Қала күні қарсаңында өңірдің әл-ауқатын арттыратын құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысы іске қосылды. Мұндағы жұмысшының барлығы – жергілікті азаматтар. Зауыт шығаратын газблок – өңірге аса қажет құрылыс материалы. Енді тұрғындар баяғыдай алысқа сабылып жүрмейді.
«Біздің үшжылдық жоспарымызға сәйкес, қала бойынша миллион шаршы метрден астам құрылыс жоспарланып отыр. Сонымен қатар бұл өнімді басқа да облысқа ұсынысқа бере аламыз. Осындай игі істі бастап, туған жерге туын тігіп жатқан жандарға ризашылығымыз шексіз», деді қала әкімі Әсет Дүйсебекұлы.
Газблок кірпіштерін өндіретін қаладағы алғашқы кәсіпорында қазір 35 адам жұмыс істеуде. Зауыт басшылығы болашақта қызметкерлер санын 150-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Мұнда тәулігіне 100 текше метр кірпіш шығарылады. Зауыт өнімі отандық және Ресей технологиясымен дайындалады. Жеке кәсіпорынға мемлекет тарапынан жер учаскесі, инженерлік желілер бөліп, өндірісті жедел газдандыруға көмек көрсетілді.
«Зауытта кірпіштердің барлық түрін шығарамыз. Жұмысшыларға күніне екі уақыт тамақ, жұмыс киімі беріледі. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 200-300 мың теңге. Осындай зауытты ашуға көмектескен облыс, қала басшысына алғысымыз шексіз. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, зауыт өнімдеріне сұраныс көбейген сайын, жергілікті жұмысшылардың санын арттырамыз», деді зауыт директоры Ирина Хан.
Қазірдің өзінде зауыт өніміне сұраныс көп. Өңірдегі құрылыс компаниялары зауыт өніміне тапсырыс беріп жатыр екен.
Зауыттың ашылуынан кейін көпшілік Оқушылар сарайында өткен «Балдәурен» шығармашылық балалар фестиваліне барды. Іс-шарада 250-ден астам балдырған әуелетіп ән салып, мың бұралып би билеп, қолөнер шеберлігін көрсетті. «Балдәурен» фестивалінің соңында балаларға сыйлықтар таратылды. Қала күніне орай жергілікті аспаздар арнайы «Талдықорған» деген торт әзірлепті. Тортты қала әкімі кесіп, жұршылықты қала күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Қала басшысы «Жастар» саябағы мен спорт сарайының жанына қойылған көрмені аралады. Мұнда өндірістік кәсіпорындардың тауарлары, «Kia» «JAK», «HavaI», «Hyundai», «Lada» маркалы автокөліктері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен фотогрофтардың туындылары орналасқан. Әр ауданнан келген ұжым өз өнімдерін таныстырды.
Осыдан кейін футбол фестивалі өтті. Оған 7-8 сынып оқушылары арасында 25 команда қатысты. Балғын спортшылардың фестивалін тамашалауға барған қала әкімі оқушыларға доп таратып, жылы лебізін білдірді.
Қала күніне арналған дүбірлі думан «Жастар» саябағында өткен мерекелік концертпен жалғасты. Іс-шара барысында шаһар басшысы Әсет Масабаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, қаланың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың директоры Анарбек Монғолға, Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Ерболат Иманқұловқа, «Айсұлу» тігін фабрикасының атқарушы директоры Жарылқасын Болатұлына, «Lider.kz» еріктілер ұйымының жетекшісі Матвей Шведиге «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырды.
ТАЛДЫҚОРҒАН