Қазіргі ақпараттық кеңістікте Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты мәселелер ең көп қозғалатын тақырыптардың біріне айналды. Мұның себебін, сөзсіз еуразиялық интеграция идеясымен түсіндіруге болады. Әрине, аталған одақтың құрылуын қоғамның әрбір азаматы өзінің жеке көзқарасы тұрғысынан әртүрлі түсінеді. Ал мамандар интеграция үдерісі негізінде аймағымызда маңызды геостратегиялық, геосаяси, экономикалық және геомәдени бетбұрыстардың болып жатқанын алға тартуда.
Кеше Тәуелсіздік сарайында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы отырысында осы мәселе талқыланды.
Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Еліміздің саяси партиялары мен ірі қоғамдық ұйымдары мүшелік ететін коалиция аса өзекті мәселе бойынша әралуан мүдделерді тоғыстырып, мемлекеттік бастамалардың ашық талқылануын қамтамасыз ететін, сол арқылы елдің бірлігі мен тұрақтылығына қызмет ететін үнқатысу институты», дей келе, пікірлесу алаңына өзек болған Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты өз пікірін жеткізді. Бұл туралы ол былай деді: «Әрине, еуразиялық экономикалық интеграция мәселесінің әрбір қазақстандықты толғандыратыны белгілі. Бұл ретте біз осындай ортада күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде қоғамда туындап отырған барлық сауалдарға жауап беріп, оларды халыққа түсіндіріп, жеткізуді қамтамасыз етеміз деген үмітіміз бар».
Б.Байбек, сондай-ақ, өз сөзінде 1994 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық кеңістікте интеграциялық бірлестік құру жөнінде бірегей бастама көтергенін, сол уақыттан бері Қазақстан Президентінің стратегиялық идеясы кезең-кезеңмен іске асырылғанын атап өтті. «Мәселен, 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа қол қойылды. 2010 жылдан бері Кеден одағы жұмыс істей бастады, ал 2012 жылдан бастап Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері өзара ықпалдастықтың үшінші кезеңі – Біртұтас экономикалық кеңістікке өтті. 28 сәуірде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде Қазақстан Президенті Еуразиялық одақ «өзара тиімділік пен әрбір қатысушы елдің прагматикалық мүдделері ескеріліп, еріктілік, тең құқылық принциптеріне сүйенгенде ғана өз нәтижесін беретіндігін» айтқан болатын. Енді, міне, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа қол қою көзделіп отыр. Интеграцияның түпкі мәні – еліміздің серпінді дамуын және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңғыруын қамтамасыз ету мақсатында «мүмкіндік терезесін» айқара ашу», деді бұл орайда Б.Байбек.
Жиын барысында ол, сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге 160 млрд. доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылғанын, ІЖӨ екі есеге дейін ұлғайғанын, еліміздің алтын-валюта қоры 100 млрд. долларға жеткенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 3 мемлекет – Қазақстан, Беларусь және Ресей Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өз кәсіпкерлері үшін 2,2 трлн.-нан астам АҚШ доллары көлемінде жалпы мөлшері 170 миллионды құрайтын нарыққа жол ашса, олардың бірлескен импортының көлемі 360 млрд. долларды құрайтын болады. «Түптеп келгенде, тең терезелі экономикалық интеграция одағынан айрықша кедендік, транзиттік жеңілдіктерге, қаржы нарығына, қомақты тауар сұранысына ие болатын отандық бизнестің, өнімдердің әртүрлілігіне, олардың сапасының артуына, яғни бәсекелестік бағаға, осылардың нәтижесінде әл-ауқат өсіміне қол жеткізетін қарапайым тұтынушы – халықтың ұтары сөзсіз. Бұл Елбасының 2050 жылға дейін межелеген стратегиясының да басты мақсаты», деді ол бұл ретте.
Б.Байбектен кейінгі сөз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қазақстанның Интеграция мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа берілді. Ол өзінің сөзінде: «20 жыл бұрын Мемлекет басшысы Еуразиялық одақты қалыптастыру идеясын жұртшылыққа ұсынғаны белгілі. Бүгінгі күні бұл іс жүзінде жүзеге асып келе жатқан Елбасының стратегиялық көзқарасы болғанын анық сеніммен айта аламыз. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік құрған біз енді Еуразиялық экономикалық одақ құрудың қарсаңында тұрмыз. 29 мамырда үш мемлекеттің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюды көздеп отыр. Бұл маңызды шараға дайындық жұмыстары бұрыннан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді», деді.
Ол, сондай-ақ, 2011 жылдың қараша айында Қазақстан, Беларусь және Ресей басшылары 2015 жылғы 1 қаңтарда Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің халықаралық шарттарын қабылдап, соның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құру міндетін белгілегеніне тоқталды. «Сол уақыттан бері шарттың жобасын дайындау, жетілдіру және келісу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Ол қазіргі уақытта қол қоюға дайын», деді Б. Сағынтаев. Осылай дей келе, ол бүгінгі таңда қоғамда «үштіктің» интеграциялық үдерістерінің әсерінен елдің егемендігіне қандай да бір нұқсан келу тұрғысында көп пікір айтылатынын, алайда, мәселенің байыбына тереңдеп бармай жатып, қандай да бір байлам жасау дұрыс еместігін алға тартты.
«Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ – саяси бірлестік емес. Шарттың өзегінде тек экономикалық ықпалдастық мәселелері ғана көрініс тапқан. Сондықтан, біз алдағы уақытта да бұл одақтың саясилануына жол бермейміз. Екіншіден, бұл одақ аясында мемлекеттер «барлығына бірдей», «тең құқылық» секілді ұстанымдарды негізге алуы тиіс. Яғни, одақ комиссиясының мүшелері қандай да бір мәселені ортақ консенсус аясында шешуі қажет. Ал консенсуспен мемлекет басшылары бекіткен мәселелер түйінделіп отырады», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Жиын аясында сөйлеген сөзінде Б.Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін де Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатын одан әрі жүргізіп, түрлі халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастығын дамыта беретінін жеткізді. «Бүгінгі күннің өзінде біз интеграциялық үдерістердің оң нәтижелеріне көз жеткізіп отырмыз. Мәселен, 2013 жылы «үштік» елдерінің арасындағы тауар айналымы 24 млрд. доллардан асып жығылды. Ал жалпы, алғанда 2009 жылдан осы уақытқа дейін Кеден одағына мүше серіктестермен арадағы тауар айналымы 88,3 пайызға өскен. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Себебі, бізде кондитерлік өнімдердің экспорты – 3 есеге, трансформаторлар экспортының көлемі – 11 есеге, цемент экспорты – 16 есеге, Беларусь пен Ресейге шағын тоннажды жүк көліктерінің экспорт көлемі 17 есеге артып отыр. Бұл әлі де келтіруге болатын мысалдардың тек кейбірі ғана. Демек, бізге сауда бәсекелестігінде ұтылып келеміз деп айтудың қажеті жоқ», деді бұл ретте ол.
Отырыс аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев, Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шәукенова, экономист Ғалым Байназаров, Салық төлеушілер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Жаннат Ертілесова сынды сарапшылар да сөз алып, еуразиялық интеграция төңірегінде ой бөлісті.
Жиын соңында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының үндеуі қабылданды
(Үндеу бөлек жарияланып отыр).
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».