Үкімет • 30 Қыркүйек, 2022

Еңбек шарттарының талаптары жақсартылады

251 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Еңбек шарттарының талаптары жақсартылады

Аталған мәселе бойынша Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Сау­да және интеграция министрі Серік Жұ­манғарин баяндама жасады. Ведом­ство басшысының айтуынша, құ­жатта бірқатар мәселе қаралған. Мысалы, Еуразиялық экономи­калық комиссияның лауазымды тұл­ға­ларының еңбек шарттарының мерзімі өзгертіледі. Мүше мем­ле­кеттің комиссияға жұмыс істеуге ниет білдірген кандидат­тар­ды ұлт­тық іріктеуді жүргізу мүм­кіндігі қа­рас­тырылады. Қызметкер­лерді қабыл­дау мерзімі шектелмеген уақыттан 5 жыл­­дық келісімшартқа ауыстырылмақ.

«Комиссияның лауазымды адамдарымен жасалатын еңбек шарттарының мерзімін 4 жылдан бастап комиссия алқасының жұмыс мерзімінен аспайтын мерзімге өзгерту ескерілген. Қазіргі таңда комиссияның лауазымды қызметкерлерінің жұмыс кезеңі комиссия алқасының кезекті құрамының жұмыс кезеңіне байланыстырылмаған.

Бұл жағдай 4 жылдық келісімшарт мерзімінің аяқталуына орай директор немесе директордың орынбасарлары комиссия алқасының жаңа мүшесінің алдына қойған міндеттерін орындауға үлгермеген кезде комиссияның жұмысында қиындықтар туғызады. Бұл ретте жаңа лауазымды тұлғаларды тағайындау, сондай-ақ бұрын жүр­гізіл­ген жұмысқа толыққанды тарту белгілі бір уақыт алады. Осы норма комиссия алқасының жаңа құрамының келуімен комиссияның лауазымдық деңгейін бір мезгілде жаңартуға мүмкіндік береді», деді С.Жұманғарин.

Сондай-ақ лауазымдарға орна­ласуға конкурс өткізу кезінде комис­сия­ның ұлттық ірік­теу нәтижелерін есепке алу көз­делген. Қазіргі таңда комиссия депар­таменттері біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиісті конкурстық негізде қызметкерлерден жасақталады. Бұл норма комиссияның тиісті біліктілік талаптарын, Одаққа мүше мемлекеттерде өткізілетін ұлттық біліктілік іріктеуінің нәтижелерін ескеруге бағыт­талған. Ұлттық іріктеу комиссиясында Қазақстан азаматтарын іріктеуді регламенттеуге мүмкіндік береді.

«Аттестаттау нәтижелерін еске­ріп, Алқаның жетекшілік ететін мүше­сінің ұсынысымен оларды ұзар­ту мүмкіндігімен комиссия қыз­мет­кер­лері­нің мерзімсіз еңбек шарттары 5 жылдық шарттарға ауыстырылады. Бүгінгі таңда Комиссия қызметкерлерінің еңбек шарттарында комиссиядағы еңбек қызметінің ке­лісімшартын аяқтаудың қандай да бір мерзімдері көзделмеген. Осы нор­маны іске асыру комиссияның кадр­лық құрамын жаңартуға, оның ішінде Қазақстанның өкілдігін күшей­туге, сондай-ақ Қазақстан өкілдерін Комиссияда ротациялауды жүргізуге мүмкіндік береді», деді С.Жұманғарин.

Бұдан бөлек, ұсынылып отырған өзгерістер Хаттама күшіне енгенге дейін жасалған еңбек шарттарында көрсетілген мерзімдер өткенге дейін комиссияның лауазымды тұлғаларының өздеріне жүктелген міндеттерді орындауын жалғастыруға бағытталған. Комиссия қызметкерлерін мерзімді келісімшарттарға ауыстыру жөніндегі іс-шаралар Хаттамада көзделген өзгерістер күшіне енген күннен бас­тап 6 ай ішінде жүзеге асырылады. Сон­дай-ақ комиссия қызметкерлерінің осы тү­зетулер күшіне енгенге дейін жасалған келісімшарттары конкурс өткізілместен қайта жасалады.

«Хаттама Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру тетігін нақтылауды көз­дейді. Қабылданған заң комиссия қыз­меткерлерінің еңбек шарттарының талаптарын жақсартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар Премьер-Министрге депу­тат­тық сауалдарын да жолдады. Асқар Шәкіров бастаған депутаттар тобы өрт сөндіру қызметтерінің жұмысына қатысты Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстарда болған өрт кезінде қайғылы жағдайға әкеп соққан проблемаларды атап өтті.

Осы орайда әскерилендірілген ава­рия­лық-құтқару қызметін мемле­кеттік меншікке қайтаруды ұсынды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауға өткен ға­сыр­дың 60-70-жылдары шығарыл­ған арнайы техникалармен қарсы тұр­ған. Сонымен қатар депутат­тар елдегі қауіпті өндірістік объекті­лер­дегі авария­лардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жалғыз мем­лекеттік қыз­мет 2018 жылы жекемен­шікке өткенін, оның баланстық құны­нан екі есе төмен сомаға жеке­шелен­дірілгенін еске салды.

«Осы мәселе бойынша біздің коми­теттің сенаторлары аталған кәсіп­орынды жекешелендірудің заңды­лығын оның теңгерімдік құнынан екі есе арзан сомаға тексеру өтінішімен, сон­дай-ақ мемлекеттік қатысуды енгізе отырып және «азаматтық қор­ғау туралы» бейінді заңды жетілдіре отырып, кәсіпорынның портфелін әрта­рап­тандыруды ұсынған бес депутат­тық сауал жолдады. Өкініш­ке қарай, осы кәсіпорынды жекеше­лен­дірген мемлекет мамандандырылған қызметтен айырылды», делінген де­путаттық сауал мәтінінде.

Рысқали Әбдікеров суармалы жер­лердің тиімділігін арттыру қажет­тігіне тоқталып, суармалы егіншілік саласының қызметкерлері үшін мем­лекеттік қолдау шараларын күшейтуді ұсынды. Сенатор айтқан ақпарат бойынша 1990-жылдары әлемде баламасы жоқ Қаныш Сәтбаев атындағы канал аумағындағы суармалы егістік алқабы 80 мың гектар болса, қазіргі уақытта тек 13 мың гектар қалған. Осылайша, қолда бар мүмкіндіктің тек 10 пайызы ғана пайдаланылады. Депутат мұның барлығы еліміздің басқа өңіріндегі суармалы егіншілікте су тапшылығы аясында болып жатқанына таңданыс білдірді.

Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адам­дарға электрондық қызметтердің қолже­тім­сіздігіне назар аударды. Оның айтуын­ша, төтенше жағдай ке­зін­де қазақ­стандықтардың бұл тобы ақпарат­қа қол жеткізе алмау­мен қоса әлеуметтік көмек пен қызметтерді, оның ішінде өнімдер мен дәрі-дәр­мек­терді жеткізуге онлайн тапсырыс бере алмады.

«Мүгедек адамдарды ақпаратпен, цифрлық ресурстармен және сервис­термен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы стандарттарды қайта қарау қажеттігі пісіп-жетілді. Күн тәртібінде тұрғанына көп уақыт болса да «Баспа ақпаратында жарияланған шығармаларды соқыр және көру қабілеті бұзылған немесе басқа да мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қа­был­дауды жеңілдету туралы» Мар­ракеш келісіміне қол қойылған жоқ. Мәдени, білім беру және ғылыми ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін осы шартқа қол қою, сондай-ақ аудиодескрипцияны енгізу – көру қабілеті бұзылған қазақстандық тұл­ғалардың көптен бергі сұранысы болып отыр», деп атап өтті сенатор.

Талғат Мұсабаев мемлекеттік авто­маттандырылған шұғыл шақыру жөніндегі ақпарат жүйесінде кезде­сетін апаттар кезіндегі проблемаларды көтерді. Сенатордың айтуынша, апат кезінде аталған жүйе автокөліктің координаттарын автоматты түрде анықтап, қажетті шараларды қабылдау үшін төтенше жағдай туралы жедел қызметтерге хабарлама жібереді.

Сұлтан Дүйсембинов автомобиль жолдарын жөндеу сапасының тө­мен­дігін және жол жөндеу жұмыстарын атқару кезінде жекелеген бас мердігер компаниялардың жауапсыздығын сынға алды. Оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары 2-3 жылға кешігіп қалды, тиісті деңгейде жүргізілмеді және техника негізінен бос тұр.

Сенатор мердігер компаниялардың өз міндеттемесін уақтылы және сапасыз жасауы, білікті мамандар мен қажетті техниканың жетіспеушілігі, конкурстардың өткізілуін қадағалау мен бақылаудың болмауы, сондай-ақ конкурста жеңіп шыққан мер­ді­герлердің міндеттемесі қосалқы мер­дігерге берілгені осыған себеп болды деп санайды. Бұл кейіннен жауапты адамдарды іздеуді қиындатады.

«Жол жөндеу жұмыстарының уа­қытында жүргізілмеуі, жолдардың пай­далануға берілген бөлігінде жол жиектерінің жасалмауы және де пай­даланудағы жолдардың төмен сапасы жол-көлік оқиғасы көрсеткіштерінің жыл сайын өсуіне тікелей себепкер болып отыр. Мысалы, Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметі бойынша республикалық маңызы бар тас жолдарда 2020 жылы 144 жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 48 адамның өмірі қиылып, 223 жолаушы зардап шеккен. 2021 жылғы жол-көлік оқиғасы – 186, қайтыс болғандар – 76, зардап шеккендер – 368. 2022 жылдың 7 айында 105 жол-көлік оқиғасында 45 адам қайтыс болды, 157 адам зардап шекті», деді сенатор С.Дүйсембинов.