Білім • 30 Қыркүйек, 2022

Оқушы жүрегіне жол тапқан

536 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз уақытын аямай, шәкіртінің уақытын аялай білген ұстаздың орны – қашанда төр. Білім алушының зейінін ашу жолында бар күш-жігерін сарқа жұмсап жүрген ұстаздар өңіріміздің қай қиырында да жеткілікті. Алайда олардың дені түкпірдегі ауылдарда елеусіз ғұмыр кешіп жататыны бар.

Оқушы жүрегіне жол тапқан

Зейнет жасына жақындап қалса да, Шахноза Асилина екі өкпесін қолына алып, мек­тепте зыр жүгіріп жүреді. Оның жарқын шыққан дауысы дәлізде кетіп бара жатқан адамды селт еткізбей қоймайды. Бар ынта-шынтасымен беріліп, оқушыларының санасына білім нұрын құйып жатқан ұстаздың мамандығына деген адалдығына разы болмау мүмкін емес.

«Расында, «Басқаларды үйрете отырып, өзіміз де үйренеміз» деген сөзді Сенека текке айтпағаны даусыз. Әрбір оқушымен жеке жұмыс істеген ұстаздың ісі алға ба­са­ды. Өйткені әр бала – жеке бір әлем, бө­лек психология. Оқушының ішкі әлеміне үңіл­сең ғана болмысымен таныса түсесің. Нашар ұстаз болуы мүмкін, бірақ жаман оқушы болмайды. Оның оқуға деген зейінін, білімге деген құштарлығын ашу жолында ұстаздар жаңа әдістемелік тәсілдерді сәтімен пайдаланғаны жөн. Мұғалім жаңашылдыққа ұмтылмаса, оқу процесі кезінде білім алу­шы­лардың қызы­ғу­шы­лығын оята алмаса, бәрі бекер», дейді ол.

Бүгінде алпыстың асқарына шыққан ұстаз кезінде Ресейдің Тамбов мемлекеттік институтында орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. 1985 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған ол өзі түлеп ұшқан Ақыртөбе ауылына келіп, ауыл балаларына сабақ береді. 1987-1990 жылдары аудандық комсомол комитетінің ІІІ хатшысы, 2003-2013 жылдар аралығында Құлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Қазіргі таңда аталған мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырып жүр.

Білім саласында 35 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ұстаз­дың мақсаты да айқын. Ол жұмысына шығармашылық ізденіспен қарағанды мақұл көреді. Сол арқылы балалардың арасында да шығар­машылық орта қалыптастыруға күш са­­лып келеді. Көптеген интеллектуалдық жо­­­баға қатысып, үздіктердің қатарынан кө­рін­­ген ұлағатты ұстаз қарапайым қалпынан тан­ған емес. Алайда қарапайымдылық қара­ба­й­ырлық емес. Өйткені ізденген адам мұра­ты­на жететінін, жалқаудың кері кететінін жақ­­­сы біледі.

Мейірімді мұғалімнің «Білім сапасын арттыру: жаңа идеялар, жаңа тәсілдер» тақыры­бын­да өткен конференцияға әзірлеген еңбегі ғылыми жинаққа енсе, бірер жыл бұрын тағы бір жазбасы халықаралық «Мир учителя» порталында жарияланып, мамандар тарапынан қызу талқыға түсті. Мұға­лім­нің еңбегі еленіп, үз­дік ұстаз ретінде арнайы марапаттарға да ие болды.

Айта берсек, Шахноза Асилинаның қол жеткізген жетістіктері аз емес. Үздік ұстаздар арасындағы ірі байқауларда сан мәрте топ жарды. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін республикалық, халықаралық және салалық басылымдарда көптеген ғылыми еңбегі жария­ланып, кей жағдайда жазбалары үшін түрлі дәрежеде марапатталды.

Отыз жылдан астам еңбегінің еленгені шығар, бірер жыл бұрын бұрынғы Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы жеткен табысы үшін ұлағатты ұстазды Ыбырай Алтынсарин атындағы төс­бел­гімен марапаттады.

«Оқушыларымның бәрін мақтан тұтамын. Олардың бірі озды, бірі көштен қалып жатыр деуге болмайды. Өйткені адам баласы кез келген сәтте өзін басқа қырынан көрсетуі ықтимал. Жалпы, мұғалім біткен ұстазға ұста­ным, ба­ла­ға мейірім керек екенін қаперден шы­ғар­маса деймін. Үйінде ата-анасының, мектепте ұстаздарының мейірім-қайырымына қанығып өскен оқушыдан жаман азамат шығуы мүлде мүмкін емес», дейді Шахноза Асилина.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы