкім Ерболат Досаев арнайы жоспар бекітті.

«Дүрбелеңге еш негіз жоқ. Қолымызда бар ресми деректерге сәйкес, көрші елде ішінара жұмылдыру басталғалы бері Алматы қаласына Ресей Федерациясының 5066 азаматы келсе, 4172-сі осы жерден кетіп үлгерген», деді Арман Қырықбаев.

Әкімнің орынбасары жатақханалар бақылауға алынғанын атап өтті.

«Осы аралықта біздің жатақханалар қызметіне Ресейдің 2 мыңнан астам азаматы жүгінді, резервте 1000-нан астам төсек бар. Сондықтан қаламызға келген азаматтарды орналастыру бойынша ешқандай мәселе жоқ. Қажет болса, қалада қосымша үй-жайларды орналастыруға барлық мүмкіндіктер бар, олар қазірдің өзінде белгіленген. Егер өте қажет болса, шатырлы қалашықтарды орналастыра аламыз. Бірақ олай болмайтынына сенімдіміз», деп қосты әкім орынбасары.