Сұхбат • 29 Қыркүйек, 2022

Іле Алатауын жайлаған ілбіс

545 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құзар шыңның басында тіршілік ететін қар барысына табиғат-ана өзгеше бітім берген. Жер бетінде іл­бістер мекендейтін 20 ай­мақ болса, соның екеуі Қа­зақстанда. Бұл – Жоң­ғар Алатауы мен Іле Ала­тауы. Әсіресе Алматы тау­ла­рын мекендейтін сыры жұмбақ жануарды эколо­гиялық кедергілерден сақ­тау – ғалымдарды толған­дырып отырған мәселе. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қар барысын бақылау ор­та­лығы териология зертханасының (сүт­қоректілер) меңгеру­шісі, Wildlife Without Borders мүшесі Алексей Грачевтен өз сауалда­ры­­мыз­ға жауап алдық.

Іле Алатауын жайлаған ілбіс

– Қар барысы қазақ дала­сының мәдени мұрасын паш ететін ұлттық нышан. Бүгінде елі­мізде шамамен қанша барыс бар, аталған аңды қорғау жұ­мыстары қалай жүріп жатыр?

– Жойылып кету қаупі бар және халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне, сондай-ақ 12 елдің Ұлттық Қызыл кітаптарына енгізілген жыртқыш – Қазақстанның табиғи байлығы. Қазіргі уақытта қар барысының бар­лық негізгі мекендейтін жер­­лері қорықтар мен ұлттық парк­­тер. Бұл қорықтар Батыс, Сол­түстік Тянь-Шань, Жоңғар Ала­тауы тауларында, сондай-ақ Алтайдың қазақстандық бөлі­гінде орналасқан. Айта кетерлігі, Қа­зақстанда қар барысының ға­ламдық таралу аймағының шеткі солтүстік-батыс бөлігі бар. ХХ ға­сырдың ортасынан бастап біз­дің елдегі барыстардың саны айтарлықтай азая бастады, ал 1980 жылдарға қарай 200-ге дейін төмендеді. Қазір елде шама­мен 140-180 барыс бар.

– Сирек кездесетін жануарды сақтап қалу мақсатында ға­лымдар нақты қандай қа­дам­дарға барып отыр? Оны зерт­­теу, мониторинг жүргізу жайы қалай?

– Қар барысы – қолжетімсіз тіршілік ету ортасы мен жасырын өмір салтына байланыс­ты әлемдегі ең қолға түсуі қиын жырт­қыш. Соңғы уақытқа дейін ол туралы қандай да бір ақ­па­рат жинау өте қиын болды. Бір­ақ заманауи инновациялық әдіс­тердің пайда болуымен біз каме­ралық қақпандар мен автоматты бақылау камералары арқылы зерттеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Си­рек кездесетін жыртқышты зерт­теу мен бақылаудың ең перспек­тивалы әдісі – фототұзақ. Бұл құрылғылар жануарларды жыл бойы бақылауға алуға мүм­кіндік береді. Алматының таулы өңірлері негізгі ландшафтық-экологиялық көрсеткіштер бо­йын­ша қар барысының тіршілік ету ортасы үшін жоғары әлеуетке ие. Алайда қар барысының эко­жүйелеріне жақын орналасқан қала халқының қарқынды өсуі мен инфрақұрылымның дамуы барыстардың өмір сүруіне теріс әсер етеді. Соның себебінен қар барысы өмір сүруге қолайсыз аумақтарды мекендеуге мәжбүр. Бұл теріс динамика жалғаса берсе, ілбістің толық жойылуы­на әкелуі мүмкін. Мұндай жағымсыз құ­былыстың негізгі бір себебі – тау­лы аумақтарда демалыс орындары мен шипажайлардың көптеп салынуы. Сонымен бір­ге сти­хиялық туристер ағы­ны­ның шамадан тыс ұлғаюы рекреациялық жүктеме тудырып, мамандарды алаң­датып отыр. Алматы ма­ңын­дағы тау учаскелерін одан әрі игеру жағдайды ушықтырып, тек жабайы жануарлардың ғана емес, бүкіл экожүйенің тіршілік ету ор­тасына кері әсерін тигізетін сал­дарға әкеп соқтыратыны анық.

– Сонда қар барысы қала­ның қазіргі шекарасына жа­қын маңда өмір сүре ме?

– Алматы төңірегін мекен­дейтін барыстар туралы ең үлкен қате түсінік – «қар мысығы» биік таулар мен мәңгілік қар жа­мылған мұздықтар белдеуінде тұрады деген пайым. Мүлде олай емес. Ғылым комитеті Зоология институтының ғалымдары жүр­гізген соңғы зерттеулер Алматы төңірегіндегі кейбір учаскелерде 1 200 метр биіктіктен қар барысы кездесетінін анықтады. Бұл шамамен Көктөбе деңгейінде. Негізінен, қар барысы қыста айтар­лықтай төменге түседі, ал жаз айларында адам аяғы бас­пайтын кедергісі аз жерлерге кетеді. Ірі мегаполистің жанында тұратын барыстарда адамдармен қорқынышсыз қарым-қатынастың мінез-құлық үлгісі қалыптаса бастағанын байқадық. Адаммен үнемі байланыста болатын жануарлар оны жау ретінде қабылдауды доғаруы мүмкін. Таулы ландшафтар үнемі жіті бақылауда әрі қорғауда. Ар­найы желі жұмыс істеп тұр. Ал­ма­­ты қорығы мен Іле-Алатау ұлт­тық паркінің ұзақ және тиімді жұмыс­тарының нәтижесінде бро­коньерлікке мүлде жол жоқ. Барыстар Алматы қаласының Медеу мен Бостандық ауда­ны­ның шекарасында өмір сүреді. Іле Алатауында мекендейтін 40 ба­рыс­тың 23-і Алматы қала­сынан 30 шақырым радиуста мекендейді, оның ішінде 5 дара түрі қала аумағы болып саналатын алқапта. Соңғы 5 жыл ішінде жергілікті ғалымдар Алматы қо­рығы мен Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандарымен бірлесіп, Алматы маңын мекендейтін ілбіс популяциясына үздіксіз бақылау жүргізіп келеді. Тау­дағы жануарлардың негізгі популяциялық ерекшеліктері мен мінез-құлқын зерттеу үшін 50-ден астам фототұзақ орнатылды.

– Фототұзақтарды қолдану арқылы жүргізілген зерттеулер қандай нәтиже көрсетті?

– Фототұзақтарды пайда­лану қар барысының саны мен жыныстық жас құрамын анық­тауға, жеке жануарлардың кө­беюі мен денсаулық жағдайын ба­қылауға мүмкіндік беріп отыр. Ілбіс терісінде ерекше сурет­тердің болуы ғалымдарға жеке түр­­лерді анықтау мен фото төл­­­құжат беруге мүмкіндік ту­ғыз­ды. Айталық, 2020 жылы ка­ран­­тин кезінде фототұзақ ар­қылы жүргізілген зерттеулер қы­зықты нәтижелер көрсетті. Елі­мізде қабылданған шектеу ша­раларының нәтижесінде Ал­маты тұрғындарының тауға сирек шығуы, қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы мен Түркістан сілеусіні сияқты басқа да сирек жыртқыштардың қалаға өте жақын аумаққа дейін келгенін көрсетті. Осылайша, жануарлар өздерінің тіршілік ету ортасына орала бастады. Соңғы 20-30 жылда тау бөктерлеріне дейін құрылыс нысандары пайда болып, жануарлар байырғы мекенін тастауға мәжбүр болған еді. 2021 жылғы мониторинг кері көріністі көрсетті. Карантин сейілген соң тауға барушылар легі қайта кө­бейіп, әдеттегідей жануарлар адамдардан алшақ кетті. Сыртқы туризмнің болмауы да жағдайды ушық­­тырды. Нәтижесінде, ға­­лым­­дар пандемияға дейін олар­ды жыл сайын бақылап отыр­ған жерлерде де қар барысы бой көрсетпеді. Сонымен қа­тар жергілікті тұр­ғындар бір­неше фототұзақты, соның ішін­де қолжетімді емес жерлер­де ор­натылған суреттерді қол­ды қылды. Соңғы уақытта Ал­маты қаласының шекарасы тау бағытына қарай кеңейіп, қар ба­рыстары өз мекендерінен тағы да ығыса бастады. Бұл сирек кездесетін аңның сақталуы мен орнықты өмір сүру пробле­масын тудырып, әлеуметтік-экологиялық сипаттағы басқа да мәселемен қатар табиғат жа­нашырларының өткір проблемасына айналуда. Мегаполис маңындағы таулы экожүйені сақтау үшін таудағы туристер ағынын жабайы жануарлар по­пуляциясының кеңістіктік және уақыттық динамикасын ескере отырып реттеу қажет. Қыс мезгілінде қалың қар жамыл­ғысына байланысты тұяқты жа­нуарлар, ал олармен бірге жырт­­қыштар таудың төменгі бел­­деуіне түседі. Алматы маңын­дағы тауларда адамдардың жыл бойы және өздігінен болуы жануарлардың қысқы мекендеу орындарына жетуін шектейді. Ма­засыздықтың күшті факто­рына байланысты жануарлар қолжетімді емес және жарамсыз жерлерді пайдалануға мәжбүр, бұл олардың өмір сүру мүмкіндігін азайтады. Осыған байланысты қысқы уақытта ре­креациялық-туристік қызметті шектеу қажет. Әсіресе қаңтар мен сәуір айлары қар барысының көбею кезеңі саналғандықтан, Аюсай, Проходное (Алма-Ара­сан), ҮАК, Шың-Түрген, Қас­келең шатқалдарындағы танымал туристік соқпақтарға баруды шектеген абзал.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ