Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2022

Оң қол ойсыратқан тағдыр

669 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Оң қол ойсыратқан тағдыр

Дәрігердің әңгімесіне дейін

Өмір өзенінде жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, әділет пен жалған, махаббат пен ғадауат қатар ағатыны сияқты адамның бойында да қарама-қайшылықтар тұнып жататын көрінеді. Ол қарама-қайшылықты бақылай алмасаң, кез келген сәтте тағдырыңды өзгертуі мүмкін. Жан-дүниеңде бір-бірімен таласқан, кескілескен мінездер мен қасиеттерді тек сана билейді. Ұлардай шуласқан ойларды тек жүрек басады. Сол үшін де адамға, ең алдымен өз ақылын өзі тыңдай алатын батылдық керек дейді. Ол да рас шығар. Бірақ кейде сананың сонау түкпірінде жатқан қарама-қайшылықтар қатар шауып, ақыл-еске бағынбай, еріктен шығар болса, батылдықтың да қажеті шамалы. Екіге бөлінген ми адамды түрлі қылмысқа итермелейді. Бұл – нағыз психологиялық апат. Ал әдебиетте мұны көркем антропологиялық аспект деп атаймыз. Яғни адамның екіге жарылуы. Төлен Әбдіктің әйгілі әрі мұңды шығармасында Алма өз еркінсіз өз қолынан өлім құшады. Оң қолынан.

Марсқа ұшқан мейірім

Қым-қуыт тіршіліктің қамытын киген мына қоғамда «есі дұрыс» адамдардан (Сіз бен Біз) бөлектене оқшау өмір сүретіндер бар. Солардың бірі – Алма. Алайда біз – қоғам, сол Алмалардан тым алыс жүруге тырысамыз, лажы болса, көрсек те көрмегендей кейіп танытамыз. Тіпті қол шошайтып, күлеміз. Жанымыз ашып, аяймыз. Туған-туысқа, жақын-жуыққа, тіпті қолымыз жетсе, барша әлемге мейірім төгуге дайын дархан көңіл Алмаларға келгенде үнсіз қалады. Жындыхана тұрғындарын бөлек әлем санап, аспанның арғы жағына көшіріп жібергеніміз тағы бар. Дегенмен, біздің бұл бөтен қылығымыз кейіпкер-дәрігерге ұнамайды. Ол оларды жақсы көру керек дейді. Жер бетіндегі зиянкестіктің бәрі сау адамдардың қолымен жасалған ғой дейді.

«Біз тәні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екенімізге шү­кір­шілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз – ақыл-естен айырылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз».

Бұл – өмірдің бір шындығы. Өз басын ойлаған, өз қамын күйттеген, өз амандығына шүкіршілік еткен пенденің бір типі. Шығарманың да бір кілті дәрігердің осы сөзінде жатыр. Саналылармен жарысып өткен ғұмырда ақыл-есін жоғалтқан, өңде де емес, түсте де емес, аспанда да емес, жерде де емес – белгісіз бір мекенде жүрген ғаріптерді неге сүйе алмаймыз? Марсқа ұшуға жеткен батылдық неге соған жетпейді?

Сол бір кеш...  ақ туфли мен көкшіл көйлек

Осы тіршіліктегі бар сәтсіздік, бар бақытсыздық кейде жалғыздықтан басталатындай көрінеді. Жалпы, жалғыздықтың да түрлі сипаты бар: біреу айналасында қаумалаған адам жүрсе де кеудесі босап, жалғызсырайды да тұрады. Енді біреу жақынсыз, туғансыз, баласыз тұл жалғыз. Ақиқатында, өмір сүріп жүрген әрқайсысымыздың ішімізде бір-бір жалғыздығымыз жатқан жоқ па? Жалғыздықтың тереңіне түспесең, ол да жанға керек емес пе?! Ал тереңіне батсаң, шын жалғыздық тым қауіпті. Дәрігер алғашқы күннен-ақ ерекше жақын тартқан Алма да іштей жалғыз еді. Содан болар, «туған күніңде мас болғанша лимонад ішеміз», «жазылып шыққан соң біз сені киноға түсіруге жібереміз» деген ақ-адал көңілге жұбанды. Сәл тарлау әдемі ақ туфли, көкшіл көйлек алып беріп, кешқұрым тығылып қалаға қыдыртқан жанға бауыр басты.

«Жалпы, менің өзім де сол кезде болмашы шалық дертіне шалдыққан болуым ғажап емес... Алмаға деген өзімнің құпия кө­ңілімді тіпті қазір де толық дәлелдеп бере алмаймын. Бар біле­тінім – Алма рухани жалғыз болатын. Ал оны тұңғыш түсін­ген менмін. Ол жалғыздықтан қашып, маған тығылды. Бірақ оған кім болса да бәрібір еді. Әйтеуір біреуге тығылу қажет болды...»

Бәл­ки, Алманы жындыханаға алып келген оң қолы емес, рухани жалғыздығы болар? Иә, ол қылмыскер оң қолдың арам ойынан бөлек, іштегі сары-уайым жалғыздықпен де ауырды. Оң қолмен алысып жатып, бақыттылар мен бақытсыздар туралы жиі ойлайтын.

«Кеменің діңгегі қирап, рулі сынған, желкені жыртылған. Көкжиекке батып бара жатқан күнмен бірге кеме де теңізге батып барады. Жұрттың бәрі жанталасып, өлім дұғасын оқуда. Әркім өзінің жақын көретін адамдарымен құшақтасып, қоштасып жатыр. Тек бір адам ғана өлімнен қорқуды да, қашуды да ойламайды. Ол тек: «Шіркін, осындай өлер сәтте құшақтасып қоштасатын адамның болғаны қандай бақыт», дейді ішінен күбірлеп (Алма өзімен бірге менің де таңқалғанымды тілеп, бетіме қарады). Қараңызшы, өлім аузында тұрған ең бақытсыз жандар да енді біреу үшін соншалық бақытты болып көрінеді».

Алманың жарымжан көңіліне жебеу болған дәрігер де жақсы адам. Өзі ақылды. Кейде өмірдің шын ережелерін тап басып танып тура айтады. Адамдардың ақылын да, қулығын да ажырата алады. Ізгілікке құрылмаған ой тек қалаумен жүреді дейді. Мәселен, сұлу сұлу ма? Ақылды сұлу ма? Әрине, моральға салатын болсақ, тән сұлулығынан жан сұлулығын жоғары қоямыз. Дәрігердің ойынша, бұл адамның шын қалауы емес. «...өмірде сол тән сұлулығымен бетпе-бет келіп қалған кезде өзіміздің әлгі қағидамызды қалай бұзып кеткенімізді білмей қаламыз. Өз еркімізбен ақылы аз болса да сұлу әйелдерге үйленуге дайынбыз, бірақ ақылға бай, көріксіз әйелдерге жолағымыз келмейді. Санамызды жабайы инстинкт секілді бір әуей күш жеңіп кетеді». Бұл да өмірдің бір шындығы.

Сонымен...

Әңгімеден философиялық ой іздер болсақ, ең алдымен, адам жақсылықты да, жамандықты да өзіне өзі жасайды дегенді ұғамыз. Әрине, мұндағы оң қол – символ. Өлімнің, қасіреттің, рухани жалғыздықтың, бәлки, ақиқаттың, «адамның жауы – адамның өзі» деген қорқынышты ойдың символы. Яғни қол жай ғана қару. Негізгі жарылыс адамның миында, санасында болып жатыр. Бәрінен де сол қауіпті.