Парламент Сенатында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Депутаттардың алдында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин баяндама жасады.
Б.Сұлтанов жыл қорытындысы бойынша екі нақтылауды есепке ала отырып, республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспары 100,6 пайызға немесе 5 272,4 миллиард теңгеге атқарылғанын айтты. Үкіметтің есебі бойынша кірістер іс жүзінде 2012 жылмен салыстырғанда, 7,8 пайызға өскен. Бюджетке кірістер 5 179,5 миллиард теңге сомасында немесе 100,5 пайыз түскен.
2013 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарына қатысты айтар болсақ, олар 5 990,5 миллиард теңгені немесе жоспарға 99,3 пайызды құрайды. 2012 жылмен салыстырғанда, оның өсімі 194,8 миллиард теңгені құрады.
Республикалық бюджет шығыстарының құрылымында негізгі үлесті әлеуметтік сала шығыстары алып отыр – 2 336,4 миллиард теңге немесе 36,0 пайыз, оның 1 239,9 миллиард теңгесі зейнетақылар мен жәрдемақыларды құрайды.
Қаржының 42,9 миллиард теңгесі пайдаланылмай қалған.
Қ.Жаңбыршин 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы негізгі қорытындыны айта отырып, бюджет қаржысын тиімді пайдалануды арттыру, бюджет қаржысының мақсатты және атаулы пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, республикалық бюджет қаражатының атқарылуын жетілдіру және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы ұсыныстар айтты. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетті бірнеше мәрте нақтылап, түзетулеріне қарамастан 2013 жылғы республикалық бюджет қаржысын пайдалану барысында тиімділіктің жетіспеушілігі орын алды. 2014 жылғы 1 қаңтарда орталық мемлекеттік органдар 43,2 миллиард теңгені игермеді, жергілікті атқарушы органдар игерілмеген және өз мақсатына пайдаланылмаған 26,0 миллиард теңге мақсатты трансферттерді бюджетке қайтарды.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепшоттарындағы қалдық қаражат 62,6 миллиард теңгені құрады.
Есеп құжаттарының таныстырылымы барысында сенаторлар жергілікті бюджеттердің кіріс базасын одан әрі жетілдіру, мемлекет активтерін басқару тетіктері, атқарушылық тәртіптерді бұзғаны үшін жауаптылық, қаржы мониторингі жүйесінің пәрменділігі, салық және кеден әкімшілендірулерінің тиімділігін жетілдіру, жұмыс орындарын ұлғайту мәселелерін көтерді.
Есептерді талқылау Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасатын болды.