Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Ақмола облысына 1500-ге жуық ресейлік азамат келді

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысындағы ХҚКО-да өңірге келген Ресей азаматтарына қызмет көрсету үшін қосымша терезелер ашылды. Мәселен,  Көкшетау қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында қосымша үш терезе мен электронды кезек пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысына 1500-ге жуық ресейлік азамат келді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевтің айтуынша, 26 қыркүйектегі жағдай бойынша Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жарияланғаннан бері Ақмола облысына 1436, өткен тәулік бойынша 601 ресейлік келген.

«Оның ішінде ішкі істер органдарына 351 адам, виза және көші-қон порталы арқылы 264 адам, «E-konak» мобильді қосымшасы арқылы 821 адам байланысқа шыққан. Қазақстан Республикасында уақытша тұруға 257 адам рұқсат алған. Ал, өткен тәулік бойынша 31 адамға рұқсат берілді», деп бөлісті спикер.

Облыста барлығы 4499 Ресей Федерациясының азаматы, оның ішінде 269 кәмелетке толмаған балалар тұрақты тіркеуде тұр. Ағымдағы жылдың басынан бері 343 Ресей Федерациясының азаматтарына тұрақты тұруға рұқсат берілді. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін 57 ресейліктің өтініші қабылданды, оның ішінде 10 қандасымыз бар.

«Бүгінде ХҚКО-да ЖСН дайындау бойынша көршілес мемлекеттерден шетел азаматтарының ағылуы байқалады. Мәселен, 26 қыркүйекте облыстағы ХҚКО-ға 508 шетел азаматы ЖСН алу үшін өтініш берген. Өткен аптада барлығы 421 үміткер өтініш білдірген», дейді Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының орынбасары Жасқайрат Еслямбеков.

Ең көп өтініштер Көкшетау қаласында (287), Бурабай ауданында (73), Қосшы қаласында (49) тіркелген.