Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2022

Оралхан драматургиясының даралығы

1124 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қазақ драматургиясында Оралхан Бөкей есімі айрықша аталады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында сахна әлеміне енген суреткердің өнер саласына әкелген жаңалығы мол. «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Зымырайды пойыздар», «Жау тылындағы бала», «Жанар», «Атау кере» сынды сахналық туындылары – Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі жұлдызын жарқырата түскен шоқтықты шығармалар.

Оралхан драматургиясының даралығы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Рас, Оралхан Бөкейді оқырманда­ры­­­ның негізгі бөлігі жазушы, сыр­­лы сурет­кер деп таниды. Драматург ре­тіндегі бағы мен бабы көп жағдайда осы жазу­шы­лығының көлеңкесінде көмескі тартып қалып жатқандығы жасырын емес. Оның себебі де жеткілікті. Біріншіден, дра­ма­лық туындыларының көп бөлігінің әдеби шы­ғармаларының негізінде инсцениров­ка етіп түзілуінен болса, екіншіден, кезінде театр әлемін дүр сілкінткен пьесаларының ұзақ жылдар бойы сахна көрмей, тартпада жатып қалуы дер едік.

Әйтсе де, Оралханның даралығы сол, қа­рымды қаламгер қатарластарының ішін­де алғаш болып сахна мен екі ортадағы кедергіні бұзып, театр әлеміне арнасы кең жол салды. Бұған дейін этнографиялық, лиро-эпикалық сарында жазылған қойы­лым­дарға үйреніп қалған көрерменді жаңа­шыл, заманауи қойылым мәдениетіне тәрбиелеу оңай болмады. Бірақ Оралхан ол шепті қақырата бұзды. «Құлыным ме­нің» тек қана қазақ драматургиясы емес, Кеңес драматургиясындағы елеулі оқиға болды. Алғаш болып пьесаны «Театр» журналы аударып басып, спектакльден тікелей репортаж жасады. Сөйтіп, «Құлыным менің» үлкен пікірталастың арқауына айналады. Бұл – қазақ театр өнеріне арналған бірінші дөңгелек үстел болып тарихқа енді. Сонысымен де 70-жылдардың басында Оралхан Бөкейдің сахнаға арнап жазған тырнақалды туындысы қазақ театр өнерінде шын мәнінде жаңалық болды.

«Бір жасқа кеш туса да, мені драма­тургияға алып келген Оралхан болатын. Ең бірінші «Құлыным менің» пьесасын жазды. Ол кезде драматургияға келу үш ұйық­тасам түсіме кірмеген. Оның үстіне Оралханның пьесасы қабылданбай, қи­нал­­ғанын да көріп жүрмін: күнде ЦК, күнде талқылау. Сонда оған ұрсатынмын: «Сорың құрғыр-ау, сенің драматургияда нең бар? Алты ай уақытың кетті. Екі ортада шапқылап жүрсің. Осы уақытта повесть бітіріп қоя­тын едің ғой». Шынын айту керек, ол кезде жап-жас жігіттің пьесасы «әкем­театрдың» сахнасында қойылу деген қиял-ғажайыптай көрінетін еді. Мұқаң, Ғабең, Сәбеңдер тұрғанда біздің драматургия туралы ойлауымыздың өзі әбестік, әлін білмеген арыстанның айға шапқанындай болатын. Енді қалайша, қабырғалы қа­лам­геріміз Ғабиден Мұстафиннің өзін клас­сиктігіне қарамай, «Түнгі қонағын» әзер қойып жатса? Ғабеңнің қасында біз кім­біз? Бірақ бақытымызға орай, қате­лесіппіз. Ақыры, Оралхан жеңді. Даудың бәрі артта қалып, көп ұзамай «Құлыным менің» қойылымының премьерасына бардық. Пьесасы қабылданбай, қиналып жүрген күндерінің бірінде Оралхан маған: «Әй, Дулат, неғып жүрсің? Сен де пье­са жазсаңшы. Жалғыз өзім талана бер­мей, әне Дулат та сөйтіп жатыр» деп көңіл жұбатып жүрейін. Әйтпесе, жалғыз өзіме қиын болып кетті. Мына тоғышар топқа әлім жетер емес» дейтін. «Қой, мен жаза алмаймын. Осы прозаның өзі­мен қалт-құлт етіп әзер жүргенде, қай­дағы пьеса? Драматургияның исі тіпті мұр­ныма да бармайды» деп үзілді-кесіл­ді қарсы шық­тым. Ол болса: «Сенің шығармала­рың­ның бәрі драматургияға сұранып тұр, тым болмағанда біреуін пьесаға айналдырып көрсеңші» деп мені үгіттей бастады. Шынында да, кейін ойланып-ойланып, «Ректордың қабылдау күндері» деген ең алғашқы пьесамды жаздым. Ол бірден Мәскеуде қабылданып кетті. Жұрттан бұрын оған Оралхан қуан­ды: «Қатарымызға ақыры қосылдың-ау. Сенің келмей қоймайтыныңды білуші едім» деп қатты тебіренді. Кейінірек «Әпкені» жазуға отырдым. Міне, Оралхан мені осылай драматургияға алып келді» деп бөлісті замандас досы жайлы естелік­пен жазушы Дулат Исабеков.

Жазушының драматург ретіндегі ба­ғын биіктеткен әуелгі факторды  Оралхан Бөкейдің драма әлеміне сахна сырын жетік біліп келуімен байланыстырғанымыз жөн. Қазақ Мемлекеттік университеті жур­на­листика факультетінің сырттай бөлі­міне оқуға түспестен бұрын актерлік маман­дықта оқуы – өнердің қыр-сырын жете түсінуіне зор септігін тигізді. Оны рухани ұстазы жазушы Шерхан Мұртаза кезін­де өз естелігінде  былайша келістіріп жазыпты:  «Оралхан да ән салады. Бірақ әні көбінесе мұң сарындас болып келеді. Ал енді көркемсөз айтқанда жандырады. Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, аруақ қысқандай, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді:

«...– Әуре боп неге біткен ажар-кө­рік...» деп сыңсыта баяулата бастап:

– Әне, – деді жолдасым, – әне, Шұға­ның белгісі көрінді. Шұғаның белгісі! – деп қолын қамшы ұстағандай алысқа-алысқа, қиянға сермеп, түр-түсі бұзылып:

– Әй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!.. деп аяғын мұңды сазбен, өкінішпен, өксі­гендей болып барып бітіретін.

Әуелде Оралхан театр институтына түспекші екен, кейін ауылдағы жағдайға байланысты ма, әйтеуір, сәті түспеген. Егер артист болғанда да, ол сол ортаны жанар­таудай жарып шығар еді-ау, деп ойлаймын ғой, оның мына «Шұғадағы» кескінін көріп». 

Бірақ Оралхан әртіс болмады. Есесіне, сол әлемге етене бойлады, сахна сырына үн қосты. Драматург болды. Жазушы қолтаңбасының драма әлемінде де өзін­дік айрықша айшықтау, бейнелеу тәсіл­дерімен ерекшеленуінің басты себеп-сыры да осында жатса керек. Кейіпкер харак­терін түзудегі тосыннан форма тап­қыш­тығы, сюжет құрудағы, оқиға дамы­тудағы дара ойлауы – Оралхан Бөкейдің шығармашылық әлеміне жаңаша сипат, соны үн сыйлағаны анық.

Ақындарға бергісіз шалқар шабыт­пен жырлап, айтар ойы бірнеше бет көле­мінде ұзақ-ұзақ сөйлемдерге құрылып, тоқтаусыз, ешбір үтір-нүктесіз ақ өлең болып құйылып кете беретін Оралхан Бөкей стилі, жазу шеберлігі, ойды берудегі форма тапқырлығы тек өзіне ғана жарасар, өзіне ғана тән дара құбылыс. Бұл жөнінде суреткердің өзі: «Маған сөйлемдерің ұзақ деп сын айтады. Мен оны ешқашан да қыс­қартпаймын. Сол ұзақтық – менің артықшылығым болар, сол ұзақтық шығар мені Оралхан Бөкеев етіп тұрған. Егер оны қысқартсам, мен де көптің бірі болып қала берер едім. Сондықтан да мен ел шығып жатқан есіктен емес, терезеден түскім ке­леді. Маған еліктеп жылап жазған, жырлап жазған біреулер қазір редакцияда емес, жындыханада жүр. Мықты болсаң қай­талама менің өмірімді, бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан еріп жүрген жоқ» деп өктем үн қатады.

Көптеген жазушы, драматург, зерттеу­шілер оралхандық стильді көпсөзділікке теліп, сахна тілі талаптарына сай емес деген тұжырымдар келтіріп жүр. Алайда «Стиль – жазушының өзі» деген ақын А.Пушкин сөзін естен шығармаған жөн. Жазушының ішкі «мені» көмескі тартқан шығарма өзіндік ерекшелігінен де айырылады. Мәселен, Шекспирді неге арындатып, асқақтатып жазады, болмаса А.Чеховты неге жербауырлап, оқиғаға тым шұқшия шүйлігесің, енді болмаса Н.Островкийді неге кейіпкерлерің  көпсөзді көп деп кінәлау қисынсыз. Себебі ол – стиль, жазушының өмірді, өнерді көру мен қабылдау талғамы мен түйсігі. Ендеше, Оралхан Бөкейді де неге қарасөзбен жырлайсың, оқиғада үнсіз ойлантатын үзілістер аз деп кінәлау әділеттілік болмайды, біздіңше. Оралханның стилі сонау Антика дәуірінің алыптары: Эсхил, Софокл, Еврипидтердің, бергісі –  У.Шекспир, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтің  қараөлеңмен өріліп кете берер жазу өрне­гімен  арналас. Айтар ойын ақ өлеңмен төгілтер Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин үнімен өзектес. Негізгі бастауын да сол арнадан алады. Жүсіпбек Аймауытовтың құнарлы көркем тілі мен ке­йіп­керінің психологиялық күйін беру­дегі сұңғылалылығының исі Оралхан Бөкей туын­дыларынан да аңқып сезіліп тұрса, Бейімбет Майлиннің жазушы шығар­машылығына белгілі дәрежеде әсері бол­ғандығын да қаламгер қолтаңбасынан аң­ғару қиын емес. Қос жазушының кейіп­­кер сомдаудағы және оны ашудағы ұқсас­тықтармен қоса, кейіпкерлерінің сөз бас­тауларынан да үндестікті көруге бола­ды. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесіндегі кексе жолаушының «Сіз білмейтін шығарсыз, жас болдыңыздар ғой» дейтін сөйлемі мен Оралханның «Сіз білесіз бе, әй, қайдам, сіз білмейтін шығарсыз» деп келетін тір­кестер – Б.Майлиннің О.Бөкейге руха­ни әсерінің айғағы. Сол секілді екі жазу­шының кейіпкердің іс-әрекеті арқылы оның психологиясын берулерінде де көп­теген ұқсастық бар.

Суреткердің сөз өнері саласында драматург ретіндегі тұғырын нықтайтын сүйекті әрі ең негізгі туындысы – «Құлы­ным менің» пьесасы. Алғаш рет 1974 жы­лы режиссер Қадыр Жетпісбаевтың қол­таңбасында көрерменімен қауышқан дра­ма өзіндік табыспен ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры сахнасында үзіліссіз қойылды. Республика­ның өзге де облыстарында «Құлыным ме­нің» пьесасына оқтын-оқтын оралып, дра­малық шығарманың көркемдік желісіне қызығушы режиссерлер мен театрлар көптеп табылды. Алайда солардың ішінде тарих тарамдарында атауы алтын әріп­пен жазылып қалғаны – режиссер Қадыр Жетпісбаев қойған ең алғашқы «Құлыным менің» еді. Бұған әсер еткен бірінші себеп: драматург пен режиссердің тереңнен түсініскен, берік үндескен үйлесімді рухани тандемі болса, екіншіден –  қойылым­ға қатысқан мықты актерлік құрамның тегеурінді еңбегі.

«Спектакль режиссері Қадыр Жетпіс­баев қойылымның көркемдік шешімін дәл тапты. Оралхан екеуі пікірлесіп жұ­мыс істеді, ойлары көбіне бір жерден шы­ғып отырды. Спектакльге қандай тама­ша актерлік ансамбль қатысқанын мы­на тізімнен-ақ байқауға болады: Боз­тайлақ – Әнуар Молдабеков, Дәулет – Ес­бол­ған Жайсаңбаев, Қарлығаш – Рау­шан Әуезбаева, Қаражан – Камал Қар­мы­сов, интеллигент  – Сейфолла Тел­ғараев, ақсақал – Қапан Бадыров, Жан – Құман Тастанбеков, Гитарашы жігіт – Құдайберген Сұлтанбаев. Аса сәтті шық­қан спектакль 1976 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылып, Оралхан мен Құман лауреат атанды» деп толғаныпты өз естелігінде қойылымда бас кейіпкер Анарды сомдаған  Қазақстанның халық әртісі Фарида Шәріпова.

Атақты актриса естелігінде аталған тізімді кейінірек Гүлжан Әспетова, Тілек­тес Мейрамов, Жұмагүл Мейрамова, Бекболат Құрманғожаев бастаған екінші буын өкілдері толықтырып, спектакльдің сахналық ғұмырын одан әрі ұзартты.

«Құлыным менің» – психологиялық драма. Қаланың шулы ортасының көрігін қыздырған жастардың психология­сы мен Бозтайлақ сынды даланың еркін өскен ұланының ұлттық тіні берік, тамыры бекем, тұнығы шайқалмаған болмысы текетіреске түседі. Бозтайлақ – қаймағы бұзылмаған қазақы қалыптың айнасы. Ардакүреңдей арғымақты айнымас сері­гіне балаған Бозтайлақтың бойында бүгінгі ғылыми-техникалық төңкеріс тонаған тектілік пен тұнықтықтың лайланбаған қайнары бар. Сондықтан да ол өзгелер өре түрегеле ұмтылып, таңсық көре тамсанып жатқан тексіздену мен ұлтсыздануға үрке қарап, айналасын қоршаған қоғамнан оқшауланады. Бозтайлақ үшін адамдық дейтін ардақты ат –  тек алға жүргенде ғана, тек ұзаққа шапқанда, тұяқ тоздырып, арқасын алдырмағанда ғана ақталмақ. Ол өсіп келе жатқан өскелең жастың бойынан әумесерлік пен дүбәралықты, өз ұлтынан өзі жеріп, жатсынған жатбауырлықты, ұлттық тегінен ажырап, бөтен тірлік кешкен өгейлікті емес, тамыры терең, тіні мық­ты Ардакүреңдей қазақы жылқының асау мінезін көргісі келеді. Сол себепті де тынысын кере дем алар, құлашын кере құшақтап, еркін тыныстар кең даласын қимайды, жүрегі елжірей жақсы көреді.

Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың уақытында  «Оралхан, негізінде, проблема қоюға, тартысты материал жасауға, шынайы шыншыл кейіпкерлер сомдауға құштар еді. Қаһармандарының барынша қаны тулап, қайратқа мол болып жатуын қалайтын қаламгер философиялық өреге ұмтылып, қажымас, қайтпас жандардың нақтылы кескінін жасауға құмар болды»  дегені бар еді. Сондықтан да жазушының шығармаларында кескіндеген кейіпкерлері – рухы мықты, арманы асқақ, өмірге бар пейілімен ғашық романтик жандар. Сол мөлдір әлемі көп жағдайда оларды өз ортасынан, қоғамынан жатсындырып, оқшау тіршілік кешуге итермелейді. Мәселен, «Текетірестегі» Ақтанның әлеміне, «Атау кередегі» Ерік пен Тағанның өмір­ге деген көзқарасына, «Мен сізден қор­қа­мын» драмасындағы Ақбота мен «Жылы­мық­тағы» Жанардың рухани қиналысына, болмаса «Қар қызындағы» Аманжан, Ба­қытжан, Нұржандардың ішкі жан дү­ние қатпарларына үңіліп зерделер бол­са­ңыз, әрқайсысының бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мөлдір мұңы мен жан әлемінің жалғыздығына жолығасыз.  Ал «Мұзтау» повесінен инсценировка етіп түзілген «Теке­тірес» тартысты драмасындағы ке­йіп­керлер характері қым-қиғаштығымен қатар, формалық ізденіс, философиялық мазмұн тұрғысынан да жан-жақты жіті зерделенген сүйекті туынды. Формалық жаңалығы сол – бір кейіпкерді екіге жарып: Ақтан 1, Ақтан 2 етіп жармақ характер түзуі. Осы әдіс арқылы ақ пен қара, жақ­сылық пен жамандық, ізгілік пен зұлым­дық, адалдық пен арамдық сынды бір-біріне кереғар мінездер арасындағы теке­тіресті сәтті береді.

Жалпы, шығарма (оқиға) түйінін жұм­бақ күйде қалдырып, соңғы түйінді оқыр­ман (көрерменнің) өзіне қалдыру – бұл, әсіресе, драматургия жанрындағы ұтымды тәсіл екендігін қаламгер жақсы түсінеді. Және осы жұмбақтап жеткізуді – қызықты сюжет құрудың құпия кілті ретінде әр шы­ғармасының өзегіне айналдырады. Сондықтан да Оралхан Бөкей туындылары бірсарынды, бірсыдырғы емес, керісінше, құпиясы мен сыры мол, қым-қиғаш оқи­ғаға құрылған, қиялға бай, динамикасы күш­ті туындылар ретінде оқырманы мен кө­рер­менінің жүрегінен бірден орын алады.

Оралхан Бөкейдің драматург ретін­­дегі қолтаңбасын даралайтын келесі қойы­­­лым – «Қар қызы» спектаклі. Қазіргі Ғ.Мүсі­репов атындағы балалар мен жасөс­пірім­дер театрында 1982 жылы режиссер Мең Доң Ук қойған «Қар қызы» сахнаға шын мәніндегі сыршыл романтиканы, сиқырлы бір тақырыпты алып келді. Алғашқы нұсқасында Нұржан есімді жалғыз кейіп­керді, кейін автор сахнаға шығар алдында Бақытжан, Аманжан, Нұржан есімді үш кейіпкерге бөледі. Бақытжанды – Нұр­қанат Жақыпбай, Нұржанды – Дос­хан Жолжақсынов және Аманжанды – Ал­тынбек Кенжеков кейіптейді. Қар қы­­зын ойнау жауапкершілігі талант­ты актри­са Шолпан Сіргебаеваға жүк­те­­леді. Ал Қоңқай шалдың бейнесі Қа­сым Жәкібаевтің нұсқалауында қазақ сахнасындағы жаңалық кейіпкер болған­дығы жазылады деректерде.

«Қар қызы» – философиялық мәні те­рең шығарма. Ондағы суық әлем сұлулық­тың, жақсылық пен жамандықтың, ізгі­лік пен зұлымдықтың  контраста бері­луі шығарманың көркемдік қуатын арттырады. Өнер – құпиясы мол, сыры терең жұмбақ әлем десек, сол жұмбақ әлемнің жырын суреткер «Қар қызы» арқылы әсерлі жеткізеді. Жалпы, Оралхан Бөкейдің про­за мен драмадағы қолтаңбалық ерекше­лігі мен жапон әдебиетінің арасынан әдемі үндестік табуға болады. Романтика­лық күйді берудегі суреткерлік нәзік иірім­дер, белгілі бір табиғат құбылысының астарынан қоғамдық маңызы бар мән іздеу, замана дертіне дәру болар ем іздеу – жапон әдебиеті мен Оралхан Бөкей шығармашылығы арасын байланыстыратын алтын арқау деуге толықтай негіз бар. Мәселен, «Қар қызы» мен жапон жазушысы Кобэ Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» шығармалары мазмұндық мән, суреткерлік қиял, оқиғаны беру формалары жағынан өзектес, мазмұндас келеді. Сондай-ақ бұл қатарға жазушының «Сай­тан көпір» повесін де батыл қосуға болады. Түрік драматургі Түнжер Жүженоғ­лының «Көшкін» психологиялық драмасы көркемдік шешім мен мазмұндық астар тұрғысынан жоғарыда келтірілген мысалдарымызбен үндес. 

«Сайтан көпір» мен «Көшкіндегі» оқиға әртүрлі дамығанымен, қорқыныштың себебі – біреу. Ол – айқай. Айқай – символ.  Көшкін – табиғаттың құбылысы ғана емес, ол, мүмкін, адамдардың санасына мықтап орныққан қорқыныштар­дың көрінісі... Ал драматургтың идеясы бо­йынша, айналамызда ғана емес, әлемде болып жатқан небір апаттардың басты себебі – адамның табиғаттан ажырай бас­тауы, түптеп келгенде, өз-өзінен ажырай бастауы. Жаңғырық, Анау, Айқай сияқты бейнелер арқылы автор жамандық пен оны жасаушылардың үстемдік құрған заманын тұспалдаса, бас кейіпкер Аспан адалдықтың, жақсылықтың символы ре­тінде алынған.

1979 жылы режиссер Әубәкір Рахи­мовтың режиссерлігімен тұңғыш тұсауы кесіліп, сахнаға жол тартқан «Текетірес» драмасының да сахналық ғұмыры қысқа болды. Небәрі бір-ақ маусым сахналанып, репертуардан түсіп қалды. Себе­бін ре­жиссердің өзінен сұрағанымызда, Әубәкір Рахимов: «Театр жаңа ғимаратқа көшкенде декорациямыздың барлығы шағылып, спектакль тоқтап қалды. Бұл – бірінші себебі. Келесі бір жағы, Орал­ханның шығармасында ұлттық рух­қа қатысты мәселелер көп болатын. Ше­тел­ге кеткен қазақтардың да мұң-мұқ­тажы көтерілетін. Сол түрткі болу керек, әйтеуір «Текетірестің» әрі қарай қо­йы­луына басшылық құлықсыз болды. «Теке­тіресте» басты кейіпкер – Қара­тан мен Ақтан. Қаратан – сол дәуірдің, яғни Кеңес өкіметінің белді өкілі болса, Ақтан – кісікиік болып жүрген адам. Сонда әділ­дік туралы айтыса келгенде, Қара­тандардың көптеген былығы ашылып жа­тады. Міне, осының барлығы біздің бас­шыларымыздың үрейін тудырды. Сол қорқыныш та Оралханның көп шығармасының жолын кесті. Мәселен, «Зымырайды пойыздарын» автордың өзі театрға алып келген, сахнада берілу тәсіл­дері жөнінде ұзақ сөйлесіп, пьеса сю­жет­терін талқыластық. Кейін оны режис­сер, театрдың көркемдік жетекшісі Әзір­байжан Мәмбетовке әкеліп, оқиғасы­мен таныстырғанымда: «Тағы да шетелге қашқан қазақ туралы ма, қажет емес» деп, бірден өзінің қарсылығын білдірді.

Соңғы уақытта сахнада замандастар бейнесінің сомдалмай жатқандығы жа­йында театр, әдебиет саласы мамандары арасында жиі сын айтылады. Біздіңше, жоғарыда келтірген шығармалардың қай-қайсысы да  аталған үде-міндетке толық­қанды жауап береді. Осы тұрғыдан келгенде, Оралхан Бөкейдің драмалық тілін сахнада сөйлетуде режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың ізденістері көңілге құрмет орнықтырады. Қаламгердің аңыздық, әпсаналық астармен берілер көркемдік әлемін режиссер Нұрқанат Жақып­бай өз жұмыстарында өте сәтті пайдала­нып жүрген санаулы суреткердің бірі. Ке­йінгі кезде «Қар қызы» мен «Ұйқым келмейді» шығармаларына оқтын-оқтын оралып жүрген Жұлдызбек Жұманбай, Дәурен Серғазин, Бәзіл Сұлтанғазин бас­таған жас режиссерлердің ізденістері де зор қошеметке лайық. «Ауыл хикаяларына» сахналық соны ғұмыр сыйлаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев еңбегі де айрықша атап өтуге тұрарлық спектакльдер санатында.

Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атын­­дағы академиялық балалар мен жас­­өспірімдер театрында Нұрқанат Жа­қып­­байдың режиссерлігімен көрер­мен­ге ұсы­нылған «Атау кере» өзінің ойлы­лығымен, психологиялық ішкі терең қатпарлары­мен бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғам жайлы соны сараптамаға жетелесе, 2013 жылы Астана қаласындағы М.Горь­кий атындағы орыс драма театры ұжы­мы­мен бірлесе жұмыс істеуінің нәти­жесін­де туған «Последнее причастие» қойы­лы­мы Нұрқанат Жақыпбайға суреткер ре­т­ін­де жаңа тыныс сыйлады. «Атау кере» жө­нінде театр сыншысы Әшірбек Сығай бы­­лай деп жазады: «Нұрқанат «Атау ке­ре­ні» қандай жақсы қойды. Оқиғаны ой мен философияға құрып, суреткер ойын ұт­­қыр жеткізе алған. Нүрке кемпір рөлін Роза Әшірбекова қалай керемет ойнап шық­ты! Ғажап образ жасады. Кейде: «Біз­де ойланатын, психологиялық образ жоқ» деп дабыл қағатынымыз бар? Ал сол психологиялық образды көруге да­йын­­быз ба? Осы жөнінде ойланбаймыз. Дра­­матург бірыңғай эстрада жаза бер­мей­ді ғой, ол да ойланады, толғанады. Әуе­­лі өз жү­регінен өткізіп барып, өзге жү­­­­рек­терге «жолдама» береді. Соны қа­был­­­­дап алу бізде – көрермендерде жет­­кі­­­лік­­­сіз. Ылғи жеңіл-желпі, жарқ-жұрқ ет­­кен жылтырақ дүниелер болса екен, ой­нап-күліп қайтсақ екен деп тұ­рады. Бәл­­­кім, кейбір драматургтердің ойлы шы­­­ғар­­­маларының сахнадан үзіліп қалға­ны­­­ның бір түйткілі осында жатқан да шы­ғар...». Осы тұрғыдан келгенде, жа­зушы, дра­­матург Оралхан Бөкей­дің шығар­ма­шы­­лық көркем әлемі алдағы уақытта жан-жақ­ты жіті зерттеуге сұра­нып тұр. Қа­лам­гердің келесі жылы тойланар 80 жыл­­дық мерейтойында суреткер­дің әде­би мұра­­сымен қатар драматургия­лық ізде­ніс­терін зерделеуге де баса мән беріліп, рес­публикалық деңгейде театр фестивалі ұйымдастырылса, Оралхан пьеса­ларының сахналық жаңа тыны­сы­­ның ашылары сөзсіз.