Дәстүр • 28 Қыркүйек, 2022

Дәстүрлі ән орындаушыларға арналған байқау өтеді

898 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен  Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы  2022 жылғы 18-19 қазан айы аралығында Алматы қаласында Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушыларының республикалық  байқауын ұйымдастырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәстүрлі ән орындаушыларға арналған байқау өтеді

Әміре  Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы бағы мен бабын сынайтын ең жоғарғы деңгейдегі ән додасы болып есептеледі.

Бұл байқау ең алғаш 1980 жылы бастау алған. Бүгінгі сахнада өнер көрсетіп жүрген ән өнерінің саңлақтары – М. Мүкаманов, С.Жанпейісова, С.Оспанов, Ғ.Мұхамедин,  Б.Үдербаева, Д.Өмірәлиев, А.Қосанова, Е.Айтбаев,  Е.Шүкіманов,  Р.Стамғазиев, Е.Рысқали, тағы басқа жас таланттар аталған байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ән өнерінің дамуына үлкен үлесін қосып келеді. 

Байқаудың негізгі мақсаты: 

1) қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін дамыту үшін жағдай жасау, өскелең ұрпақты эстетикалық тәрбиелеуде рөлін күшейту;

2) орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыра отырып, қазақстандық патриотизмді және ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру;

3) ән өнеріндегі ұрпақ сабақтастығын жалғастыру.

Байқау 2022 жылғы 18-19 қазан айы аралығында Алматы қаласында өткізіледі.

Шараға облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, конкурстардың жеңімпаздары қатыса алады.

Байқаудың өтуі және қорытындысын шығару 2022 жылдың   19 қазанында өтеді. Қатысушылардың өнер көрсету тәртібі жеребе тастау арқылы белгіленеді.

Гран-при иегерлері, жеңімпаздар мен байқау лауреаттарының қатысуымен Гала-концерт 2022 жылдың 19 қазанында сағат 19.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында өтеді.

Байқауға қатысу  шарттары, қоятын талаптары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының интернет-ресурсында орналастырылды.