Саясат • 28 Қыркүйек, 2022

Саяси дода басталды

361 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент сайлауы 20 қарашада өтетіні белгілі. Саяси бәсеке жақындаған сайын елдегі партиялар да іске белсене кірісе бас­тады. Парламенттен орын алған үш партия осы қарсаңда кезектен тыс съезін бір күнде өткізетінін хабарлады.

Саяси дода басталды

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Amanat партиясының төр­ағасы Ерлан Қошанов кезектен тыс XXIV cъезі 6 қазанда Астана қаласында өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Съезд жұмысына еліміздің барлық ай­мағынан делегаттар қатысады. Орталық аппарат өңірлік филиал­дармен бірге дайындық шараларын қолға алды.

Сондай-ақ «Ақ жол» пар­тиясы Ұлттық кеңесінің төрал­қасы биыл 6 қазанда пар­тияның құрылтайын шақыру туралы шешім қабылдады. Жиын барысында партия төрағасы Азат Перуашев, төраға орынбасарлары Қазыбек Иса бастаған бірқатар депутат сөз сөйледі. Сонымен қатар 5 қазанда партия Ұлттық кеңесінің Пленумын өткізіп, құрылтайдың күн тәртібі бойынша ұсыныстарын талқылау жоспарланды.

Партияның орталық аппаратына облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қала­ларын­дағы «Ақ жол» ҚДП филиалдарынан делегаттардың съезде өкілдік ету нормасы бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Аталған филиалдар бір апта ішінде облыстық, қалалық конференциялар өткізіп, құрылтай делегаттарын сайлауы керек. Ал 6 қазандағы жиында «Ақ жол» демократиялық партиясы­ның атынан президенттік сайлау­ға кім түсетіні туралы шешім қабылданады.

Бұдан бөлек, Парламент­те фракциясы бар Қазақстан Халық партиясының Бюросы да 2022 жылғы 6 қазанда Астана қаласында партияның

кезектен тыс XXI съезін өткізу туралы шешім қабылдады. Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен делегаттар қаты­сады. Орталық аппарат партия филиалдарымен бірлесіп, съезге дайындық шарасына кірісті.

Бүгінде Amanat-тың ел аумағындағы 4 мыңнан астам бастауыш партия ұйымының мүшелері партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын тал­қылап жатыр. Сондай-ақ БПҰ отырыстарында партияның аумақ­тық филиалдарының конферен­цияларына қатысатын делегаттар сайланады.

Мәселен, партия ұйымы­ның жина­лысында сөз сөйлеген Алма­тыдағы №4 қалалық пер­зент­хананың акушері Тамара Хван отбасының әл-ауқаты мен ұлт сау­лығы сынды бағыттардың маңыз­­дылығын атап өтті. «Пар­тия­лықтар өздерінің бағдар­ламалық құжаттары мен бастамаларында денсаулық сақтау сала­сының сапасын арттыру мәсе­лесін үнемі назарға алып отырады. Осылайша, олар азамат­тарымызға іс жүзінде қамқорлық көрсетіп келеді», деді Т.Хван.

Ал «Қызылорда магис­тралдық желі бөлімшесі» бас­тауыш партия ұйымының мүшесі Сабыр Бимұхамедов жаңа бағдарламалық құжат партиялықтардың басым көпшілігінің көзқарасы мен пікірін біріктіретінін айтады. Бұл жайында ол: «Барлық өңірден ұсыныс жинау және әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы партиялықтардың құжатқа қатысты өз пікірін білдіруіне мүмкіндік берілді. Жалпы, Amanat еліміздің басты саяси күші бола отырып, әрбір азаматтың мүддесін қор­ғауды жалғастырып жатқаны қуантады», деді.

Павлодарда БПҰ мүшелері қалалық трамвай басқармасы базасында облыстық мәслихат­тағы партия депутаттарымен бірге жаңа Тұғырнаманың негіз­гі басымдығы азаматтардың әл-ауқатына бағытталғанын атап өтті. «Том-том құжатты зерттеп отыратын уақытымыз жоқ», дейді ол. «Біз үшін қарапайымдылық пен қолжетімділік маңызды. Ал жаңа Саяси тұғырнаманың жобасы осы қағидаттарға сай келеді. Партия жұмысында адам мен оның әл-ауқатына негізгі басымдық берілетіні біз үшін өте маңызды», дейді Д.Мах­мұдов атындағы трамвай депосы кәсіпорнының қызметкері Сайлаубек Асыханов.

Павлодар облыстық мәсли­хаты Amanat фракция­сының мүшесі Серік Жартыбаев жаңа құжат қатардағы партиялық­тар­дың мыңдаған пікірін қамтитынын атап өтті. «Жергі­лікті ақпараттық технология­лар кол­леджінің директоры ретін­де мен үшін осы Тұғырна­мада балаларымыздың мектеп­ке дейінгі тәрбиесінен бастап, барлық деңгейдегі білім беру саласына ерекше назар аударыл­ғаны маңызды. Пар­тия­ның бүкіл саяси платформасы Әділетті Қазақстанды құру­ға бағыт­тал­ған», деді фракция мүшесі.

Өз кезегінде Қарағанды об­лысындағы «Мемлекеттік мұ­ра­ғат» БПҰ жетекшісі Елена Черная жаңа тұғырнама – заманауи талаптарға жауап беретін партияның басты идеологиялық құжаты екенін атап өтті. БПҰ жиындарының қорытындысы бойынша партияның аумақтық филиалдарының конференцияларына қатысу үшін делегаттар сайланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауы өтеті­нін мәлімдеген еді. Негізі Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс болатын. Қ.Тоқаев жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік инс­титуттарды кешенді түрде қай­та жаңғыртуға кірісу қажет деп санайтынын жеткізді. Бұл қадам азаматтардың әл-ауқатын арт­тыру және елді өркендету жо­лын­дағы ортақ жұмысты жан­дан­дыруға мүмкіндік береді.

«Билік өзінің жоспарын қоғам­нан жасырын ұстайтын сая­си дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кесте­сін барша халыққа жариялағым келеді. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайла­уын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қ.Тоқаев.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы саяси бәсеке бұрынғы сайлау­лардан өзгеше болмақ. Қ.Тоқаевтың ұсы­нысымен Прези­дент өкі­леттігі мерзімінің саны және ұзақтығы қайта қарал­ды. Осы­лайша, Президент мандаты­ның ұзақтығы 7 жылдық бір мер­зіммен шектелді. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынды.

Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауда айтқан ұсынысынан кейін іле-шала Парламентте осы мәселе қаралған. Осыған орай «Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Онда президенттік өкілеттікті 7 жыл­дық бір мерзіммен шектеу мәсе­лесі кеңінен талқыланды. Бұл бастаманың артықшылығы неде?

Біріншіден, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтып өткендей, «7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең». Екіншіден, қабылданған конституциялық жаңалық билікті монополияландыру қаупін айтарлықтай азайтады. Себебі мемлекет тізгінін ұстаған адамның қайта сайлану­ға үміті болмайды. Сондық­тан бүкіл күш-жігерін өзіне беріл­ген жалғыз мүмкіндікке арнап, мемлекеттің мүддесі, халықтың қамы үшін игі істер атқаруға тырысатыны сөзсіз.

Қысқасы, алдымызда күр­делі әрі жауапты саяси нау­қан тұр. Себебі тоғызыншы тер­ри­­­торияның тізгінін кім ұстай­тыны 20 қарашада белгілі бол­мақ. Оған дейін екі айға жуық мерзім бар. Саяси додада кімнің оза шабатынын уақыт көрсетер. Бастысы, оған дайын­дық жұмыстарына партия­лар белсене кірісіп кетті.