Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2022

Цифрлық таңбалау жүйесі

499 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, темекі бұйымдарының бөлшек сау­дасымен айналысатын қазақстандық бизнесмендерге арналып Петропавл, Көкшетау және Қостанай қалаларында тауарларды цифрлық таңбалау жүйесінде жұмыс істеу бойынша оқыту семинарларын өткізді. Жалпы, осындай семинарларды Қазақстанның тағы 15 қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Цифрлық таңбалау жүйесі

Семинар-тренинг барысында кә­сіпкерлер Naqty Sauda Akt және Naqty Sauda Kassa мобильді қосым­шаларымен жұмыс істеуге үйреніп, өнімді цифрлық таңбалау жүйесі туралы толығырақ ақ­парат алды.

ЕАЭО елдерінде, оның ішінде Қазақ­станда да, цифрлық таңбалау екі өл­шемді Data Matrix коды арқылы жү­зеге асырылады. Кәсіпкерлер оны өнім орамына басып шығарады, ал тұты­нушылар оны арнайы қолданба арқылы сканерлей алады.

Цифрлық таңбалау экожүйесінде жалпы үш мобильді қосымша бар:

  • Naqty Onim тұтынушыға таңба­ланған өнім туралы барлық ақпаратты білуге мүмкіндік береді;
  • Naqty Sauda Kassa 2D сканерін сатып алу мүмкіндігі жоқ бөлшек саудагерлерге арналған;
  • Naqty Sauda Akt қабылдау-тапсыру актілерін растауға немесе қабылдамауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ семинар қатысушы­ларына «Автоматты түрде кәдеге жарату» сервисі ұсынылды, оның көмегімен кәсіпкерлер «Темекі өнімдері» өнім тобында таңбалау кодтарын автоматты түрде кәдеге жарату ар­қылы жеңіл­де­тілген функция арқылы қа­былдау және тапсыру актілерін растай­ды.

«Әр кәсіпкердің жаңартылған Naqty Sauda Akt мобильді қосымшасының бар­лық нұсқаларына қол жеткізе оты­рып, өнімді таңбалаудың маңыз­дылығын және оның контрафактілік өніммен күрестегі рөлін түсінуі өте маңызды. Біз тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесіндегі жұмыстың әрбір кезеңін жақсартуға тырысамыз. Биз­неспен байланыс арналарын көбейттік: тәулік бойы жұмыс істей­тін сенім телефоны бар, вебинарлар, кездесулер, ақпараттық турлар өткі­земіз. Нарық қатысушыларымен бірлесе отырып, тауарларды цифрлық таңба­лауға қатысты әр мәселені егжей-тег­жейлі пысықтап жатыр­мыз», деді өнім тобының жоба менед­жері Лейла Мұстафина.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 13 шілдесінде цифрлық таңбалау темекі өнім­дерін сәйкестендіру үшін бұрын қол­данылған акциздік таңбаның функциясын толығымен ауыстырды. Енді цифр­лық таң­балау коды жоқ темекі өнім­дерінің айналымы үшін жосықсыз кәсіпкерлердің тауарлары тәркіленіп, лицензиясынан айырылып, айыппұл төлеуге міндетті болады.

«Барлық темекі өнімі арнайы код түріндегі сәйкестендіру құралдарымен таңбаланады. Сондай-ақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекі өнімдерін акциздік таңбалармен таңбалау алынып тасталды. Осыған байланысты Қа­зақ­стан Республикасына тасымалда­натын барлық темекі өнімі тек сәй­­кестендіру құралдарымен таң­бала­на­ды», деді Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің әкімшілік басқар­масы­ның акциздік салық басқармасының басшысы Ержан Шүлембеков.

Биыл тамыз айында Қазақстанға таңбаланбаған 4 млн қораптан астам темекі заңсыз әкелінген. Аталған бұзу­шы­лықтар бойынша бюджетке төле­нетін кедендік төлемдер, салық пен ак­циз­дердің сомасы 1,2 млрд теңгені құрады.