Өнер • 27 Қыркүйек, 2022

Алтын күз кенеп бетінде...

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күздің сан алуан бояуға малынып тұрған шағында суретшілер кенептерін керіп, табиғат аясында отырғаны қандай жарасымды. Дәл осы сәтті пайдаланып, этюд жазып алып қалмаса, қазан соңында Алтай жүдейді, сұрланады.

Алтын күз кенеп бетінде...

Қыркүйектің мизамын­да облыстық Өнер му­зейінің мұрындық болуы­мен, Шығыстың бір топ су­ретшілері асай-мүсей­лерін асынып, пленэрге шыққан. Рас, өңірдің қай бұрышы болмасын, та­би­ғаты құлпырып тұр. Тіпті жаз­дың күні мұн­шалықты сұлу болар ма еді?!

Дәстүрлі пленэрде қыл­қалам шеберлері бір жылы Батыс Алтайды бейнелесе, енді бірде Катонқарағай асып кетеді. Биылғы сапар Ұлан ауданына түсті. Өс­кеменнен тым қашық емес, Баяш Өтепов ауылына жетіп тоқтаған. Бұл мекеннің тау-тасы, орман-тоғайы өзге жерге ұқсамайды. Тау басы тақырлау болып келгенімен, етегінен сызылып өзен аға­ды. Өзен бойы тұтасқан орман.

Құдаш Нұрсадықов, Вик­тор Калинин, Ержан Тұр­ғанбаев сынды кәсіби суретшілер автобустан түсе сала, әр жерге орнығып алып, этюд жазуға кірісіп кетті. Ал «Жұлдыз» өнер мек­­­­­тебінің бейнелеу өне­рі пәні мұғалімдері Еле­на Машкина, Оксана Арте­менколар алдыңғы тол­қын аға­ларынан ақыл-кеңес алып, шеберліктерін шың­дады.

Дәстүрлі пленэрде «Жаң­ғыру» шығармашылық бір­лестігінің мүшелері Мәди Қайырхан мен Данияр Ал­дабергенов таңдай қақ­ты­рар этюдтер жазып, ұс­таз­дары тарапынан жылы ле­біздер естіді.

– Табиғат аясындағы этюд шынайы әрі құнды. Жан­ды картина деуге болады. Биыл кезекті күзгі пленэрге шықтық. Осы сапарды ұйымдастырған Өнер музейі қызметкерлеріне ри­замыз. Сондай-ақ біздің бо­йымыздағы аздаған өнерді байқап, жетелеп жүрген ұстаздарыма алғыс айтамын, – дейді жас суретші Мәди Қайырхан.

Бүгінгі пленэрдің ерек­шелігі, картина жазғанды қойып, қолға қылқалам ұс­тап көрмеген музей қыз­мет­керлері де кенеп бетіне бояу түсірді. Кәсіби сурет­шілердің бағыт-бағдарына құлақ аса отырып жазылған полотноларға қарап, нағыз шеберлердің жұмысы дер­сіз.

Күні бойы тынбай этюд жазылды, кешкілік көр­ме ұйымдастырылды. Үз­дік картина авторлары Өнер му­зейінің атынан сертификаттар мен кәдесыйлар табысталды.

 

Шығыс Қазақстан облысы