Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2022

Халық мүддесі бәрінен биік

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін аталған елден көршілес мемлекеттерге ағылғандар көбейді. Қазақстанға ат басын тіреген ресейліктердің де қарасы қалың. Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, ішінара мобилизация жарияланған 21 қыркүйектен бері тоғызыншы территорияға 98 мың ресейлік кірген екен, 64 мың адам көрші елге кеткен.

Халық мүддесі бәрінен биік

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Көршілес мемлекет азаматтарының елімізге ағылуы қоғамда кереғар түсінік қалыптастырды. Әрине, Ресейден келген қандастарымызға, жалпы мобилизациядан бас сауғалағандарға көмектесіп жүргендер ішінара кездеседі. Бірақ халықтың басым бөлігі мұндай үрдіске наразы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына барған сапарында көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге де арнайы тоқталды. Осындай алмағайып кезеңде қиналғанға қамқорлық көрсетуді адамгершілікке балады.

«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр.

Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіп­сіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдық танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ», деген Президент Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп, бұл түйткілдің еліміздің мүддесіне сай шешілетінін айтты.

Көрші елден бас сауға­ла­ғандар қатарының молаюы ел­де­гі бағаға да әсер етіп отыр. Әсіресе онсыз да күйіп тұрған тұр­ғын үйді жалға беру мәселесі одан әрі өзекті бола түсті. Бұрын пәтер жалдау құны кез кел­ген­нің қалтасына ауыр тие­тін. Ресейден келгендердің арт­қа­ны­на байланысты баға да өскен. Жалға берумен айналысатын компаниялардың сайттарында, әлеуметтік желілерде 1 бөлмелі пәтердің жалға алу құны 600 мың теңгеден де жоғарылап кет­кеніне куә болып отырмыз.

Дүйсенбі күні осыған байла­ныс­ты Үкі­метте көші-қон мә­се­­­­ле­­леріне ­қатысты жиналыс­ өткен. ­Премьер-Министр Әлихан Смайы­­­лов­тың айтуынша, шетел аза­маттарына қызмет заң аясында ғана көрсетіледі.

«Біз халықаралық міндет­те­рімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүдде­сі­нен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Ең маңызды мәселенің бірі – құ­қық­тық тәртіп пен қауіпсіздік. Со­ны­мен бірге арендалық тұр­ғын үй бағаларының өсуі­нен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр. Жа­уапты органдар тұрғын үй на­рығындағы ахуалды тұ­рақ­тан­дыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет», деді Ә.Смайылов әлеуметтік же­лідегі парақшасында.

Сондай-ақ Үкімет басшысы еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы ба­сым­дыққа ие екенін атап өтті. Осы орайда кәсіпорындар мен мекемелерге осыны естен шы­ғар­мауға кеңес берді. Көр­ші­лес елден келген мигранттар бел­гіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады.

Аталған мәселеге қатысты қоғам белсенділері, депутаттар да пікір білдірді. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзі­не сүйенсек, еліміздің еңбек на­рығын қорғай отырып, Қазақ­с­тан азамат­та­ры­ның еңбек құ­қын қорғауды ұмыт­пау керек.

«Әрбір мемлекеттің бас­ты мін­деті – ішкі еңбек на­ры­ғын қорғау. Бұл құзырлы мем­лекеттік ор­гандардың басты міндеті. Мем­лекеттік рет­теу­дің әлеуметтік ба­ғыты ішкі еңбек нарығын қор­ғай оты­рып, сапалы жұмыс орындарын қамтамасыз ету. Ұлттық мүдде – халықтың мұң-мұқтажын ескеру», деген депутат Ресейдегі ахуалды форс-мажор жағдайға теңеді.

Ресейден ағылған халыққа «қарсы шыққандардың» дені әлеу­меттік желіде «шекараны жауып тастау керек» деп үндеу тастап жатыр. Алайда сарапшылар мұндай ұсынысқа да шынайы қараған дұрыс деген пікірлерін айтуда. Мәселен, журналист Мұхтар Түменбай Facebook-тегі парақшасында: «Бірін­ші­ден, Қазақстан бүкіл әлемдік қауым­дас­тықтың ажы­­рамас бір бөлігі және сол қа­уымдастық алдында алған мін­­деттемелері бар. Соның ішінде, әлем ұстанатын құн­ды­лықтарды бұзбауға тиіс. Мы­салы, жер бетіндегі барша адам баласы, ұлтына, нәсіліне, діні мен жынысына және бас­қа­сына қарамастан, барар елдің талаптарын орындаса, заң­да­рын бұзбаса немесе қылмыс жасап, іздестіруде болмаса, кез келген мемлекетке емін-еркін баруына шектеу болмауға тиіс. Сол себепті Қазақстан да ондай шектеу қоя алмайды. Ол ха­лық­­аралық нормаларға қайшы ке­леді», деп жазды.