Үкімет • 28 Қыркүйек, 2022

Жастарға қолайлы жағдай туғызу керек

274 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заң жобасы мақұлданды.

Жастарға қолайлы жағдай туғызу керек

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Аталған құжат жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.

Ведомство басшысының айтуынша, құжат арқылы бірнеше заңға түзету енгізу көзделіп отыр. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілетін түзетулер бір көзден мемлекеттік сатып алудың негіздерін қысқартуды көздейді. Мәселен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында бірқатар бағыт қарас­тырылған. Мемлекеттік материалдық резервке тауарларды, жедел іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді, тұрғын емес мақсаттағы ғимараттарды, құрылыстарды, үй-жайларды бір көзден сатып алу құқығы өзгереді.

«Заң жобасында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агент­тігімен келі­су міндеті, өнім беру­ші­лердің сатып алу тәсіліне қарамастан сатып алуға ша­ғым жасау құқығы, Қордың холдинг ішін­дегі кооперациясы шеңберінде сатып алу тәсілін алып тастау нормасы көзде­леді.

Бұдан басқа, заң жобасында Қордың жалғыз акционерінің директорлар кеңесінің құрамын айқындауы бойынша және Қор қызметіне ашықтықты енгізуге бағытталған түзетулер қарастырылған. Бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау жөніндегі жұмыс жүргі­зілуде. Реформаның негізгі мақсаты – өңір­лердің қаржылық дербестігін күшейту. Салық түсімдерінің кейбір түрле­рін, олардың тұрақтылығы мен жинақ­талу қағидаттарын ескере отырып, жергі­лікті деңгейге беру ұсынылады», деді Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ аталған құжатта жалпы сипаттағы трансферттердің есептеулеріне берілетін ақпараттың негізділігі, анық­тығы үшін бюджеттік бағдарламалар әкім­шілерінің жауапкершілігі қарастырылған. Орталық мемлекеттік органдардың транс­ферттерді есептеуі кезінде қабылданған көрсеткіштерге бюджеттік мониторингті қамтамасыз ету және тиісті бюджеттік бағдарламаның орындалуы туралы тал­дамалық есепті қалыптастыру үшін Қар­жы министрлігі бюджеттік мониторинг жасамақ.

«Мемлекеттің экономикалық функ­­ция­ларын жеке монополиялық опера­торлардың жүзеге асыруына заң жүзінде тыйым салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін, мемлекет 100 пайыз қатысатын заңды тұлғалар ғана моно­по­лиялық функцияларды жүзеге асыра алатын түзетулер ұсынылады. Демек арнайы құ­қық субъектісі ұғымы нақтыланады жә­не мемлекеттік монополия мен арнайы құқықты қоспағанда, айрықша жә­не басым құқықтарды беруге тыйым са­лы­нады.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтуді болдырмау мақсатында, тікелей келіссөздерге бастамашылық ету мүмкіндігі үшін жылжымайтын мүлікті ұзақ мерзімді жалға алуды пай­далануға жол бермеу, сондай-ақ мем­лекет-жекешелік әріптестік жобаларын тікелей келіссөздер тәсілімен іске асыру кезінде бюджеттен төлемдерді шектеу ұсынылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту шеңберінде мемлекет-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу көзделеді», деді Ә.Қуантыров.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, мұндай жобаларды іске асыру кезінде монополияға жол бермеу мақ­сатында оларды монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісу қарастырылған.

«Креативті индустрияларды құқықтық реттеу мақсатында креативті индустрия­лар ұғымын айқындау заңнамалық тұр­ғыдан бекітіледі. Осы субъектілердің қыз­метін реттеудің негізгі қағидаттарын, тәсіл­дері мен өлшемшарттарын белгілеу және креативті индустриялар қызметінің түр­лерін сыныптау мен санаттауға әдіс­на­малық тәсілдерді қалыптастыру ұсыны­лады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұсынысы негізінде заң жобасында бос лауазымға тікелей тағайындау, Мем­ле­­кеттік қызмет істері агенттігімен «Б» кор­пусының лауазымдарына қойыла­тын біліктілік талаптарын келісу қарас­ты­рылған. Мемлекеттік қызметшілер жұмы­сының тиімділігін тоқсан сайын бағалауды енгізу бойынша бірқатар түзету көзделген.

Инвестицияларды тарту үшін кедер­гілерді азайту мақсатында, инвестициялық жобаның қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкестігі жөніндегі талапты алып тастау ұсынылады», деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға инвестордың жауап міндеттемелерін белгілей отырып, инвестициялар туралы келісімдер жасасу қағидаларын бекіту құзыреті берілді. Заң жобасында уәкілетті экономикалық операторлардың қызметін қатаңдатуға ба­ғытталған қосымша талаптар жүктелген.

«Заң жобасы аясында «Табиғи монополиялар туралы» заңға бірқатар түзету енгізілген. Мәселен, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын желілер мен мүліктерді теңгерімге және сенімгерлік басқаруға алған жағдайда тарифтің қолданылу мерзімі өткенге дейін оны өзгерту мүмкіндігі қарастырылған.

Жанар-жағармай саласын реформалау блогы бойынша, көтерме жеткізушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату жолымен, мұнай өнімдерін өткізу кезінде өнімсіз делдалдарды алып тастауды көздейтін түзетулер ұсынылады. Заң жобасында тауарлық газды бөлек есепке алуды жүргізу үшін, ірі коммерциялық кәсіпкерлер және цифрлық майнинг жүзеге асыратын тұлғалар санаты тауар­лық газдың жаңа тұтынушылары ретінде айқындалады.

Өз кезегінде заң жобасында тауар­лардың экспорты мен импортын реттеу жолымен экономикалық жағдайға жедел ден қою үшін, кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын бел­гілеуге бағытталған нормативтік құқық­тық актілерді қабылдау мерзімдерін қыс­қартуды көздейтін түзетулер ұсынылған», деді Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жас­тар саясаты мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы қоғамның сая­си және экономикалық трансформациясы, сондай-ақ табысты және әділ Қазақстан құру бағытында ауқымды міндеттер қойып отырғаны белгілі. Бұл процестердегі жастардың орны айрықша. Өйткені ел халқының 20 пайыздан астамы – жастар. Біз жастардың дамуына жол ашып, өмірден, қоғамнан өз орнын табуы­на мүмкіндік беріп, жағдай жасауымыз керек. Бұл заң жобасы осы бағыттағы мемлекеттік маңызы бар құжаттың бірі. Сондықтан жастарымыздың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе», деді Д.Қыдырәлі.

Ведомство басшысы әсіресе ауыл жастары мен әлеуметтік жағдайы төмен жас­тарды басты назарға алу қажет екеніне тоқталды. Осы орайда жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан белсенді әрі бастамашыл жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдау да күн тәртібіндегі маңызды мәселе деп мәлімдеді.

«Заң жобасы Президенттің Жастар жылы аясында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және оның 4 негізгі бөлігіне тоқталып өтсем. Бірінші, заң жобасында «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET)», «Жас-
тармен жұмыс жөніндегі маман», «Жас­тардың еңбек жасақтары», «Жас­тар ресурстық орталықтарының функ­ция­ларын кеңейту» ұғымдарын заңна­малық бекіту ұсынылады.

Екіншіден, жастар саясатының негізгі бағыттары қосымша екі бағытта қарастырылған. Жастардың цифрлық сауатын арттыру және жастар арасында волонтерлікті дамыту. Үшіншіден, заң жобасы аясында NEET санатындағы жастар санын азайту көзделген.

Ол үшін салалық орталық мемлекеттік органдардың құзыреттерін толықтыру ұсынылады. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жұмыссыз жас­тармен, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері білік­тілікті арттыру және қайта даярлау іс-шараларымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар ресурстық орта­лықтары арқылы жастармен кешенді жұмыс жүргізіп, салааралық үйлестіру және ақпараттандыру ісіне жауапты болады», деді Д.Қыдырәлі.

Министрдің сөзіне сүйенсек, төртін­шіден, заң жобасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзыретін төмендегідей толықтыру қарастырылған. Жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға үлгілік біліктілік сипаттамалары әзірленеді және ол бекітіледі. Жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыру және мониторингтеу қағидалары нақтыланады. Жастарды дамыту индексін және оны қолдану ережелері енгізіледі.

Сонымен қатар жиында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шартқа Ресей Федера­циясының азаматтары болып табыла­тын Еуразиялық экономикалық комис­сиясының және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста тағы бірнеше заң жобасын екін­ші оқылымда мақұлдады. Олардың қатар­ында Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы құжаттар бар. Жиында «Қазақ­стан Республикасының кейбір конс­ти­туциялық заңдарына Мемлекет бас­шысының 2022 жылғы  16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Консти­туциялық заңының жобасы қаралды.

Сондай-ақ бірқатар заң жобасын жұ­мысқа алды. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік органдар басшыларына сауал жолдады.