Қоғам • 29 Қыркүйек, 2022

Талайдың өмірін қиған тасжол

307 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көлік апатының сұрқай статистикасы сананы сансыратып тұр. Шақша басты шарадай қылады. Қара аспанды басымызға төндіргіміз жоқ. Десек те жұрт болып, жиылып, алқақотан отыра қалып, ойлануды қажет етеді. Оған түрткі – соңғы бес жылда елде жыл сайын 2 мың адамның көлік апатынан көз жұмуы.

Талайдың өмірін қиған тасжол

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл – қаралы үй ғана қайғыра­тын емес, қоғам қамығатын һәм өсім мен өлім­ге қатысты зор әлеуметтік-эко­номикалық мәселе. Айдың-күн­нің аманында атыспай-шабыспай-ақ ­эко­номикалық осынша әлеуетті жоғалту – еңбек өнімділігі мен адами капиталға, демографияға жойқын соққы. Дабыл қағып, дамыл таптырмайтын жайт. Мәселен, биылғы жарты жылғы статистикадан ғана төбе құйқа шымыр­лайды. Айналдырған алты айда елі­міз­де 1 мыңға жуық адамды көлік апаты жалмап үлгеріпті. Қарағанды облы­сында 7 айда 100 адам қаза болған. Бұған соңғы бір ай мұғ­дарында Алматы-Екатеринбург тас­жолының Қарағанды-Балқаш бөлі­гін­де­гі қатарынан болған бірнеше көлік апатын қосыңыз. Оның біреуінде 8 адам, екіншісінде бүтін бір отбасы (!) 5 адам, күні кеше, 19 қыркүйекте төрт адам, оның екеуі – дәрігер тағы ажал құшты. 8 дәрігер зардап шекті. Небәрі бір ай ішінде. Жаға ұстайтындай ма? Ұстайтындай. «Әкең өлгенін жа­сы­расың, көмгенде қайтесің?!» деген­ді осы арада айтуға мәжбүрміз. Өйт­кені жасыратыны жоқ, жөнделуі жырға айналған, бақандай үш жылға үздік-создық созылған Алматы-Екате­рин­бург тасжолында аңыратқан апат көп. Талайлардың талқанын тасжол тауыс­ты деуден аулақпыз. Дегенмен тас­жолда көбейіп бара жатқан көлік апа­тының кілтипаны не?

Айналма жолдың ақыреті

Түйсігіміздің бірнеше жылдан бері жөнделіп бітпеген тасжолға тік­сіне қарауы тегін емес. Қарағанды облы­стық Полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин осыдан біраз бұрын республикалық ма­ңы­зы бар жолдарда 54 жол-көлік оқи­ғасы тіркеліп, онда 42 адам қайтыс бол­ғанын мәлімде­ген-ді. Оның ішінде апат­тың басым бөлігі Қарағанды-Бал­қаш, Балқаш-Сарышаған жолдарында болған. Бұл жолдарда үш жылдан бері жөндеу жүргізіліп жатыр. Рас, ке­йін­гі кезде айналма жолы азайды. Асфальт­ты жолдар ашыла бастады. Алайда апат көрсеткіші тө­мендеген жоқ.

Айналма жол дегенде айтпасқа амал жоқ. Осыдан бір ай бұрын ығыр қылған айналмадан қашып, реконструкциядан өткен жолмен жүйткіп келе жатқан көліктегі бүтіндей бір от­ба­сы апатқа ұшырады. Әке-шешесімен бірге үш бала сол арада тіл тартпай кетті...

«26 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Балқаш-Приозерск автожолында Гүлшат кентінен 23 шақырым жерде Приозерск қаласы бағытына қарай келе жатқан «Опель Вектра» автокөлі­гін тізгіндеген 35 жастағы жүргізуші жөндеу жүріп жатқан жабық жолға шы­ғып кетіп, 25 жастағы жүргізуші бас­қарған «Хово» автокөлігімен соқ­тығысқан.

Жол апаты салдарынан жүргізуші мен оның 30 жастағы жолаушысы (әйелі), олардың кәмелет жасына толмаған үш баласы оқиға орнында көз жұмды. Бір бала медициналық мекемеге жеткізілді», деп мәлімдеген-ді Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қуаныш Зәрубаев.

Күні кеше тағы осы аймақтағы апаттан төрт адам отбасын қайғыға көміп кетті. Ақтоғай ауданы Сарышаған ауылының маңында болған жол апатынан 2 дәрігер қаза тауып, 8 медицина қызметкері зардап шеккенін жоғары­да айттық. Көліктегілер «Қазақ­мыс» компаниясының қызметкерле­рін ме­ди­циналық тексеруден өткізіп келе жатқан дәрігерлер қауымы еді. Поли­ция департаменті таратқан қаралы хабар бүй дейді...

«...19 қыркүйек күні сағат 19.30 шамасында Ақтоғай ауданында Алматы-Екатеринбург тасжолында Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде «МАЗ» жүк көлігімен «ПАЗ» жолаушылар ав­тобусының қаты­суымен жол-көлік оқиғасы болды. Жол-көлік оқи­ғасы салдарынан екі автокөліктің жүр­гізушісі мен автобустың бір жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орынында қаза тапса, автобустың тағы да бір жолаушысы жедел жәр­дем көлігінде қайтыс болды. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 11 жо­лаушы болған. Аталған факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Қарағанды облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолдағы сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді». Ескертуде кемдік жоқ. Бірақ одан тыйылған апатты көре алмай пұшайманбыз. Жол-көлік оқи­ғалары Қарағанды облысының Балқаш қаласында, Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Шет аудандарында көп тір­келетінін де департамент жоқ­қа шы­ғармайды. Қайтпек керек мұн­дайда?

Жол белгісінің көмегі шамалы

«Қазавтожол» ҰК» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының басшысы Сырым Хамзин Қарағанды-Бал­қаш жолының жөнделуі барысын­да оның бөліктеріне арнаулы жол белгілері нормаға сай орнатылғанын ай­тады. Осы күні 16 айналма жол ұзындығы 8 шақырымды ғана қамтиды екен. Былтыр 78 айналма жол 148 шақырымды құрапты. Қазіргі таңда 260 шақырым жол ашық. Барлығында тиісті жол белгілері бар. Талапқа толық жауап береді.

– Қарағанды-Балқаш тасжолының 100 шақырымына жаңа асфальт жамыл­ғысы төселді. Құрылыс-мон­таж жұ­мыс­тары биылғы шілде айы­нан бас­тап қарқын ала бастады. Биыл құрылысқа жұмылдырылған ма­мандар мен арнайы техника саны бірнеше есе артты. Қазір нысанда 560 арнайы техника мен 1 мыңға жуық жол жұмысшысы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін барлық айналма жолды жабу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда үлкен жұмыс атқарылды. Биыл айналма жолдардың саны 94 пайызға қысқарды, – дейді Сырым Ғазизұлы.

С.Хамзиннің айтуынша, 363 ша­қы­рымының толық пайдалануға бе­рі­луі 2023 жылдың желтоқсанына жос­парланған. Жолдағы құрылыс жұ­мыстарының іркіліспен жүруіне құры­лыс материалдарының қымбаттауы әсер еткен.

«Шарт талаптарына сәйкес құры­лыс жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылдың соңына көзделген», деді С.Хамзин. Әйткенмен, Қа­рағанды об­лысының жергілікті билігі жолды біресе 2020 жылы, одан 2021, кейін 2022 жылы беріледі деп жұртқа жария етіп те жіберген еді. Содан бергі жолдың жайы тек онымен олай-былай өткен шаң жұтқан жолаушы мен көлігі күркілдегендерге ғана мәлім. Сонда алдаған кім, алданған кім?! Бізге беймәлім әзірге...

Сапасыз жолдың зардабы

Жол апаты адам өмірін жалмайтын індеттердің қатарында. Жаңылма­сақ, осыдан үш жыл бұрын арнаулы халықаралық талдаулар Қазақстанда көлік апатынан адам өлімі көп ел­дер­дің қатарына қосқан. Мұның дерттен айырмасы біреу ғана болып тұр. Апат аяқ астынан. Соның салдарынан көрер жарығы жол бойында таусылғандар да жиі кездеседі. Обалы нешік, осынау проблема Парламент қабырғасында да көтерілді. Сенатор Ақ­марал Әлназарова бастаған депутаттар халықаралық сарапшылардың көлік апатынан елдің экономикалық шы­ғынын ІЖӨ-нің 3 пайызы деп ба­ға­лаған деректеріне сүйенеді. Бұл қар­­жыға шаққанда бірнеше млрд дол­лар. Сондықтан да мұның бір айла-ама­лы табылуын талап етіп отыр.

Жалпы, көпшілігінде апатқа кө­лік жүргізушілері кінәлі боп шыға­ты­ны еш құпия емес. Әйткенмен, тас­жолдағы мәреге жетпей қойған жөн­деу жұмыстарының апатқа әсері жоқ деп осы күні ешкім кесіп, батылы барып айта алмайды. Қарағанды-Балқаш тасжолындағы көлік легі 25 мың шамасында екенін ескерсек, жөндеуі созылған қара жолға қара­пайым бұқараның кінә артар да жөні бар, ендеше.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көлік апатынан келетін өлім­ді алдын алуға мүмкіндік бар жағдаятқа жатқызады екен. Аузы дуалы ұйым сөйдегенде, біз не дейміз. Демек мо­йын­дау керек. Апаттың алдын алу кем­шін түсіп келеді. Ал тасжолдың сапа­­сы мен сықпытына алдағы уақыт­та арнайы тоқталмақпыз.

 

Қарағанды облысы