Алғашқы томда өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары оқырман қауым жылы қабылдаған, әлемдік бейнелеу өнері тарихындағы Жаңаша дәуірдің ұлы шеберлері мен қазақтың саңлақ суреткерлері жайындағы эсселер шоғыры жинақталған «Буырқанған бояулар», сондай-ақ ұлтымыздың озық әдеп дәстүрлері мен халықаралық этикет ережелері сабақтастырыла қарастырылған «Әдеп әлемі» кітаптары қайта өңделіп, толықтырылып берілген. Автордың тарих көші, баба жұрттар ізімен шетелдерге барған жолсапар жазбалары да осы томда қамтылған.
Екінші томды көп жылдар бойы Шоқан Уәлихановтың өмірін зерделеп, ұлы ғалымның 1856 жылы жасаған Ыстықкөл сапарының ізін қайталай жүріп өткен, ол еңбек етіп, ғұмыр кешкен мекендерде арнайы болған қарымды жазушының жаңа ғылыми, мұрағаттық құжаттармен байытылған, көлемі 743 беттік «Шоқан» тарихи-ғұмырнамалақ роман-эссе кітабы құрайды. Үшінші томға автордың «Қазақ шежіресі»», «Арғы түрктер ақиқаты ізімен» атты еңбектері, «Шоқан Уәлиханов – ауыз әдебиеті мен ортағасырлық жазба мұралар зерттеушісі» және Жошы ұлысының әйгілі бектербегі, қазақтың этнотектік тарихында елеулі орны бар Нағанай ұлыби туралы «Нағанай би» ғылыми зерттеулері енген.
Қаламгер ғалымның Халықаралық Түркі академиясының жобасы бойынша «Қазіргі түркология» сериясымен 2015 жылы елордадағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» атты ауқымды монографиясының өңделіп, толықтырылған соңғы нұсқасы шығармалардың төртінші томын құрайды. Бесінші томға ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен баспасөз саласының көрнекті өкілдеріне қатысты эсселері, өзі қызмет еткен ақпарат құралдары туралы мақалалары, берген сұхбаттары, кітаптары мен зерттеулеріне қатысты рецензиялар, автор туралы лебіздер, аударылған дүниелері топтастырылған.