Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Жастарға сенім зор

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында «Жастар және сайлау» тақырыбында Жас сайлау­шылар клубының алғашқы отырысы өтті.

Жастарға сенім зор

Клуб отырысына республикалық және өңір­лік жастар ұйымдарының басшылары мен бел­сенділері, өңірлік жастар ресурстық орталық­та­ры­ның, жастар ісі жөніндегі комитеттердің қыз­меткерлері, Астана қаласындағы ЖОО студент­тері, магистранттары мен докторанттары қа­тысты.

Аталған клуб Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің бастамасымен Орт­сайлауком жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылғанын атап өткен жөн. Негізгі мақсаты – жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру.

Нұрлан Әбдіров өз сөзінде жастармен жұмыс Орталық сайлау комиссиясы қызметінің жаңа бағыты екенін атап өтті. «Сайлау – бұл өте маңызды құқықтық және қоғамдық-саяси процесс. Конституцияда халық билікті республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады делінген. Сондықтан сайлаушылардың, әсіресе жастардың сайлау мәдениетін дамыту, құқықтық сауаттылығы мен белсенділігін арттыру өте маңызды және қажет. Себебі жастар – біздің болашағымыз, Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл – сіздер», деді Н.Әбдіров.

Жиында сайлау процесінің түрлі бағыттары бойынша белсенді және қызу пікірталас өтті. Жас сайлаушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алды. Қатысушылар жастардың құқықтық сауаттылығын және сайлау белсенділігін арттырудың, оның сайлау процесіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Жастар белсендісі Олжас Сүлейменов сайлауға және республикалық референдумға қатысудағы жеке тәжірибесімен бөлісті. Елена Данилова «Сайлау мәдениеті мен халықтың белсенділігін нығайту» жобасы туралы айтып берді. Динара Сәдуакасова жастардың электоралдық белсенділігін зерттеудің жеке нәтижелері туралы ойын ортаға салды.

Отырысты қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров Клуб қатысушыларын сайлау мәдениеті мен жас сайлаушылардың белсенділігін арттыру мақсатында одан әрі ынтымақтастық пен диалогқа шақырды. «Біз үшін сайлау процесінің кең ауқымды мәселелері бойынша сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз өте маңызды. Біз осындай ашық және сындарлы форматта жұмыс істеуге ниеттіміз», деді Нұрлан Әбдіров.