Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2022

Орманның соры – өрт

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тілсіз жау биыл Жетісудың шұрайлы жерлерін отқа орап, облыстың орман шаруашылығын біраз әбігерге салды. Бүгінде облыстағы орман қоры 1,5 млн гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ – 330,9 мың гектар. Бұл жер біткеннің жерұйығы саналатын өңір үшін көңіл көншітетін есеп емес. Оның үстіне биыл 741,0 гектар алқап жанып кеткен.

Орманның соры – өрт

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қыркүйектің басында қызыл жалын 500 гектар жерді шарпыды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тілсіз жау көрші Қытай шекарасына жеткенін хабарлады. Сөйтіп, қызыл жалын көр­ші мемлекеттің күшімен сөндірілді. Ала­­көл ауданындағы Достық стансасы маңында құрғақ шөп пен бұталар өр­теніп, мал шаруашылығымен айналысатын халықты тығырыққа тіреді.

Өрт сөндіру бригадасы келгенше «Кендір сақал» орман шаруашы­лығын­дағы шыққан өрттің жалпы ауданы 60 гектарға жеткен. Күннің қатты ыс­ты­ғы­нан құрғақ шөптер тез тұтанатыны анық. Өрттің бір себебі осы болуы мүм­кін.

«Өрттің қылқан жапырақты орманға таралу қаупі бар. Дала өртін сөндіру бо­­йын­ша ынтымақтастық жоспарына сәйкес облыс департаментіне Алакөл орман шаруа­шылығының, жергі­лік­ті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және ҰҚК Шекара қыз­­метінің әскери қызмет­керлері тар­тыл­ды. Талдықорған қаласы­нан Тө­тенше жағдайлар департа­ментінің қосым­ша жеке құрамы – 45 қыз­меткер мен 5 тех­ника жіберілді. Өрт ошағына дейінгі қашықтық 490 шақы­рымды құ­рай­ды», делінген департамент хабар­ламасында.

Көп ұзамай өрт толық өшірілгені хабарланды. Осы оқиғалардан кейін Жетісу облысы әкімінің жаңа қаулысы тал­қылауға шығарылды. Онда 22 қыр­күйектен 1 қарашаға дейін жекелеген адамдардың орманға баруына тыйым салу туралы айтылған. Бұл – тұрғын­дар­дың қауіпсіздігі үшін маңызды шара. Жетісу облысының табиғи ре­сурс­­тар және табиғатты пайдалануды рет­теу бас­қармасының ақпаратына сүйен­­сек, орман шаруашылығы қызмет­керле­рімен табиғи өрттің таралуына жол бер­меу мақ­сатында қарауылдау ұйымдас­ты­рыл­­ған.

Жалпы, бүгінде алқаптағы орман қо­рын күзету, сақтау, өсіру, ресурстарын пай­далану және молықтыру жұмысын Алакөл, Жаркент, Бөрлітөбе, Жоңғар, Талдықорған, Үйгентас, Үштөбе сияқты 7 орман шаруашылығы мен Жануарлар дүние­сін қорғау жөніндегі жедел қыз­мет мекемесі атқарады. Онда 467 қызмет­кер жұмыс істейді. Материалдық-техни­ка­лық базасы нормативтік көрсет­кіштер­дің қамтамасыз ету нормасының 80 пайы­зынан асады.

Орман шаруашылығы мекемелері үшін кеспе ағаш қорын игеру – басты қызметтің бірі. Биыл 2137,2 текше метр кеспе ағаш қорын игеруді жоспарлап, бүгінде 909,9 текше метрі кесіліпті. Ор­­манды қалпына келтіру жұмысы 2,3 мың гектарға жоспарланып, көктемде 69,5 гектарға 255,4 мың дана көшет пен ек­­­пелер отырғызылса, күзгі орман өсіру жұ­­­­мысы аясында 138,0 гектар жерге 573,0 мың дана ағаш және 2100,0 гектар жер­­­­ге 10 500 кило қара сексеуіл тұқымы себіл­мек.

Орман шаруашылығы мекемелерінде аумағы 94,25 гектарды құрайтын 12 орман көшетін өсіретін алаңда қылқан жа­пырақты тобындағы арша, Шренка шыр­шасы, көгілдір шырша, Сібір шыршасы, Еуропа шыршасы, қарапайым шырша, Қырым қарағайы, жай қарағай, бозарша, жапырақты тобындағы терек, қайың, шаған, емен, тал, үйеңкі, шегіршін, жиде, жөке, талшын, бұталы то­бындағы қара сексеуіл, сән ағашы, бөр­тегүл, аморфа, ал­ша, айлант, долана, сір­ке ағашы, грек жаңғағы, Сиверс алма ағашы, алма сорттары, алмұрт, шие, қа­рақат, таңқурай сияқты миллион түп­тен артық көшет өсіріледі. Бұл орман қо­рының аумағын, елді мекен­дерді, сая­бақтар мен скверлерді, жасыл аймақ­­тар­ды кө­галдандыру үшін пайдаланылады.

Әрине, аталған бағыттағы жұмыста мін жоқ. Осы байлықты өрттен, дауылдан аман сақтап, қауіпсіздігіне көңіл бөлу – ең басты мәселе. Биыл осы мақ­­сатта 376 рейд жүргізілген. Ша­ра ая­­сында 1 заңсыз сүрек кесу анық­­талса, заңсыздыққа жол берген 28 іске хат­тама толтырылып, әкім­­шілік айып­­пұл салынған. Бұл адам қолымен жа­салған заңсыздықтар. Ал тілсіз жау­дың төн­ді­ретін қатері ауқымды бола­тыны анық. Жұрттың жағасын ұстат­қан Қос­та­най облысындағы жағдай осыны көр­сетті.

­Сондықтан өңірде орманды өрттен қорғау үшін мекемелер 28 шақырым минералдық жолақты жаңадан жасапты. Өрт қауіпсіздігін, орман заңдылығын бұзушылықтың алдың алу тақырыбында 223 дана аншлаг, панно, билборд тиісті орнына ілінді. Орман қоры аумағына жақын орналасқан шаруа қожалықтары субъектілеріне үгіт-насихат жұмысы жүр­гізіліп, ескерту мен міндеттеме бе­рілді. Семинар, лекция, әңгімелер өткі­зіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмысы жалғасуда.

«Апат айтып келмейді» дегендей, осындай тыңғылықты жұмыс істеліп жатса да, биыл 7 орман өрті тіркеліп, орманмен көмкерілген және орманды емес 741,0 гектар алқап жанып кетті. Алайда департамент жұрт жағасын ұстайтындай үрейлі жағдай орын алмағанын айтуда. Тексеріс нәтижесінде кейбір орман өртіне ала жаздай дала кезетін турис­тердің жауапсыздығы да себеп бол­ғаны анықталды. Әрине, орманшылар орманды өңірге сапар шеккен әрбір адамның артынан салпақтап еріп жүре алмайтыны анық. Сондықтан әр адам табиғат байлығын қорғауды азаматтық жауапкершілігі деп сезінуі керек. Сонда ғана алапат апаттар орын алмайды.

 

Жетісу облысы