Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Қылмысты құрықтау кезеңі

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биыл қыркүйектегі Жолдауында құқық саласындағы проблемалар аз айтылған жоқ. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Жолдау жүктеген мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қылмысты құрықтау кезеңі

Жалпы, бұған дейінгі Жолдауларда да құқық бұзушылықты алдын алудың тың тетіктерін қарастыру тапсырылған еді. Соның негізінде 2019 жылы ұрлық, мал ұрлығы және зорлау ауыр қылмыстар санатына ауысты. Бұл – жеңіл жазамен құтыламын деген «құтырған» қылмыскерлерді қамаққа алып, қоғамнан оқшаулауға мүмкіндік берді. Қылмысты қайталауына тосқауыл болды. Нәтижесінде, екі жылдың ішінде ұрлық саны 2 есеге азайды (2019 жылы – 108 мың; 2022 жылы – 46 мың). Ал мал ұрлығы арнайы қылмыс құрамына енгізілді. Бас бостандығынан айыру жазасы 12 жылға дейін көзделді. Қабылданған шаралар мал ұрлығын 2,5 есеге азайтты (2019 жылы – 3 292, 2022 жылы – 1 271). Зорлау қылмысы да ауыр санатқа жатқызылды. Татуласуға тыйым салынды. Осылайша, күдіктінің жауапкершіліктен қашуына тосқауыл қойылды. Бұл қылмыс саны да 2 есеге қысқарғанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тəркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан əрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны əлеуметтік желі мен түрлі мессенд­жер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге əкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті əрі ауқымды əлеуметтік кесел.

Синтетикалық есірткіні өндіруге жəне таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен жəне есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын əзірлеу қажет», деген еді.

– Нашақорлық – болашаққа балта шабу. Нашақор доза үшін бәріне дайын. Тіпті өз туысына қарсы қылмыс жасаудан да тайынбайды. Сондықтан да мұны тек қылмыстық қудалау тәсілімен шешу мүмкін емес. Барлық уәкілетті орган бірлесіп, алдын алудың тиімді жүйесін енгізу қажет. Мемлекет басшысының Жолдауы аясында министрлік кешенді жоспарды әзірлеуге кірісті. Атап айтқанда, есірткіге қарсы уәкілетті орган ретінде Ішкі істер министрлігінің үйлестіру құзыретін күшейту, жаңадан шығып жатқан «синтетиканы» жедел түрде есірткі тобына қосу, медициналық есепке алуды жетілдіру шараларын қабылдау жоспарланып отыр, – деді М.Ахметжанов.

2019-2020 жылдары есірткіні интернат арқылы жарнамалау, сату ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатқызылғаны белгілі. Тіркелген ауыр қылмыстың үштен бірі есірткі қылмысына қатысты екен. Ала жіпті аттағандардың басым бөлігі интернет арқылы жымысқы әрекетін жүзеге асырғысы келген. Осы ретте жыл басынан бері 1 772 есірткі сайттары анықталған. Олардың барлығы «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталған. Биыл тәртіп сақшылары 33 есірткі дайындайтын цехтың көзін жойып, 105 кило синтетикалық есірткіні немесе құны 2 млрд теңгеге тең 200 мың бір реттік дозаны тәркілеген. Жалпы, жыл басынан бері 11,8 тонна есірткінің көзі жойылыпты.

Әрине, кеселдің алдын алу үшін заңды күшейту маңызды. Осы ретте соңғы бір­неше жылда ұлттық заңнама айтарлықтай пысықталған. Атап айтсақ, 2019 жылы нарықта пайда болып жатқан есірткілер тізімі заңмен емес, қаулымен бекітілетін болды. Жалпы, тізімге есірткінің 117 түрі енді. Бұрын интернет ресурстар арқылы сату тармағы болмаған. Осыған орай, Қылмыстық кодекстің 297-баптың 3 тармағының 5-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза тағайындалған.

Өткен жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттардың «кри­миналдық» мөлшері азайтылды. Оған сәйкес, мефедрон, пировалерон және сол сияқ­ты заттар 3 грамнан 1 грамға дейін, синте­тикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Яғни ендігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүрудің өзі ауыр қыл­мыс саналады. Тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтағаны үшін мұндай заттардың 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайды.

Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның есірт­кіге қарсы барлық үш конвенциясының қатысу­шысы бола отырып, осы саладағы өзінің халық­аралық міндеттемелерін практикалық және заңнамалық деңгейде жүзеге асырады. 2019 жылы жаңа психобелсенді заттарды бақы­лауға енгізу механизмін айтарлықтай жеңіл­дет­кен нормалар енгізілді. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша есірткіні интер­нет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде графи­ти-суреттер мен QR-кодтар арқылы жауапкер­шілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді.

– Жыл сайын алаяқтар азаматтарға 10 млрд теңгеге жуық залал келтіреді. Мұндай қылмыстардың саны тұрақты түрде өсіп жатыр. Егер 2018 жылы 4 мың қылмыс тіркелген болса, ал оның саны 15 мыңға дейін жетті. Интернет алаяқтыққа қарсы күрес жүйелі жалғасып жатыр, – деді бұл жөнінде М.Ахметжанов.